Мешін жылы мерейлі жыл болсын
Ынтымағы берік, берекесі мол қой жылын қимастықпен шығарып салып, мешін жылын сән-салтанатпен қарсы алу үшін аудан тұрғындары орталық алаңға жиналды. Мерекеге сай әсем безендірілген дала сахнасында жаңа жылдық әндер үздіксіз шырқалып тұрды.
Сахна төріне көтерілген аудан әкімі Асқарбек Кенжеғарин аудан жұртшылығын жаңа жыл мерекесімен құттықтап, аудан әкімідігі мен аудандық мәслихаттың атынан ақ тілегін жеткізді.
-Тарих қойнауына енген қой жылы біздің аудан үшін табысты жыл болды. Шағын орта бизнесті дамыту мақсатында жеке кәсіпкерлер тынымсыз еңбек етіп, аудан экономикасының өркендеуіне үлес қосты. Мәселен, 2015 жылы “Мархабат” және “Шапағат” азық-түлік дүкендері жаңадан ашылып, жергілікті халыққа қызмет жасап отыр. “Қазақстанның Еңбек Ері”, “Алтынсарино” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Борис Князовтың демеушілігімен Ы.Алтынсарин орта мектебінің 150 жылдық мерейтойының құрметіне мектеп жанынан обсерватория ашылды. “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында Т.Дүйсекеев атындағы “Топжарған” стадионына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. “Балдырған” балабақшасының жөндеу жұмыстарына аудандық бюджет есебінен қаржы бөлініп, толығымен игерілді. Торғайды түлеткен тұлға Ж.Қосабаевтың құрметіне ескерткіш орнатылып, көше аты берілді. Аталмыш көшеге “Мақсат” балалар ойын алаңы мен жасанды төсеніш төселген шағын футбол алаңы салынды. Мемлекеттік бағдарламалардың маңыздылығын түсіне білген жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары “Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы”, “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиелер алып, шаруашылық шеңберлерін кеңейтуде. Ал енді босағамыздан аттаған мешін жылы мерейлі жыл болып, ел дәулетін арттырсын ”, – деді аудан басшысы Асқарбек Ахметбекұлы.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бастамасымен дәстүрге енген “Алтын сапа” сыйлығының “Парыз” номинациясы бойынша иегерлері атанған “Сыма – К” шаруа қожалығының жетекшісі Манат Карбозов пен жеке кәсіпкер Асхат Сафарғаливке мемлекеттік марапаттарды салтанатты түрде табыс етті. “Сыма – К” шаруа қожалығының жетекшісі Манат Кәкімжанұлы мерекелік құттықтауын жолдап, бірлігі жарасқан елге береке, әр шаңыраққа – бақыт пен шаттық тіледі.
Жаңа жылдық мерекелік кеш соңы аудандық мәдениет үйінің “Кел, Төрле – жаңа жыл” атты концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
Жанкелдин ауданы