Моншақ тізген хас шебер
Қазақ қонаққа барса, ежелден келе жатқан әдет бойынша құр қол бармайды. Міндетті түрде бара жатқан үйдегі отбасы мүшелеріне кәдесыймен барады. Оның қандай болары өзіңізге байланысты. Соңғы уақытта қонаққа бара жатып дүкенге соғып, тәтті тоқаштар мен торт алып баруды әдетке айналдырдық. Бұл бір жағынан жақсы-ақ шығар. Бірақ, Рудный қаласында тұратын қолөнер шебері Бақыттыбай Кенжеғұлов есте қалатын қолдан жасалған бұйымдар алып барған дұрыс дегенді айтады.
Бақыттыбай Кенжеғұлов – қаңылтыр мен ағаштан түйін түйген шебер. Жастайынан қолөнер десе, ерекше мән беріп, өзіне ұнаған затты сатып алғаннан гөрі қолдан жасауды жөн санайтын. Сондықтан да ол соңғы уақытта моншақтан түрлі заттар жасауды үйреніп алды. Өзбекстаннан көшіп келген қандасымыз – ұмыт болып бара жатқан қолөнер шеберлігін жалғастырушылардың бірі. Өзі тағдыр тәлкегімен мүмкіндігінен шектелгеніне қарамастан шеберлікті жанына серік етті. Бұл өнерді меңгергеніне небары бір жыл болды. Осы аз уақыт аралығында оның жасаған бұйымдары халық арасында үлкен сұранысқа ие. Кейде алыстан арнайы іздеп келіп, түрлі әшекей бұйымдарына тапсырыс береді.
– Басында қиын болды. Бұл өнерді Сарыағашқа қонаққа барғанда өзім сияқты арбаға таңылған шебермен танысып қалғанда басталды. Ол да менің өтінішімді жерге тастамай бір екі рет сабақ алғаным бар. Онан кейін қайта баруға уақыт та болмай, Рудныйға қайта оралдым. Келгеннен кейін моншақ сатып алып, бір екі зат жасап көрдім. Уақыт өте келе қолым да ширақ қимылдап, шабытым оянып, жасайтын заттарымның түрлері күн сайын көбейе берді. Бұл да Алланың маған берген сыйы шығар деп ойлаймын. Оның үстіне, кеншілер шаһарында бұл іспен айналысатындар жоқ екен, – дейді шебер.
Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жан түгіл он екі мүшесі сау адамға жұмыс табу оңай шаруа емес. Қолөнердің қолдан жасаған бұйымдарына қызығып, сатып алушалар қатары жетерлік. Содан түскен нәпақа күн көріске жетеді екен. Бүгінгі таңда Бақыттыбай аға қыз-келіншектерге қажетті көздің жауын алатын сандық пен алқызыл гүл шоқтарын, балаларға арнап жан-жануардың барлық түрін жасай алады. Бірақ, соңғы кезде Қытайдан алдыртатын моншақтарды жеткізу қиындық туғызып отыр екен. Шебердің айтуынша, Қытайдан келетін заттарға шекарадағы талаптар күшейтіліп моншақтың жетуі қиындап кетіпті.
– Тапсырыстар түсіп жатыр, бірақ моншақ жоқ. Егер моншақ келсе, қаладағы өзім сияқты мүгедектерді жинап, өз өнерімді үйретсем бе дейімін. Олардың көбісі жұмыссыз үйде отырады. Ал бәріміз бірігіп жұмыс атқарсақ, қаражат та табамыз, өнерді де дамыта алатын едік. Оның үстіне билік басындағылар бір демеп жіберсе, бізге арнап бір бөлме берсе шексіз риза болар едім. Жасаған заттарымыздан түскен қаражатты емделуге жұмсасақ артық етпейді, – дейді ол.
Бақыттыбай Кенжеғұловтың барлық жұмысында демеп, шабыттандырып отыратын асыл жары Гауһар Алиева – кейіпкеріміздің көмекшісі, әрі ақылшысы. Екеуі талай қиындықты бастан өткерді. Кенжеғұловтар отбасы ешкімнен ештеңе сұрамайды. Масылдықтан мойды аулақ ұстаған отағасы маңдай тер еңбегімен осылайша нан тауып отыр. Ерлі зайыптының бүгінгі арманы моншақ келіп жатса, еліміздің мақтанышына айналған әсем қала Астанадағы аспанмен ұштасқан зәулім ғимараттардың үлгісін айнытпай моншақтан жасап, Елбасына тарту ету. Алда келе жатқан қазақстандықтар үшін 2017 жылы өтетін ЭКСПО-ға қатысып, осы моншақтан жасаған заттарды көрмеге қойып, қазақтың ұлттық өнерін көрсеткісі келеді.
Атадан қалған қасиетті өнер өлмеуі тиіс, қайта заман ағымына сай жаңғырып отыруы керек. Оны дәріптеуде бар күш-жігерін аямағын Бақыттыбай ағамыздың бұл ісі өзгеге үлгі болса дейміз.
Дамира Жүсіпбекқызы.
Рудный қаласы.