Қабілетті Әділеттің қадамы
Қазақтың кино қоржыны тағы бір тамаша туындымен толықты. "Ұлы дала зары" аталатын фильм ашаршылық нәубетін, кеңес дәуірінің қанқұмарлары қолдан жасаған, қазақтың 70 пайызын жойып жіберген зұлматты бейнелейді. Жалпы, осы тақырыпта түсірілген киномыз соншалық көп емес. Бұл фильм сол аздың біріне айналып отыр. Оның үстіне, зілдей қасіретті, жан түршіктірер жауыздықты тап осы туындыдай айна-қатесіз, әсерлі әрі нанымды берген картинаны көрмеппіз десек, қателесе қоймас едік. Ауыз толтыра айтар тағы бір жаңалық – осы кинода басты рөлдердің бірін қостанайлық оқушы Әділет Жанғали сомдады.
Жалпы, тарихымыздың осынау тақсіретті тарауын әлем жүзіне таныту қажеттігі туралы пікірлер ұдайы айтылады. Бірақ сөздің іске айналып жатқанын көзіміз шала қоймапты. Жаһан назарына сапалы киноөнім ұсыну осы мұратқа жақындататын бір жол сияқты. Бұл тұрғыдан алғанда,"Ұлы дала зары" фильмі діттеген нысанасынан қиыс кетпеді деп есептейміз. Өйткені осы туынды әлемге әйгілі "Алтын глобус" сыйлығының "Ең үздік шетелдік фильм" аталымы бойынша үміткерлер қатарынан көрініп, 7-8-9 қарашада Лос-Анджелес қаласында өткен фестивальдің шымылдығын ашып беріпті. Бұның өзін мұхиттың арғы бетіндегі талғампаз киногерлердің тың туындыға деген бағасы мен құрметі деп қабылдауға болады. Осы фильмде басты кейіпкерлердің бірі саналған Ілиястың рөлін жерлесіміз Әділет Сәбитұлы Жанғали сәтті сомдап шықты. Біз де бұл жаңалықты естісімен балғын әртістің қолын алып құттықтаудың ретін таптық, әңгімеге тартып көрдік. Балдырған да білгіміз келген, өресіне сай қойылған сұрақтардың барлығына мүдірмей, тиянақты жауап беруге тырысты.
Болашағынан зор үміт күттіретін Әділет бүгінде Қостанайда Ғ.Қайырбеков атындағы №9 орта мектептің 6 "б" сыныбында оқиды. Өзін әріден таныстырған ол тамырының Торғай жерінен екенін айтты. "Мен Көкалат ауылында беделді болған кісі Ғарифолланың шөбересімін" деп бастады ол әңгімесін. Ал, енді, бұл киноға түсуге әпкесінің түрткі болуымен жолдама алыпты.
"Осы фильмге кастинг болып жатқанын Айдана тәтем интернеттен көріпті. Сосын пробаға түсіп (сынақ тапсырмасы. – авт.), олардың электронды почталарына жібердік. Бірақ біз бұл кастингтен өтетінімізге сенімді болдық деп айта алмаймын. Содан кейін өздері хабарласып, өткенімізді айтып, тағы да тапсырмалар берді. Осылай екінші кезеңнен де өтіп, жолым болып кетті", – дейді Әділет.
Ол тәптіштеп бергендей, фильмнің режиссері Марина Кунарова, бас продюсері Ернар Маликов есімді дарынды тұлғалар екен. Кино түсіріліміне, арасындағы үзілістерді қоса есептегенде, 5 жылға жуық уақыт кетіпті.
"Түсірілім Алматы облысының таулы аймақтарында жүргізілді. Мен Алматыға екі рет ұшақпен барып келдім. Қасымда әжем болды, – дейді Әділет. – Киноның басым бөлігі қыста түсірілгесін қиыншылықтар көп болды. Күн суық, үстімде – ескі тон, аяғымда – пима, сол пимамен ағып жатқан салқын судан өтуім керек болды. Сол күні қатты тоңғаным әлі есімде. Бірақ сондай қалшылдап тоңған кездерде желілік продюсер Есения тәте мені жылы көрпеге орап, ыстық шайын беріп, бойымды жылытып, сондай мейірімділік көрсететін. Сол кісінің арқасында ауру-сырқаудан аман болдық деп ойлаймын".
Әділет "Ұлы дала зары" фильмінде Ілияс атты жеткіншектің рөлін ойнайды. Әкесі Тұрар мен анасы Нұрияның үш баласының тұңғышы. Сценарий бойынша, ақыр соңында зұлмат пен залымдық тырнағынан аман құтылып, бір әулеттен осы Ілияс қана тірі қалады. Айта кетейік, Әділеттің өзімен жолыққанға дейін осы фильмді арнайы сайттан көріп шыққан болатынбыз. Шыны керек, киноның басынан аяғына дейін демімізді ішке тартып, кей тұсында тұла-бой түршігіп, кей сәтінде еріксіз көңіл босап, айрықша әсер алдық. Әділеттің қабілетіне де ерекше тәнті болдық. Әйткенмен, өзінің ойыны туралы өзінен сұрағанымызда, мақтануға сараңдық байқатты.
"Рөлді қалай ойнап шыққаныма өзім баға беруден аулақпын. Әкемнің тәрбиесі сондай, – деді ол. – Бірақ Ернар аға мен Марина тәтеден (режиссер мен продюсерді айтып отыр – авт.) мақтау естігенімді жасырмаймын… Тағы бір ерекше жағдайды айта кетейінші, бір эпизодта маған қасқыр шабуыл жасап, үстіме секіріп мінетін сәт бар. Сол жерде шынымен қорыққанымнан айқайладым. Сонда алаңдағы барлық актердің "осы көріністі шынайы орындадың" деп әзілдеп күліп алғаны бар. Ал маған бұл мүлдем күлкілі болған жоқ".
Фильмнің сәтті шығуына ірі басты әртістер құрамының да әсері болғаны сөзсіз. Айталық, бұл туындыда Дулыға Ақмолда, Саяжан Құлымбетова, Ақылқан Алмасов, Сафуан Шаймерден секілді осы өнердің жілігін шағып, майын ішкен майталмандар ойнаған. Әділет бала болса да осындай сақа актерлермен бір алаңда жүріп, сабақ алып, тәжірибе жинағанын, өзін мұндай мүмкіндіктің туғаны үшін де бақытты сезінгенін айтты. Оған өз рөлін сәтті алып шығуына осындай атмосфераның да ықпалы тиген болар.
Айтпақшы, "Ұлы дала зары" Әділет түскен алғашқы кино емес екен. Осыған дейін ол "Бастық боламын" атты отандық телесериалдың наурыз мейрамы қарсаңында түсірілген "Наурызда бастық боламын" атты сериясында ойнаған. Ол кезде де интернет арқылы кастингке қатысып, таланы түсіп, топ жарған екен. Сол жолы да тәтесінің көмегі тиіпті.
"Мен үшін осындай кастингтерді іздеп жүретін Айдана тәтеме жанашырлығы үшін рахметімді айтамын. Айдана тәтем Қостанай қаласындағы №17 орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі", – деп жанашырын жақынырақ таныстыра өтті Әділет.
Жас әртіске киноға түсуге әлі күнге шақыртулар келіп тұрады. Бірақ түсірілімдердің барлығы Алматы қаласында өтетіндіктен, облыстың шалғайлығына байланысты, үнемі бас тартуына тура келеді. Оның үстіне, зерек оқушы сабағына көбірек көңіл бөлгенді жөн санайды. Бір қызығы, ішіміз сезіп-біліп тұрса да болашақ мамандығы туралы сұрап көрген едік, Әділеттің қалауы туралы асығыстау шешім шығарып қойғандаймыз.
"Негізі, актерліктен гөрі Геннадий Головкин, Жәнібек Әлімханұлы, Данияр Елеусінов, Садриддин Ахметов ағаларым сияқты кәсіпқой босктан әлем чемпионы болғым келеді. Осы ағаларым сияқты елімнің көк байрағын желбірету – басты арманым", – дейді Әділет батыр.
Әділетке қай саланы таңдаса да Қазақстанды әлемге әйгілейтін әуселесі биік азамат болсын деген тілек айтамыз!
Р.S. Егер "Ұлы дала зары" фильмін көргілеріңіз келсе, интернет арқылы cinexus.kz сайтына жүгінсеңіздер болады. Сеанс құны – 700 теңге. Туынды авторларының айтуынша, көрермендерден жиылған қаржы осы киноны дүние жүзіне насихаттауға жұмсалмақ.
Айналайын Әділет! Мен сенің арғы атаң Ғарифолламен бір кеңшарда қызмет атқардық. Атаің бас инженер мен партия ұйымының хатшысы болдым. Оның сыртында көрші тұрдық.Ұлы әжең Үміт апайда, әжең Ғалия, атаң Жанғали да бізге өте жақын адамдар. "Беделді кісі Ғарифолланың шөбересімін" деген сөзіңнен кейн оқи бердім, оқи бердім. Алла талантыңды ашсын! Алланың назарында, бақыттың базарында бол, құлыным!!!і
Керемет бала алла талантын ашсын,биіктен көрінсін! Өте қабылеті жоғары!
Күшті. Міндетті түрде көретін кино екен. Журналист те әдемі жазған, рахмет
Өркенің өссін Әділет,мақтанышымыз бол, жарайсың!!!
Иә Әділет балам барлық өнердег қабылетің арта берсін,әр уақытта табысың биіктей берсін