Ерекше балақайларға – ерекше көңіл-күй

Сарыкөл аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратында Балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында аудандағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған іс-шара өтті.
Балалар жылы аясында балаларды қорғау күніне орай аудан әкімінің тікелей қолдауымен қолға алынған мерекелік шараға келушілер бұл күнді ерекше көңіл-күймен, шат-шадыман қуанышпен қарсы алды. Осындай тамаша мерекеге жиналған  балалар мен ата-аналарды аудан әкімінің атынан аудан әкімінің орынбасары Дастан Әбжамалов құттықтады. 
-2022 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Балалар жылы деп жариялады. Осыған орай биыл балаларды қорғауға, сапалы біліммен қамтуға, мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайтуға, инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бүгін біздер аудан әкімінің арнайы қолдауымен ерекше балаларды қуантып, мерекемен құттықтау үшін жиналып отырмыз. Аудан әкімі Амантай Кәкімбекұлы Балғариннің атынан баршаңызды келіп жеткен мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деп құттықтауын жеткізді Дастан Тыныштықұлы. 
Шара аясында жастар ресурстік орталығының мамандары балғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін ерекше мерекелік  бағдарлама ұйымдастырды. Оны тамашалауға келген балалалардың қуанышында шек болмады. Бағдарлама барысында аниматорлармен ойындар жиналғандардың жанына айрықша әсер етті. Өйткені, балалардың басым көпшілігі осы кейіпкерлермен бірге қуанып, бірге ойнап, жүздеріне күлкі үйірілді. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар балаларды жалықтырмас үшін қағаз шоуы сияқты арнайы сергіту ойындарын ойнатты. Жалпы, балалар мен олардың аналарына арналған дастархан жайылып, шара соңында құттықтаулар жазылған естелік сыйлықтар мен тәттілер табыс етілді. Ал, бұл күні белгілі себептермен келе алмай қалған жандарға  1 маусым күні  аниматорлар арнайы үйлеріне барып, құттықтап, сыйлықтарын табыс етті. Осындай игі іске ұйытқы болған аудан әкімшілігіне аналар ризашылықтарын білдірді.
Руслан ӘЛКЕЕВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓