Жағдайға бәрі де жауапты
Облыста өнеркәсіп өндірісінің көлемі едәуір кеміген. Қаңтар айындағы экономикалық қорытындылар көптеген кәсіпорындарда өткен жылғы көрсеткіштердің азайып кеткенін көрсетеді.
Дегенмен, жыл соңына қарай өнім көлемі өсуі мүмкін. Егер сандарды сөйлетер болсақ, 2015 жылы өнеркісіптің жан басына шаққандағы индекс көлемі 81,9%-ке төмендесе, үстіміздегі жылдың алғашқы айында бұл көрсеткіш 80%-тен әрі асқан жоқ. Тау-кен секторындағы жан басына шыққандағы индекс көлемі 70%-ке азайыпты, ал 2016 жылдың қаңтарындағы нәтиже 63%-ке жетпейді.
-Мәселен, ССКӨБ-тегі өндірістік жоспар өткен жылғымен салыстырғанда едәуір кеміген. Жентектер өндірісі 63%-ке, темір кенінің концентраттары 14%-ке төмендеді,-дейді облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюк. «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына жөнелтілуге тиіс темір кенінің шикізаты да барынша кеміді. Лисаковтағы «Өркен» ЖШС-індегі мәселе де шиеленісе түсті. Қаңтар айынан кәсіпорын қозғалыссыз отыр. Қоймалар 100%-ке толық.
Жылдың алғашқы айында жөнелтілуге тиіс 75 мын.тонна тауардың орнына тек 50 мың.тонна ғана жүк тиелген. Осындай себептерге байланысты кәсіпорын шілде, қазан,қараша айларында өнім өндірмейді. «Варваринское» АҚ-ында қаңтарда мыс кені өткен жылғымен салыстырғанда 50%-ке кем алынған. Ал Доре құймасы 31%-ке аз.
«ЕвразКаспианСталь» ЖШС-і қаңтар айына ештеңе жоспарлап отырған жоқ.Тек, Краснооктябрь боксин кенішінде өткен жылғы көрсеткіш деңгейі сақталған. «Қостанай минералдары» АҚ-ында өндіріс көлемі 5%-ке ұлғайтылды.
Өнеркәсіп саласының өнім өңдеуші секторындағы жағдай да алаңдатады. Мәселен, «Қарасу ет» шұжық өндірісін 40% -ке, «Фирма «Арасан» ЖШС-і -сыраны 35% -ке, «ДЕП» ЖШС-і сүт өндірісін 30%-ке, «БК строй» ЖШС-і темір-бетон өнімдерін 28%-ке, «Дон Мар» ЖШС-і дестелегіш шығаруды 41%-ке азайтқаны анықталды. Алайда, дағдарысқа қарамастан оң нәтижелерге де қол жетті. Облыста автокөлік шығару 2 есеге артыпты. «Қарасу ет» ЖШС ет өндірісі 40%-ке өскен. «Баян сұлу» өз өнімдерін 9%-ке, ал рудныйлық «Казогнеупор» кәсіпорыны 11%-ке жеткізді.
Сергей Карплюктің сөзіне қарағанда, облыстағы ірі кәсіпорындардың жетекшілерімен болған кездесуде түрлі мәселелермен қатар 2016 жылға белгілі бір деңгейде болжамдар жасалыпты. Үстіміздегі жылы «ССКӨБ» АҚ, «ЕвразКаспианСталь» ЖШС, «БК строй» ЖШС былтырғы межеден ауытқымауды жоспарлап отырған көрінеді. «Өркен» «Баян сұлу» серіктестіктері де өнім көлемін он-он бес процентке ұлғайтуды көздейді.
Жергілікті атқарушы билік кәсіпкерлер Палатасымен бірлесіп кәсіпорындарды қолдауға бағытталған шараларға ұйытқы болмақ. Бұл тұрғыда нақты, жеке-жеке ұсыныстар қажет. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қордаланған мәселелер бойынша кәсіпорын жетекшілерін қабылдауға әзір екендігін мәлімдеді.»Жағдайға бәріміз де жауартымыз,-деді өңір басшысы,-сондықтан демалыссыз, түн ауғанша жұмыс істеуге дайынмын».
Айбек КӘДІРҰЛЫ