Төл туынды тұсауын кесті (ВИДЕО)
Облыстық Достық үйінде "Кәусарым" қысқаметражды фильмінің ресми тұсаукесері өтті. Ресми дейтініміз, бұл фильм осыдан біраз уақыт бұрын ғаламтор желісінде тараған еді. Қостанай облысының 80 жылдығы қарсаңында өткізілген «Кәусарымның» таныстырылымына жергілікті билік өкілдері мен облысқа танымал тұлғалар қатысты. Сондай-ақ, кинотуындының режиссері Жәнібек Кәкімжан, бас продюсер Манап Кәрбозов, сценарий авторы Салтанат Шаймағанбетова, басты рөлдерді сомдаған Сәруар Кәкімжан, Әйгерім Назархановалар да осы кеште болды.
Облыстық мәслихат хатшысы Сайлаубек Ещанов жас режиссер Жәнібектің бастамасына сәттілік тіледі. Белгілі ақын Ақылбек Шаяхмет те шағын фильмге байланысты пікірін білдірді.
– Құрғақ мақтау адамды құртады. Мысалы, Ахмет Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласында Ұлы Абайды сынайды. Біріншіден, фильмнің атын «Кәусар» деп қойса да болар еді. Өйткені, «Кәусар» тек қыздың ғана аты емес, елге деген сағыныш, ауылдың табиғатына деген сүйіспеншілікті көрсетеді. Балалардың рөл ойнағанына өте риза болдым. Фильмде жүректі шымырлататын сәттер жоқ емес. Тағы айта кетерлігі, «Санта-Клаус» киімімен балалардың далада билеп жүрген эпизоды бар. Мұны бізге батыстан жұққан дер едім. Осындай ұсақ-түйек кемшіліктері бар. Жәнібектің болашағынан көп үміт күтемін, – деді Ақылбек Қожаұлы.
Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Қалмақов басқарманың алғыс хатын табыс етті.
– «Кәусар» ,аты айтып тұрғандай, тұнықтықты, тазалықты білдіреді. Кішкентай балалардың боямасыз қылықтарын көріп қуанып отырдық. Бірден жастық шақты, ауылымызды еске түсірді. Ең бастысы, Тобыл-Торғай өңірінен жас режиссердің шығып келе жатқанына ризамыз, – деді Ерлан Қалмақов.
Сахнаға шыққан облыстық халық шығармашылық орталығының көркемдік жетекшісі Салтанат Өтелбай аты аталған фильмнің жастар тәрбиесіне жақсы әсерін тигізетінін айтты. Туған жерді сүюге тəрбиелейтін, бүгінгі ауылдың тірлігін айшықтай фильмнің тұсаукесеріне танымал әртіс Қонысбек Бегайдаров ойын былай түйіндеді:
– Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Әнуар Боранбаевтың туған елінде неге мықты кино майталмандары тумайды дейтінмін. Бүгінгі Жәнібектің «Кәусарым» фильмін көріп, ішім жылып отыр. «Если хочешь сделать театр, во-первых, делай его в подвале» деген сөз бар. Алматы, Астана емес, Мәскеу емес, өзінің кіндік қаны тамған жерде алғашқы қадамын жасаған Жәнібек Кәкімжанға алғысым зор.
– Әр нәрсенің бастауы болады. Балаларға арналған кинотуынды бізде жоқтың қасы. Қазіргі əлеуметтік проблема – "ғаламторға тұтқындық" пен одан құтылу жолын барынша көрсеткім келді. Тұтас киноны мол қаражатпен түсіреді. Ал мен бір-ақ камерамен түсірдім. Айтқан сынды қабылдап, орнын толтыруға тырысамын, – деді режиссер Жәнібек Кәкімжан.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ