Өнерді өгейсітуге болмайды
КСРО-ға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, саңлақ әнші Ырысты Ерденқызын өңір мәдениеті саласындағы кей мәселелер жиі мазалайды. Бүгінде Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда қызмет істейтін өнер шебері көкейінде жүрген көп жайтты біздің тілшімізге жайып салды.
-Мерзімді баспасөзді жиі парақтайтын болғандықтан, тілшілер қауымы жиі қолданатын «кешегі келмеске кеткен кеңес дәуірінде…» деген сияқты сөз тіркестерін көзім шалып қалады. Ол дұрыс та шығар, алайда, сол кездегі идеологияның пәрмені өте күшті еді. Мәселен, малшы-шопандардың үйіне уақытылы газет-журнал бармай қалса, кино бармай қалса, дер кезінде медициналық көмек көрсетілмесе, олардың азық-түлігі мезгілінде жеткізілмесе басың дауға қалар еді.
Мен өзі ұзақ жылдар бойы Жанкелдин ауданындағы мәдениет саласында қызмет істеген жанмын. Еңбек жолымды автоклуб меңгерушілігінен бастадым. Сол кезде автоклуб өз алдына жүреді, тағы үгіт-бригадасы, үгіт пойызы дегендер болатын. Сонымен пошта, денсаулық сақтау т.б. барлық қызмет көрсету саласының мамандары бірге еріп жүреді. Ал біздер – автоклуб мүшелері шалғай елдімекендерге кино, концерт апарамыз. Малшыларға газет- журналдар тасимыз. Интернатта жатқан оқушылардың әке-шешелеріне жазған хатын, ата-аналардың балаларына беріп жіберген сәлем-сауқатын жеткізетінбіз. Сонда Үкіметтің саясатын да, өзіміздің мәдени жұмыстарымызды да атқаратынбыз. Сол бір қиын кезде транспорттың жоқтығына қарамастан спектакльдер де баратын, концерт те қойып үлгеретінбіз. Ал қазіргідей « қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда мәдениетке, өнерге деген көзқарас, менің өз пайымдауымша өте төмендеп кеткен тәрізді.
-Бұлай деп кесіп айтуыңызға нақты не себеп?
-Өзім де осыны айталы отырмын. Біз қазір белгілі бір облыстық, республикалық деңгейдегі жұмыстардың көлеңкесінде қалып қойып жүрміз. Егер жоғарыдан жарлық түссе, «уралап» жүгіреді, бірақ, шалғайдағы ауылдардағы мәдени жұмыстар ешқандай сын көтермейді. Сөзім жалаң болмасы үшін мынадай факт келтірейін: облыстық филармонияда қызмет еткендіктен, ел ішіне концерт апаруымыз керек. Осы жағдайда аудан әкімдерімен, олардың орынбасарларымен, мәдениет бөлімдерінің меңгерушілерімен жұмыс істеуге тура келеді. «Бес саусақ бірдей емес» деген сияқты, бұл жерде де әр түрлі пиғылдағы азаматтардың барлығына көзім жетіп отыр. Мәселен, өткен жылдың соңғы тоқсандарында, концерт ұйымдастыру үшін облыстың бір шалғайындағы Жанкелдин, Аманкелді, Арқалық өңірлерін алдын-ала аралап шықтым.Бұл бір, екінші жолы концерт апардым. Сондағы байқағаным, облыс орталығына жақын орналасқан, өзге ұлты басым аудандар мен алыс елдімекендердегі мәдениет пен өнерге деген көзқарастың арасы жер мен көктей екен. Көбісінің айтатын уәжі: «Біздің өзімізде де өнерпаздар бар. Біз әкімнің тапсырмасымен жұмыс істеп жатырмыз». Ол қай әкімнің тапсырмасы екені бір құдайға ғана аян.
Өзіңіз көрдіңіз бе, облыстық мәдениет басқармасына бағынышты жергілікті мәдениет бөлімдері бәрін ысырып қойып, тек, аудан әкімдерінің ыңғайымен жүретін сияқты. Міне, төртінші айға кетті, мына тұрған Науырзым ауданында жоспарланған екі концерттің біреуін де өткізе алмай отырмыз. Мұндай жағдай іргедегі аудандарда да кездесті.
-Неге?
-Біріншіден, ауа-райы қолбайлап тұр. Сосын халық концертке келмейді-міс. Бұл енді әлгі басшылардың айтқанынан ұққанымыз. Өйткені, жұрт телевизордан барлық әншілердің концертін көріп алған. Қазір ештеңемен қызықтыра алмайсыз дейді. Бұл жәй ғана сылтау. Апыр-ау, біз неге қызықтыра алмайды екенбіз?!
Бар мәселе, меніңше, сол жердегі мәдениетті насихаттайтын азаматтардың немқұрайлылығында жатқан тәрізді. Олар өз жұмысын өз деңгейінде атқа білмейді. Жалғыз Науырзым ауданы ғана емес, басқа да көптеген аудандағы жағдай осы тақылеттес. Телефон арқылы барлығымен де хабарласамын, сонда: «кейін хабарласыңыз, кейін келіңіз, олай қылыңыз, былай қылыңыз»,- деп өзіме жөн сілтейді. Тастап кеткен билеттеріміз өтпей қалған. Түсініксіз.
Ал шындығында, концертті теледидардан көрген бір басқа, өнер адамын жүзбе-жүз көріп, оның жанды дауысын естіп, бағалаудың жөні бір басқа емес пе?! «Жұрт кешке қарай сериалдар қарайды. Сіздің концертіңізге ешкім келмейді»,-дейді мәдениетті басқарып отырғандар. Жарайды, онда жексенбі, сенбі күндері қояйық деп елдің ыңғайына жығылсаңыз, жоқ, ол күндері қыдырыс көбейеді деген уәждерін алға тартады. Өзіңіз ойлаңыз, ауданның білдей бір мекемесін басқарып отырғандардың айтатын сөзі ме,осы?! Сонда біздің мәдениетіміз қайда кетіп барады?
Рас, бүгінде әр өңірдің өздерінде де жергілікті өнерпаздар жеткілікті. Бұған ешкім дау айта алмасы хақ. Дегенмен, кәсіби әншілер мен әуесқой өнерпаздарды ешқашан салыстыруға болмайды. Кәсіби әншілер оқыған, олардың репертуарлары бай.
-Айтуыңызға қарағанда, облыстың бар аудандарын аралап үлгермегенге ұқсайсыздар. Мүмкін, кейінгілері «жылы қабақ танытар»…
– Алдымызда әлі бірнеше аудан бар. Олар қалай қарсы алады, ол жағы маған беймәлім. Негізінде, біз аудан орталықтарымен ғана шектелмей, алыс ауылдарға да өз өнерімізді көрсеткіміз келеді. Бірақ, олардың көбісінде клуб үйлері жоқ. Болғанмен, қыстың күні жылытылмайды. Қысқасы, концерт өткізуге еш мүмкіндік қарастырылмаған. Бұл жергілікті басшылардың айтқаны. Міне, осындай қиындықтар жиі алдан шығады.
Біз облыстық филармонияның атынан «Қазақ хандығының 550 жылдығына», ел Тәуелсіздігінің мерекесі қарсаңында халыққа өз өнерімізді көрсетейік» деген сыңайда аудандарға хат та жолдадық. Селт еткен біреуі жоқ. «Ауруды кезінде емдемесең асқынады» деген қазақта сөз бар, егер бұлай кете беретін болса, өнер ешқашан өрге баспайды. Менікі көңіл түкпірінде жүрген ой. Ақиқатын ел айта жатар.
Ертедегіні көксейді деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ, ол кезде үлкен тәртіп болды. Мәселен, жергілікті халықтың жағдайы оңып тұрмаса да, Алматы, Қарағандыдан келген әртістер далаға көрпесін төсей салып , ойын көрсететін. Қазір олай емес. Жергілікті басшылардың өнерге көзқарасы өзгерген. Бәрін теледидарға жабу дұрыс емес. Оны да тамашалау керек шығар. Алайда, талас-тартысқа толы түрік пен үндінің өмірі таусылмайтын сериалдарын көргенше, өзіміздің әншілерді, өзіміздің бишілерімізді тыңдаған көп артық емес пе?! Мен Ұлттық мұрамыздың өз дәрежесінде бағаланбай жатқанына қынжыламын.
Бізде мықты өнер шеберлері көп. Мәселен, ерлі-зайыпты Қадыр мен Майра Қаржауовтарды алыңыз. Олар қырық жылдан бері сахнада өнер көрсетіп келеді. Айтпақшы, былтыр Аманкелді ауданының Байғабыл ауылына барғанда «Бұл кісілерді бұрын теледидардан көріп едім, енді өздерін жақын жерден көрейінші деп келдім»,-деген 85 жастағы кейуананың сөзі жадымда жатталып қалды. Сосын, халықаралық, республикалық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпаздары Манапбек Кәдіров, Талғат Молдағалиев сынды дүлділ әншілеріміз бар. «Нью-бойс», «Талисман» би тобы, қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, орыс ұлт-аспаптар ансамблінің өнерін алыс ауылдағылар да тыңдаса несі айып?!
-«Бес саусақтың бәрі бірдемей емес» дедіңіз әлгінде өзіңіз. Жоғарыда аралаған аудан,қалалардың ішінде ілтипат көрсеткен кісілер де болған шығар.
-Болды. Мәселен, Арқалық қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сандуғаш Алматова қалаға қарасты бүкіл селолық округтерге тапсырма беріп, қол ұшын тигізді. Сәйкесінше ауыл азаматтары концерт ұжымын арнайы көліктерімен алдырып, алақандарына салды. Ол жақта өткен барлық концертімізге халық көп жиналды.
Сол сияқты, Аманкелді ауданы әкімінің орынбасары Сабыржан Хайруллин інімізге, аудандық мәдениет бөліміңнің басшысы Сағынғали Зәкірұлына алғыстан басқа айтарым жоқ. Нағыз азаматтар екен! Мен мұны өзгелерге үлгі болсын деген ниетпен айтып отырмын. «Халық қаласа, хан түйесін сояды»,-дегенді айтқан біздің қазақ, жергілікті басшылар жігерлі болса, шешілмейтін мәселе жоқ.
Сұқбаттасқан Айбек КӘДІРҰЛЫ