Мақсат – пробация қызметін нығайту
Облыс орталығындағы ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында пробация қызметі мәселесі бойынша Солтүстік Ирландияның халықаралық сарапшысы Томас Паттерсонмен, халықаралық сарапшы Ілияс Нұрмағамбетовпен, сол секілді ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі Комитетінің Қостанай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдерімен кездесу болып өтті. Кездесуге академияның басшылық әкімшілігі, профессорлық-оқытушылық құрамы, бөлімшелер мен қызмет жетекшілері және тағы басқалары қатысты.
Кездесуге қатысушылар «Қазақстанда сот реформасын қолдау: пенитенциарлық үдеріс реформасына және сот актілерін орындау тәртібіне қолдау көрсету арқылы қылмыстық сот төрелігін жақсарту» жоба тақырыбын жан-жақты талқылады. Жобаның мақсаты- сот төрелігі жүйесін ізгілендіруге ұлттық стратегияны жүзеге асыруға қолдау көрсету арқылы Қазақстанда заң мен сот реформасының үстемдігін нығайту. Атап айтқанда, мақсаты – жеке құқықтарын қорғауды, кең ауқымда қылмыстық сот төрелігі жүйесінде және жәрдем беру, пенитенциарлық үдеріс реформасы мен сот актілерін орындау тәртібін қолдау үшін оның еуропалық және халықаралық стандарттармен жақындасуын жақсарту болып табылады.
Академияның бастығы полиция полковнигі М. Қызыловтың айтуынша, оқу орнында «Қазақстан Республикасында пробация қызмет институтын дамыту: құқықтық және ұйымдастыру мәселелері» тақырыбы бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілу үстінде. Сонымен бірге Академия пробация қызметі моделінің әзірлеушісі. Оқу орнының мамандары пробация қызметінің іс-әрекетін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерін жасап, даярлауға қатысып отыр.
Гүлназым САҒИТОВА