Ажалына кім кінәлі?
Үстіміздегі жылдың 15 қаңтары күні Қостанай ауданының Садчиков елді мекенінде төмендегідей қайғылы жағдай болыпты. Сол күні жергілікті амбулаторияға аудан орталығынан стоматолог мамандар келген ғой. 67 жасар ауыл тұрғыны Анатолий Лысенко таңертең жұбайы Надежда Петровнаның тісін емдету үшін көлікке отырып, дәрігерлік пунктке жүреді. Ауыл ішінде оларды жол-патрульдік полицияның машинасы тоқтатады. Көлік тізгінінде отырған Анатолий Лысенкоға «сіз тротуармен жүріп барасыз, айыппұл жазамын» дейді. Бірақ А.Лысенко «мұнда ешқандай тыйым салынған белгі жоқ, бұл тротуар емес және осы жолмен көлік жүре береді» деп жауап берген екен.
Дегенмен әлгі полиция қызметкері мен Лысенко арасында шамамен 15-20 минуттай келіспеушілік туындап, ақыры тәртіп сақшысы жүргізушіні ескерту айтумен шектеліп, қоя береді.
– Жолдасым полиция қызметкерімен салғыласып отырғанда, өзін жайсыз сезініп, жүрек соғысы нашарлап кетті. Түсі бұзылып, ауырғанын сездім. Полиция жібергеннен кейін әрмен қарай дәрігерлік пунктке бара жатқанбыз. Амбулаторияға шамамен 100 метр қалып, ауыл мектебінің алдына жақындағанда, көлік қозғалысы жылдамдай түсті. Мен Анатолийге қарасам, ешқандай тіршілік белгісі білінбейді. Дәл жүрегі тоқтап, көлік рулінде отырып жан тапсырады деп ойлаған жоқпын. Алдымызда сабақтан тараған балалар өтіп барады екен, дереу рульді жолдың шетіндегі омбы қарға қарай бұрып барып тоқтадық, – дейді жүргізушінің қасында отырған жұбайы Надежда Петровна.
Марқұмның жұбайы өздерін тоқтатқан полиция инспекторының аты-жөнін, ол жүрген көліктің номерін де жаттап қалмаған екен. Ол патрульдік көлікте екінші полиция инспекторының отырғанын айтады. Және тәртіп сақшыларының ешқандай негізсіз тоқтатып, егде адамның дегбірін алып, мазасын кетіргеніне қапалы.
Аталған мәселе жөнінде тексеру жүргізіп, қаңтардың 15 күні Садчиков ауылында Анатолий Лысенконы тоқтатқан жол-патрульдік полиция экипажының аты-жөнін, олардың елдімекенге баруға рұқсатының болғаны-болмағанын анықтап беруін сұрап, облыстық ІІД бастығы Тілеген Мәткеновке сауалхат жолдаған едік.
Артынша облыстық жергілікті полиция қызметі бастығы Н.Ысмағұловтың атынан жауап та келді. Онда 15 қаңтар күні «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу шарасын өткізу барысында Қостанай аудандық ІІБ ЖПҚ қызметкерлері А.Лысенко басқарған P 659 SCM мемлекеттік номерлі «Мазда» көлігін тоқтатқанын келтіріпті.
«Азамат А.Лысенкоға әкімшілік хаттама жасалынбаған. Дәрігерлік куәландырудың қорытындысына сәйкес өлім созылмалы өкпе жетіспеушілігінен туындады. А.М.Лысенко өлім фактісі бойынша материал Қостанай АІІБ өндірісінде» делінген жауап хатта.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суретті түсірген Айбек Жүзбай