Қостанайда педофил 15 жылға сотталды
Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 1977 жылы туған Павлодар қаласының тұрғыны Олег Квасовқа қатысты сот үкімін жария етті, деп хабарлайды Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі.
Тергеу материалдары бойынша, 2014 жылдың қарашасында О.Квасов 13 жасар жәбірленушімен телефон арқылы танысып, 2015 жылдың шілде айына дейін ұялы байланыс арқылы сөйлесіп жүрген. Телефондық сырласу барысында 39 жастағы еркек пен қыз бала арасында достық қатынас қалыптасқан.
2015 жылдың 5 шілдесінде Затобол кентінде Квасов алдаусыратып қыз баланы кездесуге шақырып, кейін жер асты өткел жолында жас балаға зорлық жасаған.
Қылмыстық әрекеттен соң жәбірленушіні автобус аялдамасына апарып, Қостанай қаласына бет алады. Қаладан спирттік ішімдік сатып алып, Затобол кентіндегі иесіз қалған саяжайға келген. Ішімдік ішіп, сол жерде тағы да балаға қорлық көрсетеді. Сотталушының қылмыстық әрекетінен кейін жәбірленуші қашып құтылмаққа әрекет жасаған. Алайда, оны қуып жеткен Квасов бағынбаған жағдайда жалаңаш түсірілген фотосуреттерін ғаламтор желісіне салатындығын айтып қорқытып, бірнеше рет соққы жасаған.
Келесі күні сағат 16:00 шамасында О.Квасов жәбірленушіні орманды алқапқа алып шықпақ болғанда, қыз бала қарсылық көрсетіп, қашып құтылады.
ҚР ҚК-нің 120 бабы 4 бөлігімен қарастырылған қылмыстық әрекетте айыпты деп танылған О.Квасовқа қатаң тәртіптегі түзету колониясында 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Кенже Қонысбай