Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың халыққа Үндеуі

Бүкіл қазақ­стан­дықтарды, қоғамның барлық әлеуметтік топтарын уақыт талап еткен шешімді қолдауға үндеймін. Баршаңызды сайлауға белсене қатысуға, еліміздің болашағы жолындағы тұтастығымыз бен бірлігімізді тағы да танытуға шақырамын.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ
 
 
20-01-01Мен Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату және жаңа сайлау тағайындау туралы ұсынысын талдап қарадым.
Бұл күндері менің атыма бастамаға қолдау көрсеткен көптеген хаттар мен жеделхаттар келіп түсті. Кезектен тыс сайлау өткізу қажеттігі туралы пікірді сая­си партиялар мен кәсіп­одақтар, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпорындардың, мекемелер мен оқу орындарының еңбек ұжымдары құптады. Сондай-ақ, оған ардагерлер мен жастардың ұйымдары, бизнестің, ғылыми және шығармашылық зия­лы қауымның өкілдері, көптеген жеке азаматтар қолдау білдірді. Менің атыма келіп түскен бұл үндеулерде келтірілген барлық дәлел-дәйектемелер маған түсінікті. Оларда елге деген қамқорлық, саяси науқанды тездетіп аяқтауға және қойылған міндеттерді іс жүзіне асыруға кірісуге деген қажетсіну бар.
Бүгінде біздің ел күрделі жаһандық саяси және эконо­ми­калық үдерістерге тартылып отыр. Энергия қуатын бере­тін өнімдер бағасының құлды­рауы нәтижесінде көптеген ел­дерді жайлаған экономикалық дағдарыс бүкіл әлемдік эконо­микаға және оның ажырамас бөлі­гі ретінде біздің елімізге де елеулі ықпал етуде. Осы бір қиын уақыт ел алдына өте күрделі мін­деттер мен сын-қатерлерді тосып отыр.
Халықаралық ахуал да күр­делілене түсті. Жетекші мемлекеттер арасындағы қайшылықтар ұлғайып, олардың санкциялық теке­тіресі күшейе түсуде. Са­рап­шы­лардың көпшілігі әлем­дік державалар арасындағы келі­с­пеушілік «қырғиқабақ соғыс» аяқталғаннан бері дәл қазір­гі­дей ушығуға жетпеген еді деген пікірде. Осындай жағдай­да өңірлік жанжалдардың жаңа ошақ­тары пайда болуда. Тер­рорлық қатер де ұлғайып келеді. Босқындардың жаһан­дық толқыны планетаның жаңа өңір­лерін бірінен соң бірін басып қалуда. Әлемдік сауда көле­мі төмендеп, қор нарық­тары құлдырауда. Іс жүзінде әлем­нің барлық валюталары девальвацияға ұшырады. Осы­ның бәрі өңірлік және ұлттық экономикаларға теріс ықпалын тигізеді.
Әлемнің жаңа бет-бейнесі қалыптасып келеді, ол жөнін­де мен халыққа таяудағы Жол­дауымда айттым. Бұл дегеніміз индустрияландыруды, шағын және орта бизнесті дамытуды белсенді жалғастыра отырып, шикізат бағасы төмен жағдайда өмір сүруге бейімделуді білді­реді. Осы бір күрделі ахуалда біздің бәріміз үшін ең маңыз­дысы – ысырапсыз өмір сүру, ресурс­тарды үнемдеу, жұмыс орындарын сақтау екенін түсіну. Үкімет пен Парламентке бұл жағдайда бірлесіп, жинақы жұмыс істеп, жедел шешім қабыл­дау қажет. Біздің халқымызға бұрынғыша бірігіп, осы күрделі уақытта кез келген ықтимал аран­да­ту­ларға, қажет болса, заңна­ма­лық тұрғыдан тойтарыс беру керек. Ол жағдайдың нашар­лауына кінәлілерді іздеп, сая­силандырғысы келетіндерге де қатысты. Бұл – жаһандық үдеріс, оған бірде-бір ел, соның ішінде Қазақстан да ықпал ете алған жоқ. Сондықтан бәріміз топтасып, бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Қазір елдің әрбір азаматының патриоттығы сынға түсуде. Бізде тағдырға мойынсұнып, әйтеуір бір уақыттары бәрі ор­нына келетініне, мұнай баға­сы көтеріліп, жағдайдың жақса­ра­тынына үміттеніп отыруға уақыт жоқ.
Бүгінде кез келген жаһандық сын-қатерге үнемі жүйелі әрі алдын ала жауап беру және тиісті шаралар қабылдау маңызды. Бізге «Қазақстан-2050» Стра­тегиясының бағытын жалғас­тырып, дағдарысқа қарсы бағ­дар­ламаны іске асыру, Ұлт Жос­парын орындау керек. Мыңдаған азаматтарымызға жұмыс бере отырып, «Нұрлы Жол» бағ­дар­ламасын белсенді жүзеге асыру қажет. Үкімет, министрлер мен барлық дең­гейдегі әкімдер бұрынғы дағ­дарыс тәжірибесі мен инфра­құ­рылымдық құрылыс мүмкін­діктерін пайдалана отырып, жұмыс орындарын ұсыну ар­қылы шығындарды қысқарту, аппаратты оңтайландыру үшін резервтер іздестіруі тиіс.
Халыққа Жолдауда мем­лекетті, экономика мен қоғамды терең жаңғырту, бюджет саясатын үнемдеу, ұсынықтылық және қайтарымдылық қағидаттары негізінде оңтайландыру жөнінде ауқымды міндеттер қойылды. Парламенттің қазіргі құрамы Ұлт Жоспарына сәйкес, өнімді және ауқымды заң шығару жұмысын атқарды. Ендігі жұмыс Үкімет пен елдің барлық атқарушы органдарына, сондай-ақ, биз­нес-қоғамдастыққа тиесілі. Дағ­дарысқа қарсы шаралар мен Ұлт Жоспарын дер кезінде және сауат­ты жүзеге асыру солардың тиімді жұмысына байланыс­ты болады. Бұл біздің елімізді әлемдік қоғамдастық алдында тағы да биіктетіп, инвестиция тартады, елімізге деген сенімді нығайтады. Біз мұны жасауға тиіспіз.
Қазір біздің қоғамымыз 1991 жылы мүлдем бейтаныс ахуал­ға тап болған кездегідей абды­раған адамдар тобы емес. Біз Тәуелсіздіктің ширек ғасыр­ға жуық абыройлы жолын жүріп өттік. Біз жасампаз еңбек­те шыңдалып, табысты, қалып­тас­қан және әлемге сыйлы мемлекет құрған біртұтас халыққа айналдық. Мен депутаттардың бастамасын Қазақстан мен қазақстандықтардың тағдырына отаншылдық тұрғыдан қам­қор­лық танытудың көрі­нісі деп қабылдаймын. Мәжі­ліс­тің кезектен тыс сайлауы (оның ішінде Қазақстан хал­қы Ас­сам­блеясының да депу­таттары бар) және өңірлік мәслихаттардың ке­зекті сайлауы бірге өтуі уа­­қытты да, қаржыны да үнем­дейді. Бар­ша депутаттарға мем­ле­кетшіл ұстанымы мен аса жо­ғары тарихи жауапкершілік таныт­қаны үшін алғысымды айтамын.
Ел Конституциясының талаптарына сәйкес, мен Парламент Палаталары төрағаларымен, Премьер-Министрмен және Конс­титуциялық Кеңес төраға­сымен кеңестім. Ақылдаса келіп депутаттардың бастамасын қолдау туралы шешім қабыл­данды. Билік саласы өкілдері құрамының жаңартылуы еліміз бен халқымыздың мүддесіне сай келетіндігіне сенімім кәміл. Саяси партиялар күн тәрті­біндегі міндеттерді түсіне білетін сауатты, іскер және ел мүдде­сіне адал кандидаттарды ұсынуға тиіс. Бүгін мен Бесінші шақыры­лымдағы Парламент Мәжілісінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойдым. Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 2016 жылғы 20 наурызға белгіленді.
Бүкіл қазақстандықтарды, қоғамның барлық әлеуметтік топтарын уақыт талап еткен ше­шімді қолдауға үндеймін. Баршаңызды сайлауға белсене қатысуға, еліміздің болашағы жолындағы тұтастығымыз бен бірлігімізді тағы да танытуға шақырамын. Конституцияның кепілі ретінде Орталық сайлау комиссиясына және барлық өкі­летті мемлекеттік органдарға ал­дағы сайлауда заңдылықты, ашықтықты және әділеттілікті қам­тамасыз етуді тапсырамын. Дауыс беру науқаны және сай­лау күрделі кезеңде ұлтты ұйыс­тырып, біздің Қазақстанымызды жаңа белестерге алып шығуға көмектеседі деп сенемін.
Баршамыздың бір ғана мақсатымыз бар, ол мақсат – халық пен елдің игілігі! Бәріміз Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында еңбек етіп, бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Біз бірлесе отырып, бүгінгі заман алдымызға тосып отырған барша қиындықтар мен сын-қатерлерді міндетті түрде еңсеретін боламыз. Мен барша қазақстандықтарды, барлық саяси партияларды біздің ортақ шаңырағымыздың тағдырына жауапты қарауға және Отаншылдығымызды нығайта түсуге шақырамын. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейлі белесін мызғымас бірлікпен қарсы алайық!
Астана, Ақорда,
2016 жылғы 20 қаңтар

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓