Ашық әңгіме

Мәкеңмен жиналыстан бірге шықтық. Мана кіргендегі жаймашуақ көңілден із де қалмаған.  Түрі сұп-сұр.
– Ана әкімнің ой-өрісі белгілі болды. Бары сол, тегіңді ұрайынның білгені осы болса, енді не істейсің, – деді ызбайлана, – олардың асына көз артпалық, әйдә кеттік, осы ауданда кіміңіз бар?-деді төтесінен. – Бажам бар.
– Әйдә, тарттық бажаңызға. Бір шай табылар. 
Мана осы басқосуға жеткенше аудан әкімін аяқ-қолын жерге тигізбей мақтап келген болатын. Енді мына күйіне аң-таңмын.
Мамадияр Мамытов екі жыл болды, Астанадан ірі қаржы мекемесіне бастық болып келген отыздан асқан көкқасқа. Облыстың әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалын түсіндіру тобының мүшесі ретінде сапарға бірге шыққан бетіміз. Несін айтасыз, Мәкең мінбеде дәйек-дерегін шебер  өріп, шарықтата шымыр сөйлейтін шешен екен. Жиналғандар ду-ду қол шапалақтап риза болысты. Жиналыс сәтті аяқталып еді.   Бірақ, Мәкеңнің аяқ астынан шала бүліне қалғанына әлі біртүрлімін…
Ақыры аудан басшысының түскі дастарқанына бұрылмадық. Сәтін салғанда бажам мен оның ­әйелі үйінде екен. Әп-сәтте ет асып, асты-үстімізге түсіп, бәйек болды да қалды. Мәкең екі рюмке вискиден кейін  манадан гөрі қабағы ашылып, көңілі жайланғандай. Әйтсе де, сөзінен аудан әкіміне деген әлі бір сыз байқалады.
Түс ауды,  үйге қайтып келе жатырмыз.
– Мәке, жиналыстан,  аудан әкімінен сіздің көңіліңіз қалатындай ешнәрсе байқамадым. Неге өкпелісіз? – дедім жайланған көңіліне қарай.  Мәкең сәл-пәл үнсіздіктен кейін даусын бір қырнап алып:
– Сіздермен ашық сөйлесу қауіпті. Әйтсе де, осы жолы әңгіменің ашығын айтайын. Осы азын-аулақ жасымның өзінде түрлі жағдаймен  адамдармен көп араластым. Күйген-түйгенім бар.   Рас, мана менің сөзіме жиналғандар қол шапалақтады. Ол бір жағынан тобырдың  үйреншікті дағдысы да болуы мүмкін. Маған  бәрінен де қатты батқаны – аудан әкімінің қорытынды сөзі. Ол  менің  тегімді атағанмен, басқа түк айтпады, бәтшағар. Ал мен болсам, оның аузынан мақтау күтіп, алаңдап отырдым. Менің өңірге танымал басшы, іскер азамат, облыстағы санаулы креативті жан екеніме тоқталып, қошамет-қолпаш сөзін айтса, тағынан түсіп қалар ме еді?  Менің жаным әлі жай таппай келеді. Мен бәрібір ертең оған қоңырау шалып, өкпемді тура айтып саламын.  Жетістікке жетіп, қадірім артқан  сайын күндесім көбейді, қазір.  Маған қалай болғанда да   қолпаш-қошемет керек.  Шындығына келсек, күллі зиялы қауым да, басқалар да  бүгінде көзбе-көз, жүз бе жүз отырып бірін-бірі мақтап-мадақтайды. Бұл өзі қалыптасып, дәстүрге айналған этикет. Мансап пен байлық – мәртебе. Ал мәртебеге мадақ жарасып тұрады. Солай емес пе? – деп бұрыла қарағанда , мен де сол сәт оның жүзінен әзіл-қалжыңның табын іздеп тіке қарадым. Апырай, сабазың бипаз да байсалды күйі, әзіл емес,  шыны секілді..
– Адам көңілі бір атым насыбайдан қалады дейтіні  рас-ау, – дедім мен.
  Мәкең басын шайқап, оған келіспейтінін байқатты. 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓