Еңбек Даңқы кітабы эстафетасы бастау алды

Бұған дейін оқырманымызды  «Қостанай облысының Еңбек Даңқы кітабы» эстафетасының басталатыны жайында ақпараттандырған едік. Енді міне, сол игі шара алдымен Меңдіқара ауданында әсіресе, Харьков ауылында өткізіліп, меңдіқаралықтар эстафетаны Аманкелді ауданына салатанатты түрде табыс етті.
Іс-шараны ұйымдастыруға тікелей бастама көтерген облыс әкімі Нұралы Садуақасов болатын. Негізгі идея – жастардың санасына адамгершілік және патриоттық рухты қалыптастыру, Еңбек адамының бейнесін көрсету, қазіргі һәм болашақ құндылықтарды бағалау, аға буын өкілдеріне, Еңбек ардагерлеріне деген құрметті арттырып, жауапкершілікке үндеу, мақтаныш сезімін ояту болып табылады.

IMG_8988

Меңдіқара жерінен бастау алған эстафета облысымыздың әр қала мен аудандарын аралап, еңбекпен шыңдалып, өз жерінде жетістікке жеткен тұлғалар бейнесін қайта жаңғыртады. Игі іске мұрындық көрсеткен облыстық ішкі саясат басқармасы екенін айта кеткен жөн. Оған облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасы, кәсіподақ, арадагерлер кеңесі ұйымдары да атсалысты. Биыл кеңінен аталып өткен Жеңістің 70 жылдығына байланысты Әскери Даңқ кітабының эстафетасы да дәл осындай сипатта ұйымдастырылған-ды.
Еңбек Даңқы кітабының алдымен Харьков ауылынан бастау алуының бір сыры – мұнда алғашқы болып қыз-келіншектер арасында трактордың тізгінін ұстап, күллі одаққа танымал Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаева шыққан. Одан кейін еліміз Тәуелсіздік алғаннан соң Қазақстанның Еңбек Ері атағы Сайран Бұқановқа бұйырған. Ол отыз жылдан астам Харьков ауылындағы «Қарқын» ЖШС басқарып келеді.
Салтанатты шараның мұнда өткізілуінің тағы бір қызығы – Сайран Бұқановтың туған күнімен, яғни, 65 жас мерейтойымен тұспа-тұс келуі. Арнайы мәжіліске қатысқан қонақтар ауылдың тарихымен таныса отырып, еңбек адамдарының бейнесі сомдалған көрмені тамашалады. Ауыл орталығындағы соғыс және еңбек ардагерлерінің құрметіне ашылған аллеяны аралады. Ауыл басқарған ең алғашқы басшылардан бастап күні бүгінге дейінгілердің есімдері жазылған тақтаны көрді. Ауылдық кітапханының жұмысымен танысты.

IMG_8966

Содан соң мәдениет үйінде аудандық өнерпаздар «Адамды адам еткен – Еңбек» тақырыбының мазмұнында концерт қойып, көрермендерін тәнті етті.

IMG_8992

Меңдіқара ауданының әкімі Виктор Ионенко Аманкелді ауданынан келген әкім орынбасары Сабыржан Хайруллинге кітапты тапсыру кезінде жақсы ойдың қалыптасып туғанын, енді меңдіқаралықтардың дәл осы сипатта өз кітабының жарық көретінін, кейбір еңбек адамдарының енбей қалған бейнесі ауданның өз кітабында жарияланатынын жеткізді.

IMG_9062

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин жиналған қауымға ризашылығын жеткізіп, кезінде Жоғары Кеңес депутаттарының съезінде ақын Олжас Сүлейменовтің «Құрғақ қасық танкіден де қорқынышты» деген сөзін есіне алды. Мұны Кенжебек Үкіұлы 90 жылдардағы қиыншылық уақытта Харьков ауылын қираудан тұтастай сақтап қалған басшы Сайран Бұқановқа қатысты айтты.
Мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Гүлжан Меңдекинова да сөз сөйлеп, осы игі идеяны жүзеге асыруда бірнеше архивтік құжаттардың қаралғанын әңгімеледі. Алдағы уақытта өңіріміздің 80 жылдығы тарихына орай бұл кітаптың келешек ұрпаққа берері мол тағылымды һәм танымды дүние екендігін ішкі саясат басқармасының басшысы Жанділдә Мақанов белгілі ағылшын жазушысы Джонатан Сфивттің сөзімен жеткізді.
Эстафетаны қабылдап алған Сабыржан Хайруллин Еңбек Даңқы кітабының келесі беттері аманкелділіктердің бейнесімен толыға түсетінін айтып, жылы лебізін білдірді.
 
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓