Арманның армандары

Ол әкеден ерте айырылды. Анасы, ағасы, қарындасы – оның бар байлығы. Отбасымен Қарамеңді селосында тұрады. Нарық заманының бар қиыншылығын бала да болса көріп, сезіп өсті. Сондықтан да болар шамадан тыс еркелеген емес. Анасына қолынан келгенше қолғабыс етіп, үнемі  тұрмыстың ауыр жүгін жеңілдетуге тырысып келеді.Шиганбаев Арман
Адам баласының басындағы ең басты байлық – денсауылық десек те, оны естен шығарып алатын кезіміз көп. Біз денсаулықтың қадірін жақсы білетін он бес жасар Арман Шығанбаев жайында айтып отырмыз. Ол балалар арасында кездесетін  церобриалді сал ауруына шалдыққан. Тізесі толық жазылмайды, сондықтан тек аяқтарының ұшымен басып жүруге мәжбүр. Жүріп-тұруы қиын болғанымен оның қолдары қарулы, спортпен шұғылданғанды ұнатады. Қанша жүре алмаса да ойын баласының бар ойы далада. Аяғын баса алмаса да футбол ойнаймын деп талай құлап, жарақат алған кездері де көп. Үнемі күлімдеп жүретін ақжарқын баланың ұяңдау мінезінің ар жағында қайсарлық, өмірге деген құштарлық, құлшыныс барын жерлестері жақсы біледі.
Ер жетіп келе жатқан Арманның армандары зор. Ол тоғызыншы сыныптан кейін қатарластарымен бірге қалада білім алып, мамандық иесі болуды армандайды. Өмірден өз орнын тапқысы келеді. Бұл кез келген жанның болашаққа деген жоспары болса, Арман үшін қиындығы мол жағдай. Әрине, бірінші кезекте денсаулығын түзету қажет. Өткен жылдың желтоқсан айында «Жизнь на ладони» қайрымдылық жобасы жинаған қаражатпен Ресейдің Челябі қаласына барып, ота жасату мүмкіндігіне ілікті. Облыстық балалар ауруханасындағы жоспарлы емге қарағанда Ресей Федерациясының жаңалық тапқышы, медицина ғылымдарының  докторы профессор В. Б. Ульзибаттың  патенттелген тәсілі бойынша ота жасау тиімді деп шешілген. Мұндайда ақшаның маңызы зор. Жолы болып, ақысы қайырымдылық жобасының қаражаты есебінен төленетіндей шешілді. Ал отадан кейін балаға ыңғайлы көлік жалдап, барып-келу шығындарына  қосымша қаражат қажеттілігі туындады. Арманның  осы мәселесінен құлағдар болған  жерлестері оған қол ұшын созып мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жүрегінде қайрымдылық сезімі бар өзге де науырзымдықтар қаражат жинауға  ат салысты.
–Арманның емделуіне қаражат жинаған азаматтарға, барша науырзымдықтарға, ауданның барлық дерлік мекемелеріне, әсіресе алғашқылардың бірі болып өз көмегін ұсынған жеке кәсіпкер Әділет Бекетұлы Сұлтанов пен Мәди Өмірзақұлы Ихтиляповқа алғысымыз шексіз, – деп ағынан жарылады Науырзым ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Шынар Әбілова. – Аудан тұрғындарының  қолдауы болмаса осындай мүмкіндікті жіберіп алар едік. Өсіп келе жатқан бала үшін уақыттың орны тым қымбат қой. Бұл бала көз алдымызда ер жетіп келеді. Бүгінгі күнде жамандықты жасырып, бетін әрі қылсын деп, осындай мейірмді, жақсылықты паш етуіміз керек. Сонда өсіп келе жатқан жастар мен де осындай боламын, жақсылық істеймін деп ұмтылады.
Облыс бойынша барған алты баланың  бірі – Арман еді. Жолы оңынан болып, жерлестері қолдап, демеп жіберді. Арманның анасы да, өзі де сондай риза. Ота жасаған хирург баланың ересек болып қалғанына байланысты ем нәтижесі өзге жасы кіші балалардан төмен болатынын, бірақ бұрынғы жағдайынан қимылдауы біраз жеңілдейтінін бірден ескерткен екен. Әттең, жоқтық қолды емес, болашағын шырмады. Десе де мұндайда бір Аллаға сену керек. Өмірде небір адам сенгісіз ғажайыптар болып жатыр емес пе. Арманның отадан кейінгі жағдайын сұрап, тілектестік білдірушілер аз емес.
Жаңа жылдан кейін ол облыс орталығындағы мүгедек балаларды оңалту орталығына барып ем қабылдап келді. Енді наурыз немесе сәуір айларында тағы бір мәрте барып, ем қабылдауға мүмкіндігі бар.
Қазір Арман тізесін жазып жүріп кетпегенімен табанын нық басып тұра алады.  Туғаннан табаны толық жерге тимеген ол үшін бұл қандай бақыт екенін сіз бен бізге түсіну қиын шығар. Бірақ Арман үшін бір саты, бір жетістік. Алғашында  денесін толық игере алмай шалқалап құлап, оған өзі қатты қобалжыған сәттері де болыпты. Арнайы құралға сүйеніп жүріп жаттыққан. Ағасы Бахтияр мен қарындасы Аяжан да бауырларына қолдау көрсетіп үнемі қасынан табылған. Арман туралы жақсы жаңалықты біздер де жерлестерінен естідік. Ести сала газет бетіне беру керек деп ұйғардық. Жақсылықты бөліссең кебейеді демекші, жағымды жаңалықтар көп болсыншы.
 
Айтолқын АЙҚАДАМОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓