Қостанайда түнде құқық бұзған 150-ден астам жасөспірім ұсталды
Қостанайда жергілікті полицейлер «Нөлдік төзімділік» және «Балалар түнгі қалада» шаралары аясында жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Құқық қорғаушылар түнгі клубтарды, интернет-кафелер мен спирттік ішімдіктер мен темекі өнімдерін сататын жерлерді тексерді.
«Полицейлік шаралар аясында кәмелетке толмағандардың үйден тыс жерде жүруінің 169 фактісі анықталды, – деді Қостанай облысының ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы полиция подполковнигі Галина Шаталова. – Сонымен қатар, кәмелеттік жасқа толмағандарға алкоголь сатудың 17, темекі өнімдерін сатудың 9 фактісі анықталды».
Қостанай облыстық ІІД баспасөз қызметінде атап өткендей, заң бұзғандардың барлығымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Балаларын қадағаламаған жеткіншектердің ата-аналарына ескерту жасалды.