Тартысты турнир
Қостанайлық шекарашылардың қатысуымен қаланың жаңадан ашылған спорт сарайларының бірінде волейболдан жарыс ұйымдастырылды. Аталмыш шараға «Жастар», «Қызбел», «Факел», «Қостанай», «Халық банкі», «Шекара қызметінің департаменті» волейбол командалары қатысты.
Спорт сайысының мақсаты – ел ішінде саламатты өмір салтын насихаттау. Әр қазақстандық жанына спортты серік ететін болса, ұлтымыздың денсаулығы қуатты болары сөзсіз. Волейбол ойынының ашылуында сөз алған Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы полковник Арман Жұмахметов осындай ой түйіндеді. Ол департаменттің Кубогына арналған жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ойын барасында әр команда шеберліктерін, табандылықтарын, жылдамдықтары мен ептіліктерін көрсетіп бақты. Бос уақыттарын доп спортына арнауды әдетке айналдырғандары айқын аңғарылып тұрды.
Осылайша, шекарашылардың бастауымен ұйымдастырылған дода тартысты өтті. І орынды «Халық банкі» құрама командасы қанжығасына байласа, ІІ орынға «Қызбел» құрама командасы ие болды, ІІІ орынды «Шекара қызметінің департаменті» құрама командасы місе тұтты. Жеңімпаз командаларға кубоктар, мақтау қағаздары табыс етілді.
Сонымен қатар, ойын кезінде шебер ойындарымен көзге түскен жекелеген ойыншыларға да арнайы дипломдар табысталды. Атап айтқанда, «Үздік шабуылшы» дипломымен Константин Венедиктов марапатталса, «Үздік байланыстырушы» Темірлан Назаров, «Үздік либеро» Азамат Көшербай, «Үздік пас беруші» Сергей Сокуринский, «Үздік блок қоюшы» Темірлан Ауғанбаев және Асхат Елеусізов «Үздік ойыншы» болып танылды.
Жарыс барысында әділ төрелік танытқан бірінші дәрежелі төреші Рафаиль Каюмов және бірінші дәрежелі төреші Александр Кирьянов, Нелли Кимдерге де диплом табыс етілді.
Манарбек Қарекенов,
ҚР ҰҚК ШҚ
Қостанай облысы бойынша
Департаменті, майор