Ескі орындарына – жаңа мерзіммен
Қарабалық ауылының Логовая көшесі бойында әлдебір бұзақылар жергілікті тұрғынды тапа-тал түсте тепкінің астына алып, соңғы үлгідегі ұялы телефоны мен бес мың теңге ақшасын қолды етіп кеткен. Дәрігерлер жәбірленушінің қабырғаларының сынғанын және көптеген дене жарақаттарын алғанын айтады.
Басбұзарлар сол күні-ақ қолға түсті. Бірі – ауданға қарасты Целинный ауылының 23 жастағы тұрғыны, екіншісінің 22 жастағы қарабалықтық екені анықталды. Екеуі де жас бола тұра заңға қайшы әрекетке талай мәрте барған. Ұрлық-алаяқтық үшін жауапкершілікке бірнеше рет тартылыпты. Целинныйлық жігіт дәл осындай қылмысы үшін 1 жыл 8 ай жазасын өтеп, жаңа жыл алдында бостандық алған. Екіншісінің де темір тордан енді босап шыққан беті екен. Түзету мекемесінің тәртібін таяқ құрлы көрмеген болса керек. Кеше құтылып, бүгін қайтадан тұтылған олар енді ескі орындарына жаңа мерзіммен оралмақ.
Ж.Балғынбекұлы