Бақылау тобы жұмысын бастады
Алдағы Парламент және жергілікті мәслихат депуттарын сайлау науқаны қарсаңында елімізде саяси доданы қадағалау жөнінде республикалық қоғамдық комиссия қызметіне кірісті. Бұл қоғамдық ұйымның саяси додаларды он жылдан бері қадағалап келе жатқанын атап өту керек. Оған белгілі саясаттанушылар, қоғам белсенділері, заңгерлер, журналистер мүше болып жатыр.
Ал комиссияның облысымыздағы филиалына жетекші болып тағайындалған Әлімжан Бекмағамбетов аймақтық баспасөз орталығында тілшілермен кездесіп, ұйымның атқаратын жұмысы жайында айтып берді:
– Біздің комиссия сайлау науқанының өтуі мен дауыс берушілердің әрекетін сырттай бақылау құқығына ие. Саяси партиялар мен үміткерлердің құқығының бұзылмауы, үгіт жұмыстарының заң аясында жүргізілуі, сайлау күні дауыс беру тәртібінің сақталуы, сайлаушылардың дауыс беру еркіндігін қамтамасыз ету негізгі міндетіміз болып саналады. Байқаушылар өңірдің барлық аудан-қала, ауылдарындағы сайлау учаскелерінде өтетін процестерге қадағалау жүргізеді. Ал бақылаушылардың барлығы саяси науқанға дайындықтарын пысықтау үшін білімдерін жетілдіретін болады.
Әлімжан Бекмағамбетов алдағы күндері Елордаға барып, республикалық комиссия басшылығынан нақты міндеттер мен тапсырмалар алып келетінін жеткізді.
Сайлауды қадағалау жөнінде республикалық қоғамдық комиссияның облысымыздағы штабы Қостанай қаласы Бородин көшесі, 168 «А» мекенжайында орналасқан. 576-501 (ішкі байланыс 103) сенім телефоны жұмыс істейді.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ