Премьера. «Темір қатын» не деді?
Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының кезекті маусымы өзбек драматургы Ш.Башбековтің «Темір қатын» комедиясымен ашылды. Қоюшы режиссері – театрдың көркемдік жетекшісі Баатырбек Шамбетов.
Қойылым тұрмыстағы жағдай арқылы қоғамда болып жатқан құбылыстарды көрсетеді. Бәрі тракторшының үйіндегі ұрыс-керістен басталады. Отағасы Қошқарбаймен ренжіскен жұбайы Кумри бала-шағасын ертіп, төркініне тартады. Сол аралықта үйіне жас ғалым келіп, ойлап тапқан робот әйелді көрсетеді. «Темір қатынның» қабілетіне тәнті болған механизатор оған үйленіп алады. Молда шақырып, некесін қидырады.
Роботтың қолынан келмейтіні шамалы, барлық істі тындырып береді. Үй тірлігі былай тұрсын, тіпті күшті қажет ететін сырттағы жұмысты да істей алады. Бірақ адамдар арасындағы қарым-қатынасты түсінбейді.
Оқиғаның шарықтау шегі – өзін тасжүрек сезінетін механизатордың еңкілдеп жылауы. Тұжырым жасау қабілетіне ие болған «темір қатын» оны арбап жылатады. Автор бүгінгі дәуірде құндылыққа айналған дүниелерді роботтың аузына салып берген. «Сен Тәшкенді екі көргенің мәзсің, жұрт шетел аралап жүр» немесе «арзан киімге ұмтыласың, басқалар бренд киіп жүр» деп Қошқар аканың «жанды жеріне» тиіседі. Бүкіл қойылымның мәні осы жерде ашыла түсетіндей. «Тұрмысқа тәуелді адамның жанында ешқашан тыныштық жоқ» дегендей ой тастайды.
Комедияның екінші актісінде робот істен шығып, жарамсыз болып қалады. Жас ғалым «ғылыми прогрестің жауы» деп механизаторды кінәлайды. Бұл жерде басты кейіпкер біздің көзге қоғамдағы деградация сияқты көрінді.
Жалпы, туындыдағы әр көріністі әрқалай «сөйлете» беруге болады. Біз аңғарған тағы бір ой ұшығы: драматург «нағыз темір қатын – бірнеше бала тауып, бәрін ұқсатып отырған тұрмыстағы қарапайым әйел» дегенді де айтқысы келген сыңайлы.
Оқиға соңында Қошқарбай әйелімен табысады. Заманауи технология, ғылыми жетістік керек, бірақ адами қарым-қатынасты да ұмытпаған жөн. Автор шығарманы осы шешіммен түйіндеген.
Премьераны тамашалаған көрермен қауым актерлерге ұзақ қошемет көрсетті. Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов сахнада алғыс білдіріп, ұжымды жаңа маусымның ашылуымен құттықтады.
«Қостанай театры жақында Көкшетауда өткен аймақтық фестивальден «Үздік қойылым» жүлдесін алып келді. Биылғы маусым осындай жаңалықпен басталды. Енді Қарағандыда өтетін республикалық театр фестиваліне қамданып отыр. Жаңа маусым жаңа табыстарға толы болсын!», – деді Ерлан Қалмақов.
«Темір қатынның» кезекті көрсетілімі 10-қазан күні сағат 17.00-де болады.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.