Сарыкөлдіктерде сауал болған жоқ
Қостанай облысы әкімінің әлеуметтік саласы бойынша орынбасары Марат Жүндібаев Сарыкөл ауданы әкімі Эльдар Күзенбаевтың халық алдында атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңінің міндеттері туралы есеп беру жиынын қорытындылау үшін өңірге сапарлады.
Алдымен, билік өкілдері республикалық жол бойында орналасқан «Трио» сервистік орталығына бас сұқты. Белгілі кәсіпкер Ваник Мелоянның туған жерді түлету мақсатында ашқан ТҚБ, автожуғыш, дәмхана және қонақ үйін көріп, мәртебелі мейманның көңілі марқайды. Бүгінде ісі ілгері басқан орталық барлығы 13 адамды жұмыспен қамтып отыр. Одан әрімен олар Урицк орта мектебінде болып, 700-ден астам оқушыны білім нәрімен сусындатқан білім ордасындағы жаңашылдықты жылы қабылдады. Оқушылардың оқу үлгерімі мен мектептің жылу жүйесі жайында сұрап, түлектердің ҰБТ-ға дайындықтарын да назардан тыс қалдырған жоқ.
Осыдан кейін мәдениет үйіне келіп, жұртшылық жыл бойы күткен қорытынды жиынға қатысты. Аудан әкімі Эльдар Күзенбаев «2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және алдағы жылға арналған міндеттер мен бағыттары туралы» баяндап, ел алдында есеп берді. Эльдар Қонысбайұлының айтуынша, ауданда аграрлық салаға айрықша көңіл бөлінген. Оны дамытуға 2015 жылы мемлекеттен 702 млн. теңге субсидия бөлініп, соның 574 млн. теңгесі егін шаруашылығына, ал, 129 млн. теңгесі мал шаруашылығына жұмсалды. Нәтижесінде, ІҚМ басы 3%-ға немесе 15422 басқа жетті. Өндірістік саладағы үлесі 28%-ға немесе 4100 басқа өсті. Осы орайда сәтті жүзеге асырылып жатқан "Сыбаға" мемлекеттік бағдарламасының септігі сүбелі. Өйткені, өткен жылы 329 бас ІҚМ сатып алынды. Сондай-ақ, «Алтын асық», «Құлан» мемлекеттік бағдарламалары да өз жемісін беруде.
2015 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 3 млрд. 291 млн. теңгені немесе нақты көлем индексі 105 пайызды құрады. Аталған салаға 4 млрд. 785 млн.теңгенің инвестициясы тартылды. Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында индустрияландыру картасына 1 млрд.324 млн. теңгенің 4 жобасы тартылды. Одан тыс тағы 10 жоба іске қосылды. Нәтижесінде, 75 жұмыс орны ашылды.
Сондай-ақ, Эльдар Қонысбайұлы аудан экономикасына тікелей қатысы бар әлеуметтік, құрылыс, кәсіпкерлік, денсаулық, білім және спорт салаларының саралы істерін салмақтады. «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламалары және кәсіпкерліктің белсенділігін арттыру бойынша көптеген шаралар жүзеге асырылды. Жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъекті саны – 1323 бірлікті құрады. Соның кәсіпорындарда жұмыс істейтіндер саны – 1034 адам.
-Ауыл халқымен есептік кездесу 18 қаңтарда басталды. 34 ауылда болдық. Оған барлығы 2253 адам қатысып, 50 сауал-ұсыныс тыңдалды. Оның 35-і табан астында өз шешімін тапты.
Болашақта аудан экономикасын, халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту барысында көптеген міндеттер тұр. Бұл тұрғыда ең әуелі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы аса маңызды рөл атқарары сөзсіз, – деп атап көрсетті аудан әкімі.
Аудан басы өз баяндамасын қорытындылаған соң, мінберден облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев сөз алып, жалпы ауданның қарқынды қадаммен дамып жатқандығын және міндетті жұмыстар тек 2016 жылға емес, 2017 жылға да жоспарланғандығын айырықша атап өтті. Мұндағы мал шаруашылығы саласына арналған мемлекеттік бағдарламалардың мардымдылығына мән берді. Оған қоса "Ақ Бұлақ" жобасының да ойдағыдай орындалып, аудан орталығының 85 пайызы ауыз сумен қамтылғанына тоқталып, тұқымдық қордың жүз пайыз қамдалғанын және Тобыл ААК несиелері толық игерілгенін игі істін біріне жатқызды. Әсіресе, дене тәрбиесі және спорт саласындағы жағымды өзгерістерге ерекше көңіл бөлді. Бірақ, кейбір келте істердің де бар екенін ескертіп, алдағы уақытта жұмыла жұмыс жасап, бір жақты етуді тапсырды. Жалпы, аудан экономикасыныің дамуына сарыкөлдіктер алдағы уақытта да жаңаша серпінмен үлес қоса береді деп сенім білдірді.
Айта кеткен жөн, қорытынды жиынға ауданның мемлекеттік мекеме басшылары, облыс және аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, шағын және орта бизнес өкілдері, еңбек ардагерлері, білім саласының қызметкерлері де қатысты. Сондай-ақ, кездесуге сарыкөлдік тұрғындар да келді, бірақ олардан бірде-бір сауал болған жоқ.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.