Жаяу жүргіншіні қағып кетті
Қостанай қаласындағы №3 емханаға баратын тұрғындар теңбіл өткелді кесіп өтеді. Бұл жерде жол қозғалысын реттейтін басқа белгі жоқ.
Дәл сол жаяу жүргіншілер жолағында көлік жүргізушісі әйел адамды қағып кетіп, оқиға орнынан тайып тұрған. Соққыдан кейін есін жиған Гүлжихан Боранбаева темір тұлпардың нөмірін де, көлік маркасында байқап үлгермепті.
-Аяқ-қолым сынып, мертігіп қалсам жалғыз қызымның жағдайы не болар еді? Бейнекамера жоқ. Бағдаршам да қойылмаған. Қаншама адам өтіп жатыр. Бәрін бірдей соғып, тайып тұра беру керек бе екен,-дейді Г.Боранбаева.
Басы айналып, денесі сырқап ауырған Гүлжихан қалалық ауруханаға барған. Өзінің аман қалғанына шүкіршілік етіп отыр.
-Жол полициясы қызметкерлері келгенге дейін зардап шеккен азаматтар сол жерден кетпеу керек. Ал ізін жасырып, жауапкершіліктен құтылмақ болғандарға қатаң жаза қолданылады,-деді Қостанай облыстық ІІД-нің әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Юрий Панасенко
Айта кетейік, Қостанай обылсы бойынша өткен жылы 613 жол апаты тіркелген. Олардың 225-і жаяу жолаушылардың қатысуымен болған. 33 адам көз жұмған. Осы жылдың алғашқы айынның өзінде екі оқиға тіркеліп, бір жасөспірім қаза тапқан.
Кенже Қонысбай
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков