Күн тәртібінде – мемлекеттік қызметтің ашықтығы
"ГрИн" облыстық азаматтық алянсы ғимаратында "Мемлекеттік қызметтің ашықтығы – кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастырудың негізі" тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Келелі мәжіліске ЖОО-ның белді оқытушылары, жергілікті БАҚ өкілдері және "ГрИн" азаматтық альянсы" ОФ-ның мүшелері қатысты. Жиын барысында алғашқы болып "ГрИн" азаматтық альянсының төрайымы Динара Өтебаева кәсіби мемлекеттік аппараттың қалыптасуында сайлау үрдісінің атқарар маңызы туралы сөз қозғады. "Қоғамдық кеңестер және олардың кәсібилікпен қамтудағы бағыттары" тақырыбында аға оқытушылар баяндама жасады. Күн тәртібіне алынған тағы бір өзекті тақырып жиынды ширата түсті. Мемлекеттік маңызы бар істен халықты жіті хабардар етіп отырудың мәнісі аса зор. Бұл туралы облыстық "Қостанай таңы" газеті редакторының орынбасары, қоғамдық кеңесті құру жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Жұматай Кәкімжанов сөз алып, "Мемлекеттік қызметтің ашықтығының басты талабы ретінде БАҚ-мен өзара қызметтестік" тақырыбында баяндама жасады. Бұдан соң мүдделес қауым "Қостанай аймағының зиялы азаматтар қоғамы" ОФ-ның төрайымы Анжелика Ткаченконың кәсіби мемлекеттік аппаратты құрудың электоралды сатысына азаматтық қоғамның қатысуы жөнінде қаузаған баяндамасына зейін қойды. Жиын соңында қорытынды жасалып, барлық тыңдалған баяндамалардың маңызды тұстары пысықталып, ұтқыр ұсыныстардың "асты сызылды".