ЖАЗБА АЙТЫС: Абылай мен Таңжарық

Қадірменді оқырман! "Құтты мекен – Қостанай!" республикалық жазба айтысының алғашқы айналымын түйіндейтін ақындармен таныс болыңыздар! Олар – қостанайлық сөз зергері Абылай Мауданов пен нұр-сұлтандық саңлақ Таңжарық Ержан. Қос мықтының қайсысы басым? Қайсысы орамды ой, ұтқыр сөз, ұрымтал жауап айта алды? Лайықты бағаларын бірге берейік!
Абылай Мауданов 1983 жылы Қостанай облысы Жангелдин ауданы Көкалат ауылында 1983 жылы дүниеге келген. Ақын, журналист, сатирик, драматург талай сында топ жарған. Халықаралық "Шабыт" фестивалінің Гран-при иегері, "Бір өлең – бір әлем" республикалық мүшәйрасының лауреаты, "Ұлы дала" республикалық байқауының "Драматургия" аталымы бойынша жүлдегері… Абылай Фазылханұлының жетістіктерін тізе берсеңіз таусылмайды. Ол былтырғы жазба айтысқа қатысып, үздіктер қатарынан көрінген еді. Абылай қазіргі кезде І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында әдеби кеңесші болып қызмет етеді.абылай
Таңжарық Ержан 1994 жылы Алматы облысы Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. Бүгінде Астана қаласындағы Еуразия гуманитарлық институтының 4-курс студенті. Жастайынан көптеген додаларға өлеңін қосып, бірталай жүлде олжалаған ақын. 2013 жылы Талдықорған қаласында өткен республикалық студенттер айтысының III орын иегері. 2014 жылы қазан айында Астана өткен "Құлманбеттің құлыны" атты Оразалы Досбосыновқа арналғар республикалық жас ақындар айтысының Бас жүлде иегері.Танжарык
Сонымен, кезекті жарысқа беріп, қос жүйрікті мәре басынан күтеміз!
 
ТАҢЖАРЫҚ: 
Жөн болар "бісміллә" деп жырды арнаған,
"Сөз жетім, – дейді бабам, – тыңдалмаған".
Ассалаумағалейкум, Қазақ елі,
Құдайдан басқа ешкімге құл болмаған.
Мерейтой қарсаңында айтыс жасап,
Газетің дәстүріңді бір жалғаған.
Абылай ағамменен жұпталыппын,
Іні жоқ бұл ағадан үлгі алмаған.
Ағадан өзім бұрын сөз бастасам,
Бұл жағын дұрыс болар сынға алмаған.
"Таңжарық" атаныппын таңда туып,
Ұл едім несібемнен құр қалмаған.
"Қостанайдың таңында" жарқылдасын
Азаттықтың таңында туған балаң.
 
Айтысын ақындардың қауым көрсін,
Додада шағылмайтын тауым болсын.
Оразаға дәл келіп айтысымыз,
Бабымменен шабатын бағым болсын.
Рамазан айларыңыз құтты болып,
Мамыражай өтетін мамыр болсын!
Күнәміздің барлығы кешіріліп,
Дұғамыздың барлығы қабыл болсын!
 
Мен енді тақырыпқа бұрылармын,
Ақын ем жыры жарқын, тілі балғын.
Омардай батыр жүрек, ақын бабам,
Бірі еді жүрегінде түгі бардың.
Қиындықтың алдында қайыспаған,
Болса да зілдей ауыр жүгі нардың.
Бейімбеттей болмаса руxы мықты,
Тағдырдың төзе бермес сынына әркім.
Танысып бабам жазған туындымен,
Мектеп қабырғасынан білім алдым.
Жер астында жатсаң да, қайран бабам,
Халықтың жүрегінде тірі қалдың.
Артында өшпестей із қалдырмаса,
Қадірін тірісінде ұғынар кім?!
Өмірден өткен сәттен кейін ғана,
Өмірі басталады ұлылардың.
 
Біз едік жырменен таң атырғандар,
Ойлайтын елдің қамын ақылмандар.
Абылай аға, өзіңе сәлем бердім,
Қарсылас боп бұйырдың ақыннан бар.
Көзі соқыр адамдар емес қазір,
Мүгедек – көкірегі соқыр жандар.
Дұрыстап айтысайық ендеше, аға,
Көп бізден өлең аңдып отырғандар.
Баспасөз бетіндегі айтысты оқып,
Бетін басып жүрмесін оқырмандар.
 
АБЫЛАЙ:
 Шығыстан шыққан күндей шырайланып, 
Ақ адал пейіліміз Құдайға анық.
Құдайдан кейін халқым – құдіретім, 
Ел барда еңсе түсіп мұңаймадық. 
Армысыз, айтыс күткен оқырманым, 
Отырған ақындарын сынай бағып. 
Былтыр да бақ сынадым бәйгеңізде, 
Он өлшеп, әр сөзімді мың ойланып.  
Түледі төрт мезгілі табиғаттың, 
Жұмыр жер жайыменен бір айналып. 
Қауыштым қайыра кеп рамазанда, 
Жаратқан құйған екен бұл айға құт. 
Қанаты талмай жеткен қарлығаштай, 
Кеп тұрмын алдарыңа жыл айналып.
 
Армысың, айтулы ақын Таңжарығым, 
Арқыра арғымақтай, ал, жарығым!  
Аттасы Жолдыұлының болғаннан соң, 
Алашқа жылу берсін жан-жалының!
Алайын алдыменен есендесіп, 
Аман ба ауыл-аймақ, мал-жан, інім? 
Айында қасиетті оразаның, 
Абайлап, шығармайық жанжал, інім. 
Айқара ақ көңілмен құшақ ашқан, 
Ағаңа сілтемессің қанжар, інім! 
 
Аман ба, мекен етіп тұрған қалаң, 
Алашым алтын қазық қылған қалам? 
«Толды деп жиырмаға Елордамыз!», 
Біз едік былтыр ғана жырды арнаған. 
Өзгеріп кетті  атауы аяқ асты, 
Не қалды қазір өзі «нұрланбаған»?
Құбылды қысқа күнде қырық рет,
Сол жайлы түсіндірер кім бар маған? 
Табыну жеке басқа – жексұрындық, 
Дөкейлер қанша айтсақ та тілді алмаған. 
Абызым Асан қайғы аңыздағы,
«Сөз жетім, – деген рас, – тыңдалмаған». 
 
Аударған бар назарын биыл көптің,
Сайлау деп сабылған жұрт, жиын көп тым. 
Кандидат жеті бірдей «жер теуіп тұр»,
Дүрліккен десі қатты дүйім бектің. 
Төртеуден аспаушы еді бұрындары, 
Байқасаң сірә бөлек биылғы екпін. 
Солардан озып шауып, ордаға еніп, 
Сақасын саясаттың үйірмек кім?  
Ақынсың ақордаға жақын жүрген,
Ендеше айтарыңды түйінді еткін. 
Көсілгін, Омар Шипин секілденіп,
Тіліндей тіліп түсіп Бейімбеттің!
 
ТАҢЖАРЫҚ:
Айтармын сыйған сөзді өңешіме,
Мінейін тәуекелдің кемесіне.
Атауы өзгерді рас Астананың,
Жеткендей өркениет өресіне.
Нұрсұлтан деген аттан бас тартушы ед,
Көтерсін десе xалық төбесіне.
Данққұмар, мақтан сүйген көкелерім
Жетпей тұр Қонаевтың елесіне.
Үш жүздің басын қосқан xан Абылай,
Бұқардың құлақ түрген кеңесіне.
Аз боп тұр Сүйінбайлар бұл қоғамда,
Қасқайып шындық айтар төресіне.
Ол рас Ақордаға жақын жүрміз,
Саласың осы жайтты ел есіне.
Бірауыз ескертейін Тоқаевқа,
Сіздермен санассын деп келесіде.
 
Әу бастан ақын деген атымыз бар,
Айтылсын жоғарыға датымыз бар.
Қайраттай қайсар жүрек ұлдар қайда,
Деп айтқан "атам десең, атыңыздар".
Ол рас, жеті үміткер сақадай сай,
Құралған көпшіліктен сапымыз бар.
Болар деп әділ сайлау үміттенем,
Өйткені біздің де онда ақымыз бар.
Отбасыны таңдауға xақымыз жоқ,
Елбасыны таңдауға xақымыз бар.
 
Мен енді тақырыпқа маңайлармын,
Кетпейін жетегінде сан ойлардың.
Бейімбет бабам жайлы мен жырлайын,
Тұнығын лайламаған Абайлардың.
"Қазақ" пен "Ауыл", "Айқап", "Садақ" журнал,
Өмірлік баянына қарайлармын.
Ұлтына қызмет етіп өле-өлгенше,
Ақыны болмаған ол сарайлардың.
"Еңбекші қазақта" да еңбек еткен,
Таңымыз ату үшін арайлы әр күн.
Өздері көз жұмса да,
Бейімбеттер
Көздерін ашып кетті талай жанның.
 
Бұл қазақ – қаны текті таза xалық,
Досына қарамаған көзі аларып.
Абеке, енді сізге кезек берем,
Халықтың отыр бізге назары ауып.
Жағдайын Елорданың мен жырладым,
Сіз тұрған Қостанайда не жаңалық?!

АБЫЛАЙ:
Таңжарық, заңымыз бір замандасым, 
Жазбаса ақиқатты, қаламға сын. 
«Бір ауыз ескертейін» дегеніңе,
Желпініп қалды, міне, ағаң да шын. 
Жеткізсең жұрттың ойын биліктіге, 
Биіктер бұқараға бағаң, бәсің. 
Айтатын датым менің жетеді әлі
Болғасын жүректегі налам басым:  
Сайлауда халық қолдап жеңген адам,  
Мемлекет мүддесі үшін алаңдасын. 
Келешек кемелденіп кете алар ма,
Берешек берешекке жамалғасын?
Бар байлық, жылы-жұмсақ жат қолында, 
Қан алмай қоя ма олар қадалғасын. 
Қалбырмен босап қалған тең боламыз, 
Қазынам қойнау толы қаналғасын. 
Шекара шегендейтін қазық, қада, 
Көршінің есебінен қадалмасын. 
"Қарызын қасқыр төлер терісімен", 
Соны ойлап ертеңіме алаң басым. 
Бөсуге «бөріміз» деп әуес едік, 
Именіп ит-тірліктен таланғасын.
Қазақтың қасіреті – құрғақ мақтан,
Белгілі одан опа таба алмасың. 
Даурықпа, дақпырты көп жобалардан, 
Көрдік ғой бақ-жұлдызың жана алмасын. 
Осының бәрін тиып жаңа басшы, 
Жаңару керек солай жаңарғасын! 
Толғанып жүрек сөзін ал, ақтардым, 
Қолға алып ақиқаттың ақ алмасын! 
Көз ашық, көңіл ояу – көріп тұрып,
Айтпасақ, саған да сын, маған да сын!
 
Осымен сәл толастап нала-мұңым, 
Шертейін Қостанайдың жаңалығын. 
Өзің де өлеңіңе өзек қылдың, 
Омардай батыр ақын даралығын. 
Сардарға хатшы болған қайран бабам,
Азаттық ұраны боп қалады үнің! 
Исатай қасындағы Махамбеттей, 
Атыңды аңыз қылар дала бүгін.
Белшеден бейнет кешіп Бейімбеттей, 
Проза іргетасын қалады кім? 
Мысқылдап, Мырқымбай боп келеке еткен,
Кертартпа кемістігін заманының. 
«Шұғаның белгісіндей» шедеврге 
Өресі жете бермес шамалының. 
Ұйғардық Би-ағаңа бір ауданды, 
Қалың ел бір ауыздан қалап, інім. 
Құжаты Нұр-Сұлтанға кетіп еді,
Әлі күн жауап келмей налалымын.
Сайлаудан қолы тимей жатыр ма әлде, 
Жетпеді сүйіншілер хабар, інім. 
Тапжылмай Таран қалса ауданды алып, 
Қалмай ма Тобыл жұрты табаға, інім. 
Бір күнде Астана атын өзгертіп ең,
"асыққан шайтан ісі" – шалалығың.
Қоярсың қозғау салып Елордаға,
Айтылған арзу деп ұқ саған, інім! 
Қиянат Би-ағаңа қылмау керек, 
Ешкімнің аттамаған ала жібін.  
 
Таңжарық, тайдан тұлпар шыққан інім, 
Атыңа, затыңа сай нық дарының! 
Атанның жүгін арттым бота демей, 
Ақын деп қосқаннан соң жұптап, інім.
Бас көріп жас та болсаң сырымды айттым, 
Сенімнің туын енді жықпа, күнім!  
Өтірік балын жалап бұғып қалмай, 
Бәукеңше шындық уын ұртта бүгін. 
Шайырдың татар дәмі тәтті болмас, 
Жолына түскеннен соң жұрт қамының!

ТАҢЖАРЫҚ:
 "Өткір тіл бір ұялшақ қыз емес пе?"
Түспейсіз ініңізбен сіз егеске.
Би-ағаға ауданның атын берсең,
Асылдан қалып кеткен із емес пе?
Қалса егер ескерусіз ел сұрауы,
Жүрегім қайран менің мұз емес пе?
Аздан соң оның бәрі шешіледі,
Жаздан соң, ағатайым, күз емес пе?
Кемшілік іздей берсе бәрінде бар,
Әркім өз қателігін түземес пе?!
Көшелі сөз қалдырған Бейімбеттің
Көшеге атын берген біз емес пе?!
 
Қалыпты әжептәуір толып ішің,
Қоғамның көріп кемтар көрінісін.
Қостанай – берекелі, құтты мекен,
Жарасқан ынтымағың, мол ырысың.
Не пайда қажет іске жарамаса,
Бойыңда болғанымен толы күшің?
Мәселе өздігімен шешілмейді,
Көрмесең қимылдатып қолың ұшын.
Бейімбет бабамыздың артық емес
Еңбегі ерен десем елім үшін.
Денисов, Федоровтай аудандар бар
Берілген орыстарға көп ұлысың.
Омарлар күресумен өткен жоқ па
Осы жер қазақтікі болу үшін.
Орыстарға қиғанда аудандарды,
Арыстарға қимай ма облысың?
 
Жырсүйер xалық қана тірегіміз,
Ешқашан құм болмасын жігеріміз.
Айтысты аяқтайық осыменен,
Жеңерміз Алла қалап біреуіміз.
Ағатай, өзіңізге көп раxмет,
Ініге бұзылмады реңіңіз.
Сіздердей азаматтар тұрған кезде,
Өлмейді қазақ дейтін ұлы еліміз.
Күніне мың бір бәле көрсек-тағы, 
Құдайдан үзілмесін күдеріміз.
Ренжітпей ешкімді де оразада,
Дұға мен қабыл болсын тілегіміз.
Қалады қуанышқа орын қалмай
Ренішке толса егер жүрегіңіз.
 
АБЫЛАЙ:
Халықпыз хәкім Абай данасы бар, 
Данасын ұққан ердің бағы ашылар. 
Көңілді кірбіңінен бір тазартып,  
Өрілді өлең-сөздің сарасы бар. 
Көздедік ә дегенше мәре түбін,
Кез келіп қазылардан баға сұрар. 
«Ауданды арыстарға қимай ма?» – деп,
Сұрадың, сауалыңа жан ашынар. 
Науқастай аман қалған алапестен
Картасы Қостанайдың алашұбар. 
Ол-дағы отарлаудан қалған «белгі»,
Жанымда «тыңның» салған жарасы бар. 
«Жазылар» деп жұбанам мен де өзіңдей, 
Түннен соң рауандап таң ашылар. 
Қостанай – қазағымның қазынасы,  
Халқымды қызыл қырман, наны асырар. 
Алтыннан артық көрем топырағын, 
Сөзіме, айтшы, кімнің таласы бар –   
Көктемде шаншып кетсең бала шыбық,
Күзді күн боп тұратын дара шынар!
 
Тұмарым – Тобыл-Торғай, асыл далам, 
Иемін туған елге басымды әман. 
Ғазалдап жеткізуге ғұмыр жетпес, 
Том-томдық тарихыңды ғасырлаған. 
Мекені Омар шайыр, Бейімбеттің,
Жетеді аралдарың ашылмаған. 
Әттең-ай, ескерусіз жатыр әлі,  
Хас дүлділ Тоғызақов Қасым бабам.
Қалың ел хан сайлаған Әбдіғапар 
Тіріде жан адамға бас ұрмаған. 
Жауына қазақ үшін қарсы тұрып,  
Бәйгеге тіккен еді басын бабам. 
Келер жыл  туғанына 150 жыл,
Тағзым жасау парыз асылға әман.
 
Баһадүр бабаларым мақтаным ғой, 
Өмірлік өнегесін жаттадым ғой. 
«Қыжылға ішің толды» дей көрмегін, 
Бұл, сірә, сырласқаным ақтарып ой. 
Сөз ұғар, сұхбат қылар жан табылып,  
Көмбемнің кілтін ашып жатқаным ғой.
 
Жүйріктің топта қозар делебесі, 
Өседі есті сөзден ел өресі. 
Өзіңдей өнегелі іні кез кеп, 
Кеңіді көңілімнің керегесі.
Лайым жақсыларға жолықтырғай, 
Жазмыштың жазбай түсіп жеребесі.  
Мен де енді ілтипатпен «сау бол!» деймін, 
Ал, інім, артық кетсем шенемеші. 
"Болса егер екі жақсы мәжілістес, 
Қимайды қоштасарда" деген осы!

You may also like...

4 Responses

  1. Қару Нұрзат айтты:

    Таңжарық ақын, жарайсың! Ағаңды бір тұқыртып алдың

  2. Данияр айтты:

    Меніңше Таңжарық басымдау болды

  3. Анет Баба айтты:

    айкын басымдылыкпен Танжарык женип тур екен .. алга ???

  4. Нұрқанат Омарұлы айтты:

    "Бөріктінің намысы бір" дегенге салудың қажеті жоқ. Демеу-пікір – даурыққанға жақсы, Тура пікір – дауды ұққанға жақсы. Бұл айтыс – бала ақын мен аға ақынның жәй ғана шама байқасуы. Сөз саптау, айтыс тақырыбын ашу, қарсыласына тұздық тақырып тастауда кім озып тұрғанын көзі қарақты оқырман өздері-ақ ұғады. Соқырға таяқ ұстатқандай болмайық. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓