Қанат Тасыбеков:  «Үйренерiмiз көп-ақ, үйретушi болса…»

Уақыт көші жылжыған сайын қазақ тілін үйретуге бағытталған сан түрлі әдістемелік оқу құралдарының сөрелерде жиналып жатқанын байқаймыз. Бұған тек қуануға болады деп, тілді тістеп қаламыз. Безбенге салсақ, кәсіби әдіскерлердің, сөз парқын біледі деген практиктердің әлгі көмекші құралдарынан, дидактикалық жұмыстарынан нәтиже бар ма?
2015-жылдың қорытындысы бойынша әуесқой тіл маманы Қанат Тасыбековтың екі томдық «Ситуативный Казахский» атты еңбегі танымалдылығы жөнінен ең үздік деп сараланған он кітаптың алдыңғы қатарында тұрды. Қазақстандағы кең көлемді «Меломен» кітап гипермаркетінің мәліметіне сенсек, аты аталған туынды таралымы бойынша Абай Құнанбаевтың «Қара сөздерінен» кейін екінші орында.
Бірінші “Ситуативный казахский. Мир казахов” кітабының тұсауы 2012 жылы кесілді. Былтырғы жылы Мәскеуде "Ситуативный казахский. Диалоги" деп аталатын екінші кітабының таныстырылымы болды және автор «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапатталды. Жақында Қанат Тасыбековпен аз-кем сұхбаттасудың реті түсті. Осы кітапты алуға ,әсіресе, қостанайлық жұртшылық көп белсенділік танытуда дейді автор. Қазақшаны елу жасқа жеткенде үйренгеніне қарамастан Қанат Ғалымұлы жаңа әдістемелік құралда тіл сындырып жүргендер, қазақ тілін сатылай үйренемін деушілер үшін ерекшеліктердің келтірілгенін айтады.9007-tasib
 
– Кітаптың атауынан-ақ байқауға болады, оның ішіндегілердің барлығы өмірде көп кездесетін жағдайлардан, күнделікті тұрмыстан алынған. Әр облыста «Тілді дамыту» комитеті жұмыс істейді. Жалпы осы дамытуды тіл білмейтіндерге арнап қолданып жүргеніміз дұрыс емес. Себебі, ана тілінде «лепіре» алмайтын адам қалай тілін дамытады? Сондықтан, әуелі, үйрету керек, яғни, «Тілді үйрету комитеті» десек те болады. Әдістеме түп негізінен-ақ, бір ізді болса ләзім.
 
– Тіл үйретудің әдістемесін дұрыстау қажет деп түйіндейсіз. Сіздің “Ситуативный казахский» екі томдығыңыз осы жүкті көтере ала ма?
Бұл сұрағыңыздың салмағы ауыр әрі нақты жауабы бірнеше жылдың еншісінде. Олай дейтінім, менің әдістемем арқылы бәрі бірден тіл үйреніп кетпес. Дегенмен, пайдасы тимесе осынша сұраныс болмас та еді. Кәсіби филолог емеспін, қазақ тілін жете түсінетін лингвистердің, ауыл адамдарының көмегіне көптеп жүгінемін. Жазушылар одағына келіп, ақын-жазу­шылармен кездесіп, әңгіме-дүкен құрып қайтамын. Бұл бастамамды қолдаған да – қарапайым тұрғындар. Мәселен, қостанайлық Өміртай Жүсіпов менің бірінші кітабыма кеңесші болды. Өмекеңнің ақылымен әдет-ғұрып, той жоралғылары, жерлеу рәсімі сияқты дәстүрлі шаралар кезінде айтылатын жүзден аса сөз тіркестерін енгіздік.
 
– Сұрақты төтеден қояйын, ана тіліңізді елу жасыңызда қалай үйреніп жүрсіз? «Осыған дейін қайда жүрдің?» деп назын айтқандар болмады ма?  
«Қайда барсаң, Қорқыттың көрі». Ылғи осы сұрақ алдымнан шығады. Бәрі өзімізден басталады. Кеудеден итеретін де қазақтар. Анауың дұрыс емес, мынауың басқа деп шығады. Ана тілде таза сөйлейтіндерге ешқашан жақпайсың. Орыстілді қазақсың деп елден қуып шығуға болмайды ғой! Әрине, мен қазақ тілін мүлдем білмедім деп айта алмаймын. Кездескенге сұрақ қоя алатын «қазақшам» болды. Үйренуді 2010 жылы қолға алдым. Францияда білім алып, 4 жыл сонда тұрдым. 1998 жылы "Болашақ" бағдарламасы бойынша Бургунд (Франция) университетінің докторантурасын тәмамдадым. Жылқы баптау кәсібімен айналысқан едім. Алматыға көшіп келгеніме көп болған жоқ. Айтпақшы, Қостанайдағы Нәбидолламен (Кикебаев – авт.) жиі ұшырасатын ауылшарушылық терминдері жайында ақылдасып тұрамын. «Өз тілімді неге француз тілінен кем білуім керек» деген ой сап ете қалды бір күні. Басында жеңіл әдістермен бастадым. Қазақ тілін бір кісідей білетін кезге жеткенде, сол уақыттардағы «өзім сияқтыларға» көмегім тисін деп осы кітапты тудыруға бекіндім. Үш-төрт жыл бұрын менің тіл үйреніп жүргеніме күлген замандастарым, қазір табандылығыма қол соғады. Қоңырау шалып, алғыстарын айтып, ағынан жарылады. Пендешілік қой, онсыз болмас. Мен оларға ренжімеймін.
 
– «Это книга предназначается для русскоязычных казахов» депсіз. Кітабыңызда басқа әдістемелік оқулықтармен салыстырғанда «анау айтарлықтай» ерекшеліктер бар ма?
Қазақтың қарапайым тірлігінен бір мысал келтірейін, қаралы үйге барғанда «марқұмның арты қайырлы, топырағы торқа, жатқан жері жайлы болсын» деу керек. Бастапқыда қуаныш-тойға немесе келелі кездесулерге бара қалсам, керек еткен сөздерімді дәптеріме жазып алып, жаттап айтып жүрдім. Қазақ тілін осылай әр жағдайға мәтін құрап жүріп-ақ меңгеріп алдым. Мектептерде пайдаланып жүрген қазақ тілін үйретудің әдістемелерін сапалы дей алмаймын. Өйткен жағдайда, оқушылар, тіпті қазақ балалар неге қазақша сайрап кетпейді? Менің ойымша, адам тілді кез келген жағдайдағы қажеттіліктен үйренеді. Яғни тәжірибе керек. Мұны жеке басымнан өткергесін айтып отырмын. Қазақ тілін қажет ететін нақты жағдайлар бар. Салт-жоралғыларда, беташарда, құдалықта, қазаға көңіл айтқанда, шілдеханада, тұсаукесерде деген сияқты. Осы тұста орысша сөйлеп көріңіз. Сөйлей де алмайсыз! Міне, осыған қарап өз тілімді үйренуге тура келді ғой. Намыс өртемейді ме адамды?! Әрбір орыстілді «бауырым» елдің тарихы мен саясаты, күнделікті тұрмысы жайында қазақша айтып тұрса керемет қой! Бұл – бойында қазақтың қаны бар әркімге міндет. Елуге келгенше ұлтыма, діліме, тірлігіме қатысты біраз дүние менің ой-қазанымда қайнап жатты. Оларды орысша немесе французша айтсам, менің қазақтығым кімге қажет? Қазіргі кітаптарым ,бір жағынан,  ішімдегі сол тұншыққан сырды сыртқа шығарып жатыр.Kanat-Tasibekov-2
– Аға, Қостанайдағы тілдің жағдайын ашылып та, ашынып та айтуға болады. Тіл үйретудегі өз тәжірибеңізді ортаға салған «Ситуативный казахский» атты кітабыңыз тобылдықтардың қолына тиіп жатыр ма?
Сіз бен біздің илегеніміз – сол бір терінің пұшпағы, тілдің жайы. Қостанайдан қоңырау шалып жатқандар көп. Кітапты 4-5 рет басып шығардық. Қазір 15 мың данаға жетті. Ресейден хабарласқан ағайындарымыз бар. «Тілді білмейді, қазақша сөйлемейді» деп байбалам салғаннан гөрі, оларға тілді үйретуге тырысайық. Бастысы – сапа. Соған қуанамын. Бұйырса, үшінші кітабымды баспаға әзірлеймін. Кітабыммен танысқан Герольд Белгер ақ­­сақал жоғары бағалап, «мұ­ны «мир казахов» деп атау керек» деген болатын. Ағамның ақылымен бірінші кітабыма «Ситу­а­тив­ный казахский. Мир казахов», ал екіншісіне «Ситуативный казахский. Диалоги» деген атау бердім.
 
– «Тіл тақырыбы таптаурын болды. Енді айта бергеніміз жарамас» депті біреу…
– «Жалған намыс жарға жығады». Осы сипатта сандырақ айтқан талай саясаткерлерді білдемін. Өткенге салауат айтып, барды қанағат тұтып, ертеңгі күннен үміт үзбеген жөн. Тарих-таразының тұтқасы – тіліміздің қолданыс аясының барынша кеңейе түскенін қалаймыз. Сөлекеттік емес. Әлі де тұғырлы тіліміздің өз деңгейінде қолданылмауы көңілге қаяу түсіреді. Бірақ, өз басым қазақ тілінің болашағына сенемін. Тілді өздігінен үйренудің практикасы мен оның әртүрлі әдіс-тәсілдері, тілдік ортаның мәдениеті туралы мәселелермен жан-жақты айналысқан жөн.
 
– Ұрпақ, ата-баба, тек жайында жаздыңыз бірінші кітапта. Өзіңіз қай елденсіз?
– «Жеті атасын білмеген жетесіз». Әкем Ғалым Тасыбеков екі ашаршылықты басынан өткерген. 16 жасынан орыстың кулагынан нәпақа тапқан кісі еді. Орыс тілін сол жерден үйренген. Сенің әкең бір ауылды асыраған дейтін ауылдағы әжелеріміз. 1936 жылы Семей қаржы-экономикалық техникумында оқыды. Сол уақытта Жұмабай Тәшеновпен оқыған. Әскерге дейін 1937 жылы «Жолымбет» кенішінде жұмыс істеді. Содан соң соғысқа кетеді. 1952 жылы Ақмола облысының жауапты хатшысы қызметін атқарды. Мен сол Ақмола облысында, Ақкөл қаласында мектеп табалдырығын аттадым. Сыныпта жалғыз қазақ болдым, қалғаны – татар, орыс, неміс ұлтының балалары. Көрші-қолаң, ағайын-туыс орысша сөйлейтін. Қазақша түсінсем де, екі ауыз сөздің басын құрап, ойымды жалпақ тілмен жеткізе алмайтынмын. Орысша өсіп, французша дәріс алып, өз кәсібін мандытқан, орта бизнес өкілінің ойы – қазақша болуы тиіс. Соны дер кезінде түсіндім.
Бүгінгі әр күніме шүкір етемін. Құнарлы қазақ тілімнің қасиетін күннен-күнге ұғынған сайын өзімді бақытты сезінемін.
 
– Пікіріңізбен бөліскеніңізге рахмет!
 
Сұқбаттасқан Қасқырбай Қойшыманов

You may also like...

2 Responses

  1. Марат Бирманов айтты:

    Уважаемая редакция! Мне очень нужна эта книга, как я могу получить?! могу подьехать в любое место)))))) мой адрес: г.Лисаковск, ул.Горняков 16/1. заранее спасибо! мой номер: 87022407598

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓