Қайырымдылықты бұлдама да, пұлдама!

Редакциядағы күйбең тірлікпен материалдар қорытып отырған едім. Фото тілшіміз Бағдат Ахметбеков кіріп келіп: «Нұреке, бір кісі сенімен жолығуға ниетті. Уақытыңыз бар ма?» деп, не үшін кездесетінімізді қысқаша баяндап берді. Келістім. Келіспеске лаж жоқ. Әдемі тақырып. Оқиғаның кейіпкері өзі ұсыныс жасап жатса, қалай қол сілтеп қоя бересің.
Ал, сонымен Сіздерге түсінікті болуы үшін оқиғаны басынан айтып берейін. Мына суреттегі ғимараттың бірнеше бөлмесіне таяуда қылмыскерлер тапа-тал түсте ұрлыққа түседі. Әр бөлменің құлыптарын бұзып, дүниелерін үптеп кетеді. Біраз адамдар зардап шегеді. Ұрлықшыларды бір де бір жан көрмеген. Бірақ кейіпкеріміз Жанна Тұяқбаеваға анау айтқандай, өте-мөте зиян келмепті. Тек бар болғаны сөмкесіндегі әмияны жоғалып, оның ішіндегі барлық құжаты бірге кеткен. Сөйтіп, кейіпкерімізбен жүздестік. Ол бұл ғимаратта өзінің жеке бөлмесінде визажист болып еңбек етеді екен.IMG_0949
– Сізбен кездескім келгені,– деп бастады Жанна әңгімесін. – Кешелі бері көңілден бір ой кетпей қойды. Қазір адамдар өте қатыгез боп барады емес пе?! Соның бір дәлелі мынау ұрлық. Қайырым жасайтын жандар тіпті, аз қоғамда. Барлығы жан-жағына немқұрайлы қарайды. Яғни, бәрі бір.
Расында да, кейіпкерім «не айтпақшы?» деп сәл ойға шомып кеттім. Ол мұнымды тез түсіне қойды.IMG_0946
– Кешіріңіз, мен әңгімені осы қайырымнан бастағым келді. Бағдат әріптесіңіз біраз жайттан сізді хабардар еткен шығар. Түнеукүнгі ұрлықта әмиянымдағы құжаттар жоғалғанда «Апыр-ай, не істесем екен? Барлығын қалпына келтіруге уақытым зая кететін болды-ау» деп сары уайымға салынып отырғанда баламның сынып жетекшісі телефоныма хабарласып, «Сіздің әмияныңызды бір жігіт тауып алыпты» деп, тез арада сөйлесуім қажеттігін айтты. Сөйтіп, екеуіміз кездесіп, ол маған әмиянымды әкеп берді.IMG_0948
– Кешқұрым жұмыстан үйге қайтып келе жатқанмын,– деп қасымда манадан үнсіз отырған Бағдат сөзге араласты. – Бір подъезде тұратын әжей үйге кіре берісте мені көріп «Балам, мынау әмиянды жаңа бір әзірде тауып алдым. Сен газетте қызмет істейсің ғой. Ретін табарсың. Иесіне қайтарып берші» деп өтінді. Әмиянды олай-бұлай қарап, бір телефон нөмірін байқап қалдым да бірден қоңырау шалдым.
– Иа, ол баламның сынып жетекшісінің нөмірі,– деді Жанна Бағдаттың сөзін одан әрі жалғай түсіп. – Әріптесіңіз бұл жерде әмиянды бір шолып өтіп, «Ей, қойшы, қайтем мұны. Кезекті тағы бір жағдай ғой. Қазір кім құжаттарын жоғалтпай жатыр дейсің. Әйтеуір, өз құжатым аман. Соған шүкір!» деп жүре берер еді. Жоқ, ол өйтпеді. Керісінше, қайырым көрсетті. Мен әлгінде әңгімені осы қайырымнан бастағаным да содан. Тіпті, әріптесіңізге осы ниеті үшін ризашылығымды көрсетіп, тиын-пұл беріп жатсам да алмады. Қоғамымызда осындай жандар көп болса, игі деп, артынша біраз ойлана отырып, өзінің газетте қызмет істейтінін біліп, «неге қайырымдылық» турасында айтпасқа деп Сізбен арнайы кездескенім де сол.
…Иа, Жаннаның айтуы орынды. Несіне жасырамыз? Қазір қоғамда қайырымдылық жағы ақсап жатыр. Кейбірі көрсеткен қайырымдылығын бұлдап, пұлдап жататады. Біз Жаннаға осындай ойды жадымызға салғаны үшін рақметімізді айтып қоштастық. Әр адам қандай да бір ізгі істі өзінен бастап, қоғамға пайдасын көрсетіп жатса, нұр үстіне нұр емес пе, ағайын?!
 
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
 
Суретте: Ұрлық болған ғимарат.
                          Оқиғаның кейіпкері Жанна Тұяқбаева.
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓