Қант қоры жеткілікті
Қостанай облысының тұрақтандыру қорында 692 тонна қант қоры бар. Бұл туралы Қостанай облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы хабарлады.Қант дүрлікпесі Қазақстанның барлық өңірінде өзекті болып тұр. Алайда Қостанай облысының әкімдігіндегілер тұрақтандыру қорында қант қоры жеткілікті екенін айтады. Сонымен қатар, қазір "Тобыл" ӘКК АҚ "Көксу қант зауыты" ЖШС-нен (Алматы облысы) 680 тонна көлемінде қосымша қант сатып алу жөнінде жұмыс жүргізуде.
"Қостанай облысында 858 мың адам жылына 14,5 мың тонна, айына 1,2 мың тонна қант тұтынады, яғни бір адамға шаққандағы норма жылына 17 келіге тең. Облыста қант өндірілмейді, халық сырттан әкелінген дайын өніммен қамтамасыз етіледі. Жыл басынан бері облысқа Ресейден 4,8 мың тонна қант импортталды. Облысқа қант жеткізуші ірі кәсіпорындар – "Лисван" ЖШС, "Бас торговой 21" ЖШС, "Коst Export" ЖШС, "К-Продукт" ЖШС", – деп хабарлады облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы.
"Азық-түлік келісім шарт корпорациясы" ҰК" АҚ арқылы көтерме тауар жеткізушілері 136 тонна қант әкеліп, ол бөлшек саудамен сатылды. Қосымша осы айдың соңына дейін тағы 68 тонна қант әкелу жоспарланып отыр. Мамырдан маусымға дейін көтерме саудагерлер халыққа және өнеркәсіптік кәсіпорындарға 600 тоннадан астам қант сатқан.
16 маусымдағы жағдай бойынша, 320 тонна қант сатылды, оның 169 тоннасы облыс орталығының сауда желілеріне және 151 тоннасы қалалар мен аудандарға жеткізілген.