Мақтаныш
Кез-келген мектеп өзінің өнерлі, білімді оқушыларымен мақтанады. Рудный қаласындағы №7 қазақ орта мектебі үлгі етерліктей жетістіктерге жетті.
Өнерлі оқушыларымыз Астана қаласында өткізілген ҮІІІ Халықаралық "Ақ көгершін" фестиваліне қатысып, өз бақтарын сынап, Елордадан айтулы табыспен оралды. Атап айтсақ, 11-сынып оқушысы Насырқожа Есбол (суретте) 34 қатысушының арасынан суырылып шығып, Гран-приді қанжығасына байлады. Ал 5-сынып оқушысы Мухамедина Азалия "вокал" және "көркем сөз" сияқты екі аталым бойынша 60 оқушының ішінен үздік атанып І орынға ие болса, Мұратбаев Ержан 25 қатысушы арасынан ІІ орынды иеленді. Сонымен қатар 8 "Ә" сынып оқушысы Назарханов Мейрімхан, 10 "А" сынып оқушысы Мұратбаева Жансая ІІІ дәрежелі дипломант атанды. Осындай өнерлі оқушылардың талабын ұштап, биіктерден жарқырап көрінуі ұстаздардың талмас еңбегі екені бәрімізге аян. Талай жетістіктермен мектеп қоржынын толастатып жүрген мұғалімдеріміз мектебіміздің тірегі. Атап айтсам, Қ.Бірманова, Г. Смаилова, Ғ.Байкенова, Г.Балапашева халықаралық деңгейде әкелген еңбектері мектеп үшін үлкен мәртебе. Алайда, талантты оқушыларды қолдайтын демеушілеріміз табылып жатса құба-құп болар еді.
Г. ЖҰМАБАЕВА,
№7 орта мектебі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Рудный қаласы.