Тәуелсіздік және мемлекеттік тіл
Ы.Алтынсарин атындағы Рудный
әлеуметтік-гуманитарлық
колледжінің оқытушысы
Қазақстанның басты жетістігі – ел Тәуелсіздігі екенін мемлекет басшысы Н.Назарбаев әрдайым айтып келеді. Нұрсұлтан Әбішұлының "Нұр Отан" пар-тиясының XV съезінде: "Мемлекеттің, қоғамның және азаматтардың күш-жігері түгелдей Тәуелсіздікті нығайтуға бағыт- талуы тиіс" деген сөзі әрбір қазақстандықты бейжай қалдырмасы хақ.
Ал, "Тәуелсіздікті нығайту" дегеніміз не? Ол үшін не істеуіміз керек? Азаматтарымыз қандай болуы тиіс?
Қалыптасқан мемлекет ретінде әлемдік кеңістікте өзіндік орны бар Қазақстан биылғы жылы елулікке еніп, ел мерейі арта түскені белгілі. Ендігі меже – 2050 жылға қарай отыздыққа ену. Ірі мақсат, ұлы мақсат. Оған жету үшін, әр қазақстандыққа ұлтжандылық, елжандылық, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік, намысқойлық секілді елдікті, мемлекеттілікті нығайтуға пәрменді қасиеттер тән болуы тиіс.
Қуатты, индустриялық-инновациялық мемлекет құру жолындағы іс-қимылдарымыз қаншалықты табысты, нәтижелі болса, Тәуелсіздігіміздің де соншалықты берік, баянды болғаны. Яғни, жарқын болашақ – жасампаз еңбек адамдарының қолында. Неге десеңіз, нағыз отаншыл, патриот, еңбекқор жандар ғана биік бе-лестерді бағындыра алады.
Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі. Елбасы Н.Назарбаев "Қазақстан–2050" Стратегиясында: "Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл, ең алдымен, елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады" деп, қадап айтты.
"Қазақстандық патриотизм" – кейінгі жылдары пайда болған ұғым. "Патриотизм" сөзінің "қазақстандық" деген анықтауышпен берілуі тегін емес. "Бір ел – бір Отан" дегенді басшылыққа ала отырып, баршамыз Қазақ елі үшін өмір сүріп, еңбек етіп, жырын жырлауымыз, яғни, жүрегі "елім, жерім" деп соғатын азаматтарды тәрбиелеуіміз қажет.
Басқаша айтар болсақ, қазақстандық патриотизм – ол туған Отаның – Қазақстанды сүю, ел бірлігін қастерлеу, материалдық және рухани құндылықтарына жанашыр болу, республика көлеміндегі маңызды оқиғалардан хабардар болып отыру, оларға өзіндік үн қосу, өз салаңда бәсекеге қабілетті болу.
Қазақстандық патриотизмге тән маңызды белгілердің бірі – ол мемлекетіміздің бас тілі – қазақ тілін білу.
Ұлт патриоты, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының ана тіліне арашашы болғанын оның мына сөздерінен аңғару қиын емес:
• "Осы күнде ана тілімізді білмейтін оқымыстыларымыз аз емес. Бұл біз үшін жетістік пе? Өз басым жетістік деп айта алмаймын. Себебі, анасын сыйламағандардан қандай мейірім күтуге болады?"
• "Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту".
• "Тіл байлығы – елдің елдігін, жұртшылығын, ғылымын, әдебиетін, өнеркәсібі, мәдениетін, қоғамдық құрылысын, салт-санасын, жауынгерлік дәстүрінің қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелді мөлшері".
• "Тілсізді айуан дейді. Тілі кедей елді мәдениетсіз, анайы, надан халық дейді".
Батыр Бауыржан атамыздың тілге қа-тысты осы ой-толғамдарының қай-қайсысы болсын маңызды, өзекті, өміршең. Айталық, "тілі кедей елді мәдениетсіз" деуінің астарында кең мән-мағына жатыр.
Белгілі жазушы Төлен Әбдік, талантты журналист, "Егемен Қазақстан" республикалық газеті" АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов сынды елге тұтқа боларлық азаматтардың да "Тілі әлсіз мемлекет мықты бола алмайды" деген пайымын жастардың біліп жүргені абзал.
Өкінішке қарай, қазіргі жастар мемлекеттік маңызы бар істердің байыбына бара бермейді. Оларды көп нәрсе қызықтырмайтын секілді. Мен мұны өз тәжірибемде кезіктіргеннен кейін айтып отырмын. Колледжде орыс тілінде жүргізілетін топтарда қазақ тілінен сабақ беремін. Әлі күнге дейін кейбір студенттердің қазақ тілінің болашағына сенбейтінін аңғарып қаламын. Бірде сабақ үстінде "Қазақстан–2050" Стратегиясы туралы сөз қозғап, оқушыларға аталмыш құжаттағы мемлекет басшысының: "Қазақстан болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі 2025 жыл-ға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Осылай тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі. …Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бейжай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз" деген сөздерін оқып бердім. Сол кезде Света Ф. деген қыз: "Білмеймін. Сену қиын. Бізден кейінгілер болмаса, менің қатарластарым қазақ тілінде сөйлеп кетпейтіні анық" дегенді айтты. Міне, он жеті жасар қыздың қазақ тіліне деген көзқарасы осындай.
Осындай жастарға ой салсын деген ниетпен, олардың патриоттық сезімін оятып, жетілдіру мақсатында өмірден дәйектер келтіремін, я болмаса газет-журнал материалдарын пайдаланамын.
Айталық, студенттерімді рудныйлық Евгений Дадаровтың өнегесі қызықтырады. Мен оларға Евгенийдің қазақ тілін қалай үйренгенін айтып бердім. Орыс жігітінің тілді үйренуге деген ынта-ықыласы аса зор болды. Соның арқасында қазақ тілін жетік меңгеріп, "Тіл – ұлт жанын танудың кілті" республикалық байқауында 1-орынға ие болды. Индустриялық институтты үздік бітіріп, колледжде қазақ тілінде дәріс жүргізді. Мен Е.Дадаров туралы "Патриот" деген атпен көлемді материал жазып, ол "Егемен Қазақстан" газетінде (2013ж. 26 шілде) жарық көрді. Сондай-ақ өзге пәндермен қатар, қазақ тіліне де ерекше құрметпен қарап, өзгелерден ерек көрінген И.Вебер, И.Чернышева санды студенттерім туралы жазғандарым жергілікті "Рудненский рабочий" газетінде басылып шықты.
Өз тәжірибемде қазақ тілін белсенді қолдануы арқасында қызметтері жоғарылап, елге танылған Оксана Петерс, Максим Рожин, Игорь Сахар, Татьяна Домнина, Елена Рыбина секілді өзге ұлт өкілдері жайында жазылған материалдарды жинақтап, олардың тілді үйренуге қатысты ой-пікір, ақыл-кеңестерін студент жас- тарға жеткізіп отыруды жөн санаймын. Олардың мемлекеттік тілге қатысты айт-қан сөздерінен үзінділер келтірейін.
Максим Рожин: "Ересектерге тілді тез арада меңгеріп кету біршама қиындық тудыруы мүмкін. Ал, балаларға бұл оңай. Олар естігендерінің бәрін миына тоқи береді ғой. Қазақстанда тұрған қандай ұлт болсын, осы елдің тілін меңгеруі тиіс. Сондықтан ата-аналар балалары үшін қазақы орта қалыптастыру керек. Қазақ балабақшасына берсін, қазақ мектебінде оқытсын. Қазақ әнін тыңдатсын, қазақтың ұлттық ойындарын ойнатсын. Осындай мәселелерге ата-аналар баса назар аударса, балалары кейін ата-аналарына тілді өздері-ақ үйретеді".
Майя Веронская: "Көкірегімізде пат- риоттық сезімді оятып, қалыптастыруда отандық басылымдарды оқып, отандық әріптестерімізді тыңдап, өз бағдарламаларымызды көргеніміз абзал. Сонда ғана сезіміміз, патриоттық рухымыз қалыптасады. Әсіресе, ұлттық сезім, Отанға деген махаббат.
Ал ондай сезімі жоқ адамдар елінің нағыз патриоты бола алмайды".
Тек жастар арасында ғана емес, үлкендер арасында да патриоттық сезімі жоғары жандар баршылық. Олардың қатарында өзбек Розақұл Халмұрадов, ұлты орыс Сергей Жалыбин, Сергей Дьяченко және т.б. атауға болады. Мәжіліс Төрағасының орынбасары туралы "Шетелде жүрсем, жусан иісін сағынамын" (авторы М.Рсалин), "Біз қазақ тілін білуге міндеттіміз" (авт. А.Сейтақ), "Менің арманым – немерелерімнің қазақша сөйлеуі" (авт. К.Тасболатова) және т.б. материалдар менде жинақтаулы тұр.
Кезінде Ақмола облысының әкімі ретін-де Дүниежүзі қазақтарының кезекті құрылтайында С.Дьяченконың баяндаманы бастан-аяқ қазақша жасауы көп нәрсені аңғартса керек. Жиын аяқталған сәтте қатысушылардың әкімді қоршап алып, ризашылығын білдіруі тілді құрметтеген азаматқа деген ерекше көңілден туындағаны анық. "Тілге құрмет – елге құрмет" деген осы да.
Ұлты әзірбайжан болғанымен, жаны қазақ Асылы Османды елімізде білмейтін ересек жан кемде-кем шығар. Алайда бұл кісіні жастар жағы біледі деу қиын. "Қазағым барда мен бармын" дейтін Асылы апамыздың өмірі – өзгелерге өнеге.
Ұлты өзбек Р.Халмұрадов туралы да біршама материал сақтаулы. Розақұл Сатыбалдыұлы "Қазақ тілі – амандасу мен қоштасу тілі емес, ол мемлекетті басқару тілі болуы керек", "Қазақ тіліне жанашырлық көзқарас керек" деп, өзгелерге ой салар нағыз патриоттың сөзін сөйлеуден танбай келеді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Р.Халмұрадов: "Біз, халық қалаулылары, қазақ тілі туралы айтқанда істі алдымен өзімізден бастау керектігін ұмытамыз. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс. Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналу үшін, біз қандай үлес қосып жатырмыз?" деп, әріптестеріне орынды сын айтты.
Осылайша, аға буын өкілінің өнегесімен қазіргі жастар "Мемлекеттік тілдің дамуына қандай үлес қосып жүрмін?" деген сұрақ төңірегінде ойланып, осы жолда нақты іс-әрекеттер жасар болса, 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95%-ы мемлекеттік тілде сөйлеп, еліміздің бас тілінің қолданысы әлдеқайда кеңейе түсері хақ. Ал, мемлекеттік тілде сөйлеп, оны белсенді түрде қолданысқа енгізу – бұл қазақстандық патриотизмнің маңызды көрінісі.