Балаларға – базарлық
Облыс орталығындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған №2 түзету мектеп-интернатында Жаңа жылдық шырша мерекесі болып өтті.
– Балаларымыздың жыл сайынғы Жаңа жылдық шырша мерекесіне бізге қамқоршы болып жүрген өңіріміздің бір топ кәсіпорын, бизнес, қауымдастық, бірлестік, ұлттық мәдени орталығының өкілдері сол секілді мемлекеттік қызмет істері департаментінің қызметкерлері келіп, сый-сыйапаттарын жасайды. Осы қадірлі қонақтарымыз жыл он екі айдың қай айы болмасын үнемі қасымыздан табылады. Көмек көрсетіп, қолдау жасайды, қайырымдылық шапағатын төгеді. Жаңа жылдық сый ретінде облыс әкімі оқу үдерісіне арналған қазіргі талапқа сай оқу-құралдарын сыйға тартты. Іскер әйелдер қауымдастығының, «Эребуни» этномәдени бірлестігінің іскер азаматтары мен қыз-келіншектері де құралақан келмей, балаларымызға сый дорбаларын, сабақтан тыс бос уақытқа арналған ойын құрал-жабдықтарын ала келді. Мемлекет, жергілікті органдар біздерді назардан тыс қалдырған емес-ті,-деді мектеп-интернаты директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары А. Жақанова.
Жаңа жылдық шырша мерекесінде балаларды, жиналған қонақтарды мектеп-интернаттың директоры В. Рубинский, ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің өкілі Р. Болат, облысымыздағы іскер әйелдер қауымдастығы директорының міндетін атқарушы З. Сексембаева және тағы басқалар құттықтады. Жаңа жылдық тілектерін айтып, жылы лебіздерін білдірді. Содан кейін келген қонақтарға мектеп-интернатының өнерлі балалары өздерінің өнерлерін тарту етті.
Гүлназым САҒИТОВА
Суретте: Жаңа жылдық шырша мерекесінен көрініс
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ