Көрген көзде жазық жоқ
Қазір көшедегі жарымжан жарнамалар мен мүгедек маңдайшаларға әбден етіміз үйреніп кетті. Ана тілімізде қате жазылғанын көреміз де, "әттегенайлап" жөнімізге кете барамыз. БАҚ пен әлеуметтік желілерде де қызу талқыланған соң кейбір кәсіпкерлеріміз азаматтық танытып, қателерін түзетіп жатыр. Дегенмен, күн сайын жаңарып тұратын жарнамалардағы қателер азаяр емес. Жаңа жылдан бастап бизнес өкілдерінің бұл «ісіне» кейбір мемлекеттік мекемелер де қосылған сыңайлы. Олай дейтініміз, кеше облыс орталығында мына ақпаратқа көзім түсіп, жағамды ұстадым. Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы ілген билбордта қазақ тілін былай қойып, орыс тілінде де өрескел қате жіберіп, айды аспаннан шығарды. Билбордтың жанынан өтіп жатқан қазағы да, орысы да мысқылдап күлуде. Тыныс белгілерін есептемегенде, салықтың жазғыштары «физических» сөзін «физичиских», өз басқармасының атауындағы «государственных» сөзін «госусударственных», ал «тұлғалар» сөзін «тұлғар» деп қойыпты. Масқара! Салық басқармасындағылардың сауаттылық деңгейі осы ма? Кім қайда қарап отыр? Түні бойы осыны ойлап шықтым. Қашан түзетілер екен?
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ