Ұрлық көбейді
Жаңа жылдың алғашқы онкүндігінде Рудный қаласында қылмыс өрши түсті. Ішкі істер басқармасының мәліметіне сүйенсек, халық жаңа жылды мерекелеп жатқан күндері қылмыскерлер тәулігіне орташа есеппен 3 ұрлық жасап отырған.
Жыл басынан бері Рудныйда 26 ұрлық, 7 тонау, көлікті айдап кету мен алаяқтықтың бір оқиғасы тіркелген. Соңғысы Рождество мерекесі қарсаңында орын алды. Белгісіз тұлғалар Рудный тұрғынына хабарласып, автокөлік ұтып алғандығын хабарлаған. Алайда қомақты сыйлықты алу үшін 120 мың теңгені берілген есепшотқа салу керек болатын. Азаматша мүлдем ойланбастан алаяқтың айтқанын жасап, соңында бармағын тістеп қалды.
Рудный қалалық ІІБ бөлім бастығы Максим Греков ұтысқа ие болдыңдар деп СМС келетін болса немесе туысқаның қарумен, есірткімен ұсталды деп белгісіз тұлғалар хабарласатын болса, ойланбастан полицияға болған жайтты жеткізу керектігін айтады. Себебі алаяқтарды құрықтаудан гөрі, қылмыстың алдын алу көп оңай.
Қалада қылмыстардың арасында ұрлық бірінші орында тұр. Бұл жерде қылмыскерлер әр түрлі әдіс-тәсіл қолданады. Біреулері қараңғы көшелерді қарауылдаса, енді бірі үйдің ішінде адам болса да, емін-еркін айласын асырып отырады. Ұрылар, сондай-ақ, есігі құлыптаулы үйлерді де қояр емес. Әсіресе қытайлық құлыптарды ашу кәнігі қылмыскерлер үшін бірнеше минуттың жұмысы. Қас-қағым сәтте-ақ пәтерді жерме-жексен еткен ұрыларды көршілері де байқамай жатады. Сондықтан қымбатырақ болса да жақсы құлып сатып алған абзал дейді мамандар.
-Көлігін ақылы тұрақтарға қимай, ауласына қойған тұрғындар да опық жеп қалуы әбден мүмкін. Себебі ұрылар көліктердің есік-терезесін бұзып, магнитола, навигатор сияқты құнды заттарды ұрлап кетіп жатады. Ал кейбірі көлікті әкетіп, кейіннен оны бөлшектеп сатуға дағдыланған. Көп уақытыңыз бен жүйкеңізді құртқыңыз келмесе, көлікті аулада қалдырмаған жөн, – дейді Максим Греков.
Полицейлер осы уақытқа дейін бірнеше қылмыстың басын ашты. Қалғаны бойынша іздестіру жұмыстары жалғасуда. Тәртіп сақшылары тұрғындарға сақ болу қажеттігін ескертеді. Өз мүлкіңізді қараусыз қалдырмай және кез келген қылмыс фактісі бойынша 102 нөміріне хабарласуға болады.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ