Қолда бар қаражат пайда әкелетін жобаларға жұмсалмақ
Кеше Қостанай облысындағы 20 аудан мен қала әкімдерінің халық алдындағы есептік кездесулері аяқталды. Сәрсенбіде соңғылардың бірі болып Рудный қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жайлы әкім Бақытжан Ғаязов баяндады.
Рудныйлықтарды алаңдатып жүрген мәселелердің көбі осы жылы шешімін табады. Оны аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов пен тұрғындар алдында есеп берген қала әкімі Бақытжан Ғаязовтың сөзіне сілтеме жасап айтып отырмыз.
Мәселен, 600 тұрғыны бар Перцев елді мекенінде мамыр айында 150 орындық су жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Оның құрылысын аяқтау үшін қажетті 134 млн теңге бөлінді. Еске сала кетейік, осыдан екі жыл бұрын апатты жағдайына байланысты жабылған мектептің оқушылары осы уақытқа дейін арнайы автобуспен қалаға қатынап оқуға мәжбүр болған еді. Енді жаңа оқу жылын олар жаңа мектепте қарсы алмақ.
Ал аймаққа зор экологиялық қауіп төндіріп, бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған Соколов су жинағыш тоғаны қала әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі» ММ балансынан жеке меншікке өткізілетін болды. Себебі әбден тозығы жеткен құбырлар мен су сорғыштарды ауыстырып, оны үнемі бақылауында ұстауға әкімдік қауқарсыз.
Сондай-ақ ел мақтанышы, олимпиада жүлдегері Иван Дычконың жаттығатын бокс мектебі күрделі жөндеуден өтіп, ауруханалар мен емханалар орын тепкен А.Жантеміров көшесіне автобус жүретін болды. Бұл – жақын арада іске асатын жобалар легі. Жоспарланған шаруалар одан да көп.
Іргелі істерімен танылған Бақытжан Темірұлының баяндамасын жиналған жұрт, әсіресе, журналистер қауымы бір сөзін қалт жібермей тыңдады. Қала басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстарға аз-кем тоқталып, негізгі экономикалық көрсеткіштерді алға тартты.
Әкім сөзіне сүйенсек, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 164 млрд теңгені құраған. Бұл 2014 жылғымен салыстырғанда 28,1 пайызға кем. Басты себеп – металлургия өнімдері бағасының құлдырауы. Дегенмен ауыл шаруашылығы әкелген табыс 15,6 пайызға артып, 4 млрд теңгеге жетіп отыр. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі де өсіп, 62 млрд теңгені құрады. Орташа жалақы көлемі 116 483 теңге болды.
Индустриялық-инновациялық бағдарлама шеңберінде жалпы құны 19 млрд теңге тұратын 9 ірі жоба жүзеге асырылып, 886 жаңа жұмыс орны ашылды.
Облыс пен республиканы санамағанда қаланың өз инвестициялық бағдарламасы қолға алынған. Жалпы құны 147 млрд теңгені құрайтын 45 жобаның бүгінде 22-і іске қосылып, 249 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
«Жұмыспен қамту орталығы» былтыр 1168 адамның жұмысқа орналасуына қолдау көрсеткен. Соның арқасында қаладағы тіркелген жұмыссыздық көлемі – 0,2 пайыз, яғни 175 адам.
Әкім баяндамасында «Өңірлерді дамыту», «Бизнестік жол картасы 2020», «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстарға да кеңінен тоқталды. Білім, мәдениет пен спорт саласындағы игі өзгерістерді атады.
Қала басшысының сөзінен кейін сұрақтарға кезек берілді. Бақытжан Темірұлы тұрғындар мен тілшілердің әрбір сұрағына объективті, әрі еш бүкпесіз жауап берді. Сұрақ оның алатын жалақысына қатысты болғанда да, әкім шамамен 345 мың теңге алатындығын жасырып қалмады. Ал қала құраушы кәсіпорынның тағдырына алаңдаған тұрғындарға Бақытжан Ғаязов жұмыскерлер қысқармайды деп кесіп айтты. «ССКӨБ» АҚ-ның жаңа басшысы Береке Мұхаметқалиев жағдайды жан-жақты талдап, өндірісті ұстап тұрудың оңтайлы шараларын қолданғандығын атап өтті.
Жиын барысында сөз тізгінін алған облыс әкімі Архимед Бегежанұлы атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, маңызды міндеттерге тоқталды.
– Рудный қаласының экономикалық дамуы басқа моноқалалар секілді бір ғана кәсіпорынға тәуелді. Бұдан арылу үшін шағын және орта бизнесті дамытып, жаңа өндіріс орындарының ашылуына жағдай жасау қажет. Бір ғана мысал, қаладағы Цемент зауыты 2008 жылдан бері салынып келеді. Бюджетке мол қаражат әкеліп, 250 адамды жұмыспен қамтитын бұл зауытты биылдан қалмай іске қосу керек. Себебі өнімге деген сұраныс зор, – деді аймақ басшысы.
Архимед Мұхамбетов қаладағы мұз спорт сарайын күрделі жөндеуден өткізуге жоспарлап отырған 1,6 млрд теңге жаңасын салуға болатындығын айтып, қаражатты екі есеге дейін қысқартуды тапсырды. Сондай-ақ иесі көшіп кеткен «Казшинсервис» кәсіпорнының жұмысын қайта жалғастыру қажет екендігін қадап айтты.
– Биыл облыстағы 20 аудан мен қала әкімдіктері мемлекет-жекеменшік әріптестігі шеңберінде кем дегенде 20 әлеуметтік жобаның жүзеге асыру қажет. Қаладағы балабақша, спорт алаңдарын салу сияқты маңызды мәселелерді осылай біртіндеп шешуге болады. Қазір қолда бар қаражатты мейлінше үнемдеп, тек пайда әкелетін жобаларға бағыттайық, – деді ол.
Есептік кездесуден кейін облыс әкімі мінген кортеж Цемент зауыты мен мұзды спорт сарайына бағыт алып, онда мәртебелі мейман алда атқарылар жұмыстармен танысты.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ