Ораз ҚАУҒАБАЙ: «Қазақтың бірлігі жетіспей жатыр»
Әмбеге аян, арқа атырабы қырық жыл бойы ядролық жарылыстардан көз ашпады. ЖаҺан үрейленді. Әсіресе, Семей полигонындағы сынақтардың кесірінен айықпас сырқаттар шығып, өңірлердегі радиация мөлшерінен біраз жыл бойы шақалақтардың бойынан жазылмас дерт табылып жатты. Осыған байланысты Жазушылар одағында жиналыс өтіп, атомға қарсы халықтық қозғалыс құрылды. Зәуі-сайтанға тоқтау салатын шаралар ұйымдастырылды. Белгілі жазушы Ораз Қауғабаймен болған әңгіменің әлқиссасы осы тақырыпта басталды…
Ел аманатын арқалап…
– Әу баста, полигон Л.Берияның тікелей басшылық етуімен туындады. Алғашқы сынақ қырықыншы жылдардың соңында жүргізілді. Халық қатты қиналды, көбі көше бастады. Ал, елуінші жылдардағы жарылыс кезінде қаншама қандастарымыз қырылып қалды. Мұның расы кейін анықталды. Ол кезде ядролық жарылыстың сойқаны мен радиация зияны айтылмайтын құпия еді.
Сексенінші жылдардың ортасы болу керек, бұрынғы Семей облысы, Аягөз ауданында іс-сапарда болдым. Осы ауданға қарасты Таңсық ауылындағы мектепте әлдебіреу арыз жазыпты. Келген кезде ұстаздардың қобалжып, мазасызданып жүргенін сездім. Сөйтсем, Семей полигонында кезекті ядролық сынақ жасалып, оның әсері осында жеткен екен. Жойқын жарылыстың салдарынан мектептің бір қабырғасы опырылыпты. Ілгеріде семейлік бір досым ол жақта күнде бомба жарылып жататынын айтатын. Осыдан бастап, жағдайдың қиындап бара жатқанына мән бердім. Негізі, орталықтағылар ядролық сынақтардың қоршаған орта мен адамдарға тигізіп жатқан зиян-зардабын айқын біліп отырды. Өйткені, полигон жанындағы әскери бөлімдерде ауру шығып, ауырғандар құпия түрде Мәскеуге жөнелтілетін. Төңірекке рак пен жүйке аурулары қаупі төнді. Ең қасіреттісі – кескін-келбеті құбыжықтарды елестететін сәбилер дүние есігін ашып жатты. Бұл кімге сынақ? Не үшін керек? Мына сұмдықтарға ойрандалған табиғатты қосыңыз.
– Атомға қарсы акция ертеректе басталған дейді білетіндер…
– Нақты деректерге сүйенсек, Семей полигонының сойқан-сүргінін алғашқы болып білгендердің қатарында Мұхтар Әуезов бар. Олай дейтін себебім, Семей өңірі, Абыралы аймағы Мұхаңа бала кезден таныс. 1958 жылы Жапонияда өткен сутегі бомбасына қарсы әлемдік жиында Мұхтар Әуезов атомдық сынақтар жөнінде айтқан. Мұхаңнан кейін де сынақтардың зардабы жөнінде қазақтың ұлтжанды перзенттері өзара ортаға салып, айтып жүрді. Дегенмен, олардың үнін шығармады. Бақтияр Атшабаров деген ғалым болды. Ядролық қару жөнінде бірнеше зерттеу жұмыстарын жазды. 1985 жылы Горбачев пен Рейган кездесіп, осы атом бомбасы туралы талқылаған деседі. Не керек, қазақ жерінде жару туралы шешім шықты ғой.
1989-1990 жылдары Кеңес Одағының іргесі сөгіліп, жариялылық үстемдік ала бастаған шақта Семей ядролық полигонын жабу мәселесі қоғамда өткір қозғала бастады. Ол кезде Мәскеу билігі Горбачевтың қолында болатын. Қазақстан тәуелсіздігін ала қоймаған кез. Бәріңізге таныс халықтық қозғалыс кемтарлар мен мүгедектердің, аурулар мен сырқаттардың тағдырын айтып, әлемге жар салды. Сол кездегі КСРО билігінен Семей полигонын жабуды талап етіп, батыл күреске шықты. Жазушылар одағы үйінде наразылық жиын өткені есімде. Іле-шала көп жылдан бері іште шемендей қатқан, жүректі налаға толтырған шерменде іс жер-жерге тез тарап, газет, радио атаулы семейліктердің мүшкіл тағдырына жанашырлық білдірді. «Невада – Семей» қозғалысы атанған бұл бастамашылар Қазақстан ғана емес, Алтай асып, Жаңа сібір, Кемер облыстарын қамтып, ақыр аяғында сонау «америкалық алаңға» шықты. Бұл дүмпу-дүрбелең Қазақ елінің тәуелсіздік жолындағы күресінің бір белесі боп тарихқа енді.
– Полигон жабылды. Өкінішке қарай, басқа бір мәселе шықты. Көбі мұны екі арналы әңгіме, керексіз дерекке жатқызды. Ядролық сынақты тоқтатқандардың көшбасшысы Олжас Сүлейменов екені анық. Дегенмен, сол кезде бастамашылардың бірі болып, алдыңғы шепте жүрген Кешірім Бозтаевтың есімі ұмыт бола бастаған секілді.
– Бұл жерде ешқандай келіспеушіліктің болуы тиіс емес. Әрине, біріншіден, бұл – халықтың еңбегі, жан-айқайы, ашу-ызасы. Рас, обкомның бірінші хатшысы ретінде Кешірім Бозтаев батыл күресті. Оны жоққа шығаруға болмас. Ал мұны халықтық қозғалысқа айналдырған Олжастың еңбегі және бар. Сондықтан бұл арада сыңаржақ пікірге тоқталмау керек. Қалай дегенмен, Кешірім Бозтаев бастаушы болған іс Олжас сияқты ұлт ақынының дер кезінде қолдауымен аз күнде күллі халық көтерілген жанкешті наразылыққа ұласты.
– БҰҰ-ға үндеу жазып, ғимараты алдында шеру ұйымдастырдыңыздар. Топтанып барып, тапталып қайтамыз деп ойладыңыздар ма? Осы тәуекелі мен тұғыры ерек оқиғаға тоқталыңызшы.
– 1994 жылы қазан айының басында «Невада-Семей» қозғалысының «Аттан» жорық штабының жетекшісі Амантай қажы бір күні мені үйіне шақырып: «Америка сапарына қатысты айтуға тиіс құпияны есіңе салуым керек. Онда баратынымыз рас. Бірақ, ол жақтан оралмай қалуымыз да мүмкін. Өйткені АҚШ-та атомға қарсы шеру-акция өткізу оңай болмайды. БҰҰ бас ғимараты алдында ұрандап, атомдық сынақтар тоқтатылсын деп жар салу тәуекелді талап етеді. Қысқасы, мұхиттың арғы жағына «басымызды бәйгеге тігіп барамыз» деді. Сөйтіп, алда-жалда оқыс оқиғаға тап болып, ол жақтан оралмай қалған жағдайда өз еркіммен кеткенімді айғақтайтын «ант-қағазға» қол қоюды өтінді. Ойланатын уақыт жоқ, өміріме қауіпті «жорық акциясына» журналист әрі сарбаз ретінде қатысып, қандай қиындық, кедергі болса да қыңқ етпеуге келістім. Қазанның 10-ы күні Ыстамбұлдан Нью-Йоркке ұштық. Сол кезде БҰҰ-дағы Қазақстан өкілеттілігінде жауапты қызмет атқаратын Ерлан Ыдырысов әуежайда қарсы алып, халықаралық мәселелерді түсіндірді. Негізі, мұнда маңызды әрі күрделі үш мәселемен келген едік. Біріншіден, БҰҰ ғимараты алдында қырық жыл қырғын салған Семей полигонындағы жарылыстардың қасіретін әлемге әйгілеу үшін шеру-акция өткізу. Содан соң осы мәселе бойынша арнайы Петиция тапсыру. Үшіншісі жер бетіндегі жойқын атомдық сынақтар жасалатын АҚШ-тағы «Невада», Қытайдағы «Лобнор» және Англия, Франциядағы полигондардағы жарылыстарды тоқтатудың қажеттілігін БҰҰ Қауіпсіздік комитетінің назарына салу-тын. Тағы бір айта кетер жәйт, БҰҰ ғимараты алдында бұрын-соңды митингі, шеру өтпеген екен.
Сонымен, бойдағы намыс пен халықтың аманатын қосып, қазанның 13-і күні түске таман асай-мүсейлерімізді буып-түйіп, плакат оралған қапшықтарымызды көтеріп, БҰҰ ғимараты маңына жақындадық. Мұздай қаруланған күзетшілер бір-бірімен ұялы телефон арқылы өзара сөйлесіп жүр. БҰҰ ғимаратының алаңына келгенде дода-дода қағазды шығарып, ұзындығы 50 метрге жуық ақ матаны жазып, буклет, суреттерді шығарып, іске кірістік. Біраздан соң, қару асынған екі күзетші қасымызға келді. Осы жерге келе жатқан тұста, бір америкалық азаматты кездестіргенбіз. Сол жігіт күзетшілерге Амантай қажының сөзін аударып, біздің мұнда шатақ шығару үшін емес, жер бетінде тыныштық, бейбітшілік орнасын деп келгенімізді түсіндірді. Алла Тағаланың қолдауымен жарты күн тұрып, Семей полигоны қасіретін халықаралық беделді ұйым алдында әлемге әйгіледік. Осы да бізге жететін еді. Ертеңінде жетпіс қабатты БҰҰ ғимараты алдында акцияны батыл әрі ұрандап жалғастырдық. Қайдан шыға келгені белгісіз бір полиция машинасы келіп, ішінен шыққан екі әскери адам ештеңеге қарамай, бізге жақындамай, ілінген плакаттардың жіптерін қиып, акцияны тоқтатты. Әйтеуір, өзімізге тиіскен жоқ. «Жетеді енді, жайларыңа кетіңдер» дегенді меңзеді. Тәуекелге барып, халықаралық ұйым БҰҰ ғимараты алдында бұрын-соңды тарихта болмаған, атомға қарсы акцияны өткіздік. Соңғы жұмыс – БҰҰ ғимараты ішіне кіріп, қауіпсіздік комитетінің кеңсесіне жер бетіндегі атомды жарылыстарды тоқтату туралы маңызды құжат Петиция тапсыру. Үшінші күні мұнда таксимен келіп, БҰҰ ғимараты кеңсесіне кіріп, Петиция мәтіні жазылған «пакет-конвертті» арнайы бөлімге бердік.
– Сөзсіз ерлік! Жалпы, ол жақтағы қандастардың жай-күйі туралы біле алдыңыздар ма? Қайда тұрақтадыңыздар?
– Америкалық қазақ, түбі алтайлық Әбдуахиттің үйінде болдық. Нью-Йорктегі акция кезінде бізге қосылған қазақ Күнтуғанның бауырмалдық қасиеті мен қол ұшын беріп, көмектескендері алабөтен. Қанша дегенмен қаны бір қазақ емеспіз бе?! Біреуі машинасымен алып жүрді, біреу үйіне жатқызып, барлық жағдай жасады. Осы Күнтуған Қазақстан БҰҰ-ға мүше болып қабылданғаннан соң, қазақы ырым жасап, қошқар сойып, ата-бабасын еске алыпты. «Атамекенді атом ұясына айналдырған Кеңес Үкіметіне түбінде зауал келген жоқ па» деп Күнтуғанның кейіп айтқан сөзі жанымда жатталып қалды. Оның айтуынша, мұндағы қазақтар бір-бірін жақсы қолдайды екен. Мен соған қуандым. Осылайша, «Халық конгресі» газетінің АҚШ-қа барған арнаулы тілшісі өзінің мақсатына жетті.
«Таңғажайып Қонаев»
– Сізді елдегі нөмірі бірінші қонаевтанушы дейді. Өзіңіз де оқып жүрген шығарсыз, соңғы кездері кейбір баспасөзде, ғаламтор беттерінде Димекеңнің ата-тегіне, тұлғалық қасиетіне байланысты өзгерең әңгімелердің басы қылтияды. Мұны тың дерек дейміз бе, әлде шолақ шолушылардың шикі пікірі ме?
– Әрине, Қонаев туралы жазылған әр пікір мен үшін маңызды. Дегенмен, оның ұлтына қатысты алыпқашпа әңгімелерге мүлдем назар аудармаймын. М.Шахановтың «Қонаевпен сырласу» атты кітабында: «Менің атам, яғни, әкемнің әкесі Жұмабай Қонайұлы Хадиша атты татар қызына үйленген екен. Бұл оқиғаның біздің әулеттің бет-әлпетіне елеулі түрде әсер еткенін аңғаруға болады. Бірақ, біздің қазақ ұлтты да, руды да еркек кіндікке, атаға қарап жіктейді емес пе? Айтатындар айта берсін. Осы жағынан алып қарағанда өз басым жүз пайыз қазақпын» деп жазылған. Руының, ұлтының кім екенің әр адам өзі ғана біледі. Қазақтың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлы Димекеңнің әкесі Меңіліахмет қариямен кездесіп, ұзақ әңгіме-сұхбат құрып, қаны да, жаны да қазақтың тектілігіне, сұңғылалығына қайран қалған ғой. Қазақтың шежіре тек ілімін, түп-тұқиян тарихын Әлкей Марғұлан мен Баукеңнен артық білген адам жоқ. «Қонаевтың нәсілі басқа» деген сөз бұл екі ғұламаның бірінің аузынан шыққан емес. Димекеңнің түбі шикі болса, кезінде екі данагөй бір ұрымтал тұста дәлелдеп айтар еді ғой. Бұл әңгіме енді қозғалмауы керек деп есептеймін.
– Қайраткерлігін қоя тұрғанда, ол кісінің әдебиетке жақындығы қандай еді?
– Димекеңнің кітапханасында Шекспир, Данте, Толстой, Фердауси бастайтын ұлылардың кітабы сақталған. Халық ауыз әдебиетінің озық үлгілерін де табасыз. Қонаев әлем әдебиетінен мол хабары бар, рухани жағынан бай, ғұлама болғанын жоғарыдағы ұлылар еңбегі дәлелдеп тұр. Ол шет елдерге шыққанда, сол елдің тарихын, мәдениетін және әдебиетін терең біліп, әбден оқып-тоқып баратын болған.
Тағы бір дерек, Димекең студент кезінде өлең жазған. Мәскеуде оқып жүргенде қолынан кітап түспейді екен. Алматыда 70 жылдардың басында оның тікелей ықпалымен Азия, Африка ақын-жазушыларының халықаралық мәслихаты өтті. Ақын-жазушылардың әлемдік жиынының Қазақстанда өтуі тарихи оқиға болып қалды.
Д.Қонаев ұлтын ұлықтаған ақын-жазушыларды құрметтеді. Қазақ әдебиетіне тың жаңалық әкелген жазушылардың кітапптарын шығарып берді. Бұл жерде ұлттық рухты көтерген Ілияс Есенберлиннің орны бөлек. Жазушының «Көшпенділер» кітабы Мәскеуде 100 000 таралыммен шықты. Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романы тағы сондай данамен таратылды.
– Әлмерек әулиенің өмір өнегесі туралы да зерттеп жүрсіз. Әулиенің басына келіп, бұлағынан су ішкен кемеңгер Д.Қонаевтың жұрт біле бермейтін қасиеттері жөнінде кітап та жаздыңыз. Ал жұрт біле бермейтін, асыл қасиеті деп қайсын айтар едіңіз?
– 1921 жылы Әлмерек жазығында діндарлар жиылып тасаттық берген жерге үлкендерге сәлем берсін деп тоғыз жасар ұлы Димашты ертіп келеді. Тасаттық діни жоралғысы біткен соң, осы маңға жақын Әлмеректің қорған-мазарына келіп, дұға оқиды. Ұлы тұлғаның ең бір асыл қасиеті – кешірімшілдігі. Өзіне қиянат жасағандарды кешіріп, керек болса оларға жақсылық жасаған Д.Қонаев сияқты тұлға тарихта жоқ шығар. Димекеңнің кешірімшілігі жайында шынайы жазылған дүниелер өте көп. Осы арада бір әңгіме есіме түсіп отыр, Дэн Сяопин 77 жасында билікке келсе де бар-жоғы 10 жылда халқын әлемнің алдына шығаратын жүйе, даңғыл жол салып беріп кетті. Соның арқасында Қытай 5 мың жылдық тарихында болмаған қарқынмен дамуда. Бірақ, ол кезінде өзін жер аудартып жіберген Мао Цзэдунның еңбегін жоққа шығармады. Қызметте қиянат көрсетсе де, Қытайдың рухы үшін Маоны құрметтеді. Түсінген адамға, бұл оқиғадан біраз мағлұмат алуға болады.
Қазақ жері үшін күрескен батыр кім десе, Жұмабек Тәшеновпен бірге Дінмұхаммед Қонаевтың есімі қатар айтылуы тиіс. Бірі қайтпас қайсарлығы, екіншісі ақыл мен әдіс-айласы арқылы жерімізге қорған бола алды. Димекең көп нәрсені ішінде сақтап отырды, уақыт күтті. Ол сабырлығының арқасында жеңді. Хрущевтің көпке бармайтынын білді. Тәшеновтің ерлігі шүбәсіз. Кезінде Қонаев сайланарда қол көтергендердің арасында осы Ж.Тәшенов те бар еді. Димекеңнің бір әттеген-айы, Тәшеновті өсіре алмады. Керісінше, 10 жыл бойы Хрущевпен айқасып, 1971 жылы Маңғыстау мен Торғайды ашты. Қазақ елінде салынған 40 қаланың арасында Арқалық та бар. Алашорданың туы тұрған жерде облыс орталығын ашу үлкен тәуекелді қажет етті.
«Сөзбен іс бітірушілер көбейіп барады»
– Қазiргiдей қоғамның түйетайлы, алмағайып кезеңiнде ұлт әдебиетi дағдарып отырғаны тағы бар. Классикалық шығармалар да жоқ емес. Әдебиет әлемінен алыс емессіз ғой. Сапалы дүниелерді әлемге таныту үшін әлдебір тетіктерді қозғау керек шығар.
– Қазақ әдебиетіне «сүйінші» сұрап келген шығармалардың саны көп, ал мықты сыншыларды саусақпен санап бере алмаймын. Туынды сапалы болсын, шет елдерге танылсын десек, естеліктерден, мақалалар жинағынан арылу қажет. Төл әдебиетіміз естеліктер кітапханасына айналып кете ме деп қорқамын. Нәтижесінде, әлгі авторлар одаққа мүше. Осындай қарқынмен жастарды қалай қызықтырамыз? Олар кейін қағазға қайтып келмейді. Бір ғана мысал, Нұрлан Оразалин жазушыларға, ақсаңқы әдебиетке жаны ашыса Сенатқа неге кетті немесе сол жақта отырып, рухани байлықтың пұшпағын илеуі керек еді ғой. Ұлттық кітапханаға көп барамын. Мына қызықты қараңыз, елге танымал жазушыларды көп көрмеппін. Кезінде Тахауи Ахтанов, Төлен Әбдіктер кітапханалардан шықпайтын. Соларға еліктеп, біз де кітапқа асықтық. Жүніс Сахиев деген мықты фантаст-жазушы бар. Ол өз ісіне берілген. Әлі есімде, оқып жүргенде, екі айлық стипендиясын жинап, оған телескоп сатып алды. Бөлмесіне әкеп, түн түсе, терезеге телміретін. Ол және кісі жағалап, кітап шығаруды білмейді. Керісінше, осындай таланттар қалып қойып жатыр.
– Бүгіндері қазаққа керек нәрсенің көбі мәлім. Уақыт өзі анықтап келеді. Бұл туралы айтылып жүр. Алайда, керегін білетіндер көп, істейтіндер аз. Кейіпкерлерімнің көбінен білгім келетін сұрақ: ұлттық болмыстың сақталуы үшін қайтпек керек?
– Біздің болашағымыздың бағытын шет елдерден үйренеміз деп бағдарлама жасап, балаларды оқуға аттандырдық. Ол кемінде 6-7 жыл сол жақта білім алады. Енді екінші жағын қарайықшы. Оның бойына сол елдің рухы сіңбей ме? Міне, осы сұрақ көлденеңнен шығады. Жапондар мемлекеттік қайраткерлерін шет елдерде оқытпайды, өздерінің саясаты, бағыты арқылы үйретеді. Олардан неміз кем? Шетте жүрген жастарды қазақтың мүддесін ойлайтындай етіп тәрбиелеу керек. Мемлекеттің күре тамыры – солар. Ахметтің керемет даналығы бар: «Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек». Білімсіз емеспіз, бай қыларлық кәсіп бар, қазақтың бірлігі жетіспей жатқан секілді. Мысал үшін, өз уақытында «Ақ Жол» партиясы төрт төраға сайлады. Партия мүшелері оның қайсысына бағынады сонда? Бәрінің ойы бір жерден шыға бермейді ғой. Бұдан шығатын қорытынды, ұлттық болмыстың сақталуы үшін кемеңгер басшы үлкен рөл атқарады. Мәселен, Әлихан Бөкейхан – Ұлт көсемі. Ахмет пен Міржақып та Әлиханды қолдап, сөзіне құлақ асып отырған. Бірліктің арқасында, ел үшін қаншама еңбек етті. Тағы бір арда тұлға Ілияс Жансүгіровтің өлеңінде «өз кемеңгеріңді сыйламасаң, өзге саған данасын бермейді» дейді. Сондықтан да далаң далаң етіп, еліктей бермей, өз күшімізге сенген абзал.
– Ал өзімізде жоқты қайдан аламыз? Бұл жерде кадр мәселесін айтып отырмын.
– Кадр жоқ деген сылтау ғана. Жалқаулық қана бар. Алысқа бармай, ауылды алайықшы. Мықты шопандар өздері-ақ жаңалық ашады дер едім. 30 жыл мал баққан адамға жаңа саясат деп, түрлі есеп-қисаптар әкелеміз, түрлі бағдарламалар ұсынамыз. Біздің жақта (Кеген) Сейіт Молдасанов деген шопан болған. Оның есімі республика бойынша «Алтын кітапқа» жазылды. Сол кісімен көптеген саясаткерлер санасып, ақыл сұрасатын. Қазақ жаңа заманда шет елден бірдеңе үйренбесе дамымай қалады дегенге өз басым сенбеймін.
– Студенттік өмірбаяныңызға қарап отырсам, айтары мол адамдармен оқыпсыз. Құлаш ұрар өз биігі бар, талғамы жоғары ақындар Ұлықбек Есдәулет пен Батық Мәжитұлы, Қонысбай Әбіл бастаған тізімді жалғап көріңізші…
– «Үркер» журналының Бас редакторы Қуандық Түменбай, тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы, фантаст-жазушы Жүніс Сахиев, жазушы Серік Жәнәбіл, әдебиет сыншысы Жанұзақ Аязбекұлы, радиожурналист Сайлаубай Тойлыбай, марқұм жазушылар Сейітқұл Оспанов пен Дидахмет Әшімхан. Бұл өресі биік тұлғалардың жартысы ғана. Өзге де курстастарымды төмен қоймаймын.
Ой-отауда сұхбаттасқан Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков
Ораз-еке, осы Невада Семей қозғалысына атсалысқандардың қатарында болған ем. Естеріңде ме, 89 дың ноябрінде Абыралыдағы бір семияны көшіргеніміз. Мықты жазыпсың сұқпатты. Айналып кеткір, көрінбейтін еңбектің иесісіңдер ғой!
Жақсы айтыпты. Көп жағдайлар жастар үшін беймәлім ғой, мұндай сұхбаттар біраз жайдан хабардар етеді.