11 жылқы барымталаған
Амангелді ауданының полиция бөліміне екі барымташыға қатысты қылмыстық іс түсті. Байғабыл ауылының тұрғындары жайылымда жүрген 11 бас жылқыны ұрлап кеткен. Жануарлар сол аудандағы шаруа қожалығының иесіне тиесілі. Бұл ақпаратты облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
7 желтоқсанда "Мал ұрлығы" жедел алдын алу шарасы барысында 37 және 46 жастағы екі жұмыссыз ер адам ұсталды. Олардың бірі қараша айында өрістен 11 бас жылқыны ұрлап әкетіп, оларды танысының ауласына айдап әкелген. Екеуі қылқұйрықтарды сойып, етін сату үшін Астана қаласына апарған.
Тергеу жұмыстары кезінде тәртіп сақшылары күдіктілердің бірінің үйінен ұрланған бір жылқыны тауып, жануарлардың бірнешеуінің өлексесін тапқан. Полицейлер жылқы иелеріне оның жануарларының ұрланғаны туралы хабар берген. Жапа шегуші бұған дейін жылқыларына барымта жасалғанын білмеген. Шығын көлемі – 3 млн теңге.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері облыс аумағында 243 мал ұрлығы тіркелген. Қылмыстың 108-і ашылыпты.