ЭКСПО-ға орай АҚШ-тың ірі көлік компаниясы Астанада қызмет көрсетпек
Американың ірі көлік компаниясы Астанада қызметін көрсетуге мүдделі. Бұл туралы күні кеше «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында америкалық ірі көлік компаниясымен ынтымақтастық мәселелерін талқылау барысында мәлім болды, делінеді Қазақпарат агенттігінде.
Айта кетейік, «Атамекен» палатасы дөңгелек үстел ұйымдастырып, оған астаналық әуежай, вокзалдарында қызмет көрсететін такси-компаниялары, «Astana Innovation» компаниясының өкілдері қатысқан болатын. Шара аясында қатысушылар ықтимал инвестор саналатын америкалық «Carmel» және «Elizarov Consulting Group» компанияларының өкілдерімен кездесті.
«Carmel» компаниясы АҚШ қалаларына келетін туристер үшін сервистік қызметтер көрсетеді. Олар қызметтердің толық пакетін, таксиден бастап, кез келген нысандарды, орындарды аралауға дейінгі қызметтер ұсынады. Осының бәрі онлайн-режимде қадағаланып, жүзеге асады. Компанияның әлемде 180-нен астам өкілдіктері бар», – деді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасыың орынбасары Нұржан Әлтаев.
Оның айтуынша, америкалық компаниялар «ЭКСПО 2017» көрмесіне орай, Астанаға үлкен қызығушылық танытып отыр. «Халықаралық көрме аясында Астанаға келушілер 5 млн. адамды құрайды. Сондықтан да, біз дамыған елдердің осы бағыттағы қызметтерімен тығыз байланыс орнатуымыз керек. Сонымен қатар, беделді компанияның Қазақстанға инвестиция салып, жергілікті бизнеспен бірге жұмыс істеуге қызығушылық танытуы өте жақсы нышан. Сондықтан да, біз әр тараптан өкілдер шақырып бүгінгі басқосуды ұйымдастырып отырмыз», – дейді Нұржан Әлтаев.
Оның сөзіне қарағанда, америкалық компания Қазақстанға алғаш рет танысу ниетінде сапарлап отыр. «Олар қазіргі таңда біздің нарықты тұтастай зерттеп көрмекші. Сосын біз олардан нақты инвестициялық ұсыныстар күтетін боламыз», – деді ол.