А. Ахметжанов пен М. Қалиевке қатысты сот отырысы басталды
Бүгін Қостанайда облыс орталығының бұрынғы әкімі Ахметбек Ахметжанов пен оның орынбасары Мақсұт Қалиев, кәсіпкерлер Гагик Овнанян, Леонид Васильев және Сергей Бектібаевтардың сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша соты басталды.
Үдерісті мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ерлік Сералин жүргізеді. Бақылаушылар мен тыңдаушылардың көп болуына байланысты талқылау Қостанай қаласы №2 сот залдарының бірінде өтуде.
Ахметбек Ахметжанов ірі көлемде пара алғаны, лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланғаны, кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіргені үшін айыпталуда.
Қостанай қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Қалиев пара алуға делдал болғаны үшін, Гагик Овнанян – бірнеше рет ірі көлемде пара бергені үшін, Сергей Бектібаев пен Леонид Васильев лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануға жәрдемдескені үшін айыпталды.