“Өсер ел өз тұлғасын ұмытпайды”
Ә. Боранбаев атындағы кинотеатрда жерлесіміз жазушы, стаирик, этнограф С. Кенжеахметұлының туғанына – 75 жыл толуына орай еске алу кеші болып өтті.
Кешке замана тұлғасының замандастары, ұрпақтары, өнер сүйер қауым, студент жастар қатысты. Ел ақсақалдары О. Алмат, ҚР Мәдениет қайраткері Ж. Өмірбек ғибартты естеліктерімен бөлісті. Ақындар Қ. Қазымбек пен С. Оташев сатириктің тотияйын тілді сықақ өлеңдерін жатқа айтып, өздерінің кеш иесіне арнап шығарған жүрекжарды арнау жырларын оқыды. Тағылымды шараға облыс орталығынан арнайы келіп қатысқан шәкірті, белгілі айтыскер ақын С. Өтелбаева киелі домбыраны қолға ұстап, ұстазына деген жыр шумақтарын төгілтті. Жазушының перзенттері Светлана, Жасұлан Кенжеахметтер осындай тағылымды еске алу кешінің жақында Қостанай қаласында да өткендігін тілге тиек етіп, ұлысын ұлықтап жатқан елге алғыстарын білдірді.
Кешті ұйымдастырушы №2 облыстық ғылыми – әмбебап кітапханасы жазушы шығармашылығынан кітап көрмесін қойды.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы