Шинкиннің шытырманы: қою нүкте қойылатын күн таяу

Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, пара алды деген күдікпен ұсталған қала әкімінің бұрынғы орынбасары Ф.Аракелянға, ТКШ бөлімінің экс-жетекшісі Ж.Шинкинге, «СМУ-2010» ЖШС директоры А.Бобровныйға қатысты қылмыстық істер №2 қалалық сотында 14 қаңтар күні сағат 10.00-де қаралатын болады.шинкин
Айыптау актісіне сай, Ф.Аракелян 20-сәуір күні ТКШ бөлімінің бастығы Ж.Шинкинмен сыбайласып, «Вескор» ЖШС директорынан пара алды деген күдікпен тұтқындалды. Нақтылағанда, жаңа жылдық мұз сырғанағын салу бойынша өткізілетін конкурсты серіктестік басшысының пайдасына шешіп беретінін уәде етіп, екі шенеунік одан 300 мың теңгеден суырған.
Сондай-ақ, бұл – Ж.Шинкиннің мойынындағы алғашқы қылмыс емес. Ол 2014 жылдың қараша айынан 2015 жылдың маусымына дейін А.Кискеевпен және А.Бобровныймен бірлесіп, оларға сеніп тапсырылған 19 935 791, 21 теңге көлеміндегі бюджет қаржысына қол сұғып, 13 774 144, 17 теңгені жымқырған. Сонымен қатар, айыпталушы Шинкин сәуір айында «Таза Жол АТ» ЖШС директорынан, атқарылған жұмыстар есебінің кедергісіз қабыл етіліп, ары қарайғы қызметінің де іркіліссіз ілгерілеуіне кепіл болатынына сендіріп, 1 500 000 теңге сомасында пара алған.
22 мамырда «Қостанай қаласы әкімдігінің жолаушы транспорты және автомобиль жолдарының ТКШ бөлімі» ММ-нің барлық байқау комиссиясы мүшелерінің әкімшілік жауапкершілікке тартылмағандығын жуып-шаймақ үшін Шинкин «Қостанай облысының қаржылық бақылау инспекциясы» ММ бас ревизоры Ж.Киндирбаеваға 100 мың теңге пара берген.
Естеріңізге салайық, №2 қалалық соттың үкімімен 23 шілдеден бастап Ж.Киндирбаева қылмыс жасады деп табылып, алған парасын 60 есе қылып қайтару, яғни 6 млн. теңге айыппұл өтеу бұйырылған. Сондай-ақ барлық дүние-мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік құрылымда лауазым алу мүмкіндігінен мәңгілікке айырылды.
Баспасөз қызметі қылмыстық істерді қарау барысын қосымша хабарлап отыратындығын айтады.
 
Ж.Жүсіпбек

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓