Декреттегі еркек –қазаққа жат ұғым
Бүгінгідей жаһандану кезіне ештеңеге де таң қалуға болмайды. Сіздер декретке шыққан ер азамат көрдіңіздер ме?! Қа-шан да болмасын қазақы отбасында әкенің алар орны ерекше. Бірақ, кейде осы ұғым өзгеріп бара жатқандай әсер қалдырады. Бұрындары анасы түзде жұмыс істеп, әкелердің үйде отыратындығына тосырқап қарайтынбыз. Денсаулығы нашар, себепті жағдайлары болмаса, үйде отырған еркектің тірлігі көзге ерсі көрінетін. Сондай да аналарымыз "Алтын басты әйелден, бақа басты еркек артық", "Күреп тапқан әйелдің табысынан, аз да болса еркектің табысы берекелі" деп отыратын.
Ал, бүгінгі күні ше…
Кейбір ерлеріміздің табысынан әйелдердің жалақысы көбейіп, ерлеріміз әйелдерге қол көтеріп, дауыстамақ түгілі кір жуып, тамақ пісіріп, нәзік жандыларға тәуелді бола бастағандай ма…
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні неде? Тақырыпшамызда айтып өткендей декретке шыққан еркекті көрдіңіз бе? Мен көрдім. Бірде белді-ақ қызметте жұмыс атқарар танысыммен жолығып қалдым. Жұмыс қалай деп жай-күйімізді сұрасқан соң, мен декреттемін дегенінде шындығын айтсам есімнен танып қала жаздадым. Бірінші рет естідім. Заңның шыққандығынан хабарым болса да, декретке шыққанды алғаш рет көрдім. Сол себепті, декретке шығу жайлы әңгіме сөз арқауы болмақ. Декреттік демалыс деген не, оның жолы қандай екендігіне тоқталатын болсақ, декреттік демалыс әйел адамның жүкті болған кезінде немесе баланы дүниеге әкелгеннен кейін жұмысынан босап, демалысқа шығуы деп білетінбіз. Ал, шет-елдерде еркектердің декретке шығуы қалыпты құбылыстай. Норвегия, Беларуссия, Ресей, Украина елдерінде әйел орнына еркек те декреттік демалысқа шығады екен.
Қазіргі таңда декретке шыққан отағасы да перзенті балабақшаға бармайынша Заңға сәйкес 3 жылға дейін бала күтімінде отыра алатын болды. Негізінен ер азаматтардың құқығы ҚР-ның Еңбек кодексінің 195 бабында көрсетілген. Онда әрбір ата-ана, әйел не әкесі бала 3 жасқа толғанға дейін ақысыз демалысқа шыға алатындығы жазылған.
Қаншама жерден Заң болса да, мұндай жәйттер қазақы түсінігімізге жат құбылыс. Ал, шындығында ғылымдарымыздың өзі дәлелдегендей ерлеріміздің ана сүтін бере алмайтындығы ғана болмаса, сәби күтуде әйелдерден артық орындамаса, кем түспейді екен.
Осы орайда психологтардың "Ер адамдарда бала туылғаннан кейінгі депрессия, стресс болмайтындықтан олар кез-келген жағдайға төзімді келеді. Есейе келе әкесіне қарап өссе бала ерке болмай, тәртіпке, ұқыптылыққа үйренеді. Өйткені, әкенің айтқаны әрдайым заң саналады. Сондай-ақ, ер адам сыртта көп жүретіндіктен, бала сыртқы ортаға тез үйренеді", – деген жорамалы да шындыққа саятындай.
Таңқалуға болмас. Мүмкін бұл да заман талабы қажет еткен іс болса керек. Тек айтарымыз бала тәрбиесі баршамызға ортақ іс. Иә, перзентіне ата-ана тарапынан бірдей қамқорлық болған жақсы. Сонда да болса бала тәрбиесі үшін емес тиынға бола тіс сындырып, әйел орнына декретке шығып, күннің ыстық-суығына нәзік жандыларымызды қойып, олардың көлеңкесін сағалау қазақилығымызға мүлдем жат. Қашанда соны естен шығармағанымыз абзал. Ерлеріміз аман болсын. Ертеңіміз жарқын болсын десек ұрпақтарымызды ұсақтап жібермей, келелі, келісті істерге үйретуге тырысайық.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ