Жасыл желек жамылған, асыл моншақ тағынған…
Облыс орталығындағы «Dala Holl» мейрамханасында Қазақстан Республикасы Президентінің атынан балалар үйінің тәрбиеленушілері мен жағдайы төмен отбасылардың балаларына, оқу озаттарына және әр түрлі байқаулардың жеңімпаздарына, барлығы екі жүз оқушы балаға арналған дәстүрлі Жаңа жылдық шырша болып өтті.
– Биылғы жылғы Жаңа жыл мерекесінің ұйымдастырылуына өзгерістер енгізіп отырмыз. Мереке екі күн болмақ. Жаңа жылдық шырша салтанатының бірінші бөлімі «Жібек жолының Жаңа жылдық ертегісі» деп аталады. Ол мейрамханада өтеді. Ал, екінші бөлімі «Орман ертегісі» деген атпен Алтынсарин ауданында орналасқан «Жайлау» демалыс үйінде болады. Оқушы балалар қысқы таза ауада денелерін шынықтырып, шанамен сырғанап, коньки тебеді. Түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырамыз. Отшашу да болмақ. Сыйлықтарымыз да бар. Сол секілді осы жиналған таңдаулы, үздік деген оқушы балаларымыздың арасынан таңдаулының таңдаулысы деген бір топ оқушыға елімізге, облысымызаға танымал азаматтарымыз мәселен, әнші Гүлбану Абдулина, боксшы Иван Дычко, шахматшы Диана Асаубаева, «Карнавал» би ансамблінің жетекшісі Шәміл Фахрутдинов, «Қостанай дарыны» орталығының директоры Татьяна Искандирова өздерінің сый-сыйапаттарын жасайды,-деді бізге «Қостанай дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Бақытжамал Қускулақова.
Қазақстан Республикасы Президентінің атынан ұйымдастырылған жаңа жылдық шырша мерекесіне жиналған балалардың жүздері қуанышты, көңілді. Барлығы да танымал әртүрлі ертегілер, әдеби шығармалар, мультфильмдер, кинолар кейіпкерлерінің киімдерін киген. Солардың бірі – Нұрила Кукамбекова. Аманкелді ауданы Құмкешу орта мектебінің 8-сынып оқушысы. Әнші. «Алтын микрофон» халықаралық балалар байқауында, «Бозторғай» халықаралық балалар шығармашылығы фестивалінде жүлделі екінші орынға ие болды. Басқа да өнер конкурстарының жеңімпазы.
-Мен алғаш рет осындай Жаңа жылдық шырша салтанатына қатысып отырмын. Президенттік шыршаға қатысасың дегенде қатты қуандым. Бәрі керемет. Қуанып тұрмын. Бес жасымнан ән айтамын. Осындай жеңіс биіктеріне жетелеген ұстаздарыма, ата-анама рахмет. Соның ішінде ән айтудың қыр-сырына үйретіп жүрген ұстазым Ақжамал Ләтіповаға алғысым шексіз,-дейді Нұрила.
Қазақстан Республикасы Президентінің атынан ұйымдастырылған Жаңа жылдық шыршаға қатысқан бір топ аманкелділік оқушылар: Әли Оспанов, Жұлдыз Ақбарова, Ұлағат Амантай, Карина Байбатырова, Нұрила Кукамбекова
Мерекелік шыршаның басталуында арнайы жазылған бейнетаспа арқылы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шыршаға жиналған балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, оларға зор денсаулық, жаңа жетістіктер мен барлық армандарының орындалуын, барынша жақсы оқып, сапалы білім алып, мақсаттарына жете берулерін тіледі.
Мерекелік ойын-сауық бағдарламасынан кейін әр бала Елбасы атынан сыйлықтар алды. Содан кейін оқушыларды облыс әкімі Архимед Мұхамбетов құттықтады. Елімізде, облысымызда балалар, жастар үшін мемлекет, жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау көрсетіліп, көмек беріліп, олардың сапалы білім алуларына барынша жан-жақты жағдайдың жасалынып жатқандығын жеткізді.
Жаңа жылда жаңа табыстар мен жаңа жетістіктер шыңына жете берулеріне тілектестік білдірді. Аязата мен Ақшақарға қосылып қостанайлық өнер ұжымдары шыршаға жиналған оқушыларға өздерінің әндерін, билерін тарту етті. Балалар болса, ән айтып, би биледі.
Гүлназым САҒИТОВА
Суретте: Жаңа жыл шыршасынан көрністер
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ