Ағайынды екі ресейлік 40 келі күміспен ұсталды
Қостанай облысында ағайынды екі ресейлік 40 келі күміспен ұсталды, деп хабарлайды inform.kz сайты ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қостанай шекара жасағының «Қайрақ авто» бақылау бөлімшесінде 1-қаңтарда 38 және 45 жастағы ағайынды екі Ресей азаматы ұсталды. Олар «Лада Приора» автокөлігімен Ресейге қарай бет алған. Көлікті тексеру кезінде оның жанармай багында бөтен зат табылды. Ағайындылардың бірі бұл 20 кг өңделмеген күміс екендігін мойындады»,- делінген хабарламада.
Әрі қарай тексеру барысында автокөліктің артқы орындықтарының астынан тағы да бір орама табылды. Онда салмағы 7 кг болатын күмістен жасалған әртүрлі зергерлік бұйымдар болды.
Кейін полиция қызметкерлері шекарашылармен жанар-жағар май багын ашты. Одан 20 келі күмістің орнына 33 келі күміс шығарылды.
Көліктен жалпы алғанда 40 келі ақ түсті металл (күміс) табылды.
Ұсталған азаматтарда зергерлік заттардың 5 құжаты бар. Бұл 64 атаулы 4770 бұйымға ғана тиесілі.
Қағаздар мен фискалды чектер РФ Дағыстан Республикасының Махачқала қаласында берілген.
Ұсталғандар Қостанай облысы Қарабалық ауданының ІІБ-іне тапсырылды.