ЖАҒА ЖЫРТЫСТЫРАР ЖАРНАМА немесе тұтынушы есебіндегі ой-толғам
-Алло, бұл Қазақстан ба?
-Жоқ, қымбат кеспе фабрикасы!
-Жарнамада беріліп жатқандай, сіздерден бәрін алуға болады ма?
-Айтып тұрмын ғой, бұл қымбат макарон-кеспе фабрикасы деп, іздегеніңізді "Теле2"-ден табасыз…
Міне, 15 секундтық жарнамасымен екі бірдей ұялы байланыс операторына тас атқан еліміздегі белгілі байланыс желісі жосықсыз жарнамаға жол бергендей. Әрине, заңмен қудаласаңыз айтылған сөздерден мін таба алмайсыз. Ал, мазмұны бәрін айтып тұр. Естігенімнен – түсінгенім, мұндағы айтылып отырған «Алло, Қазақстан» – «Актив» сауда маркасының тарифтік жоспары. «Бәрі, бәрі» – «Билайнға» тиесілі. Кім білсін, есесі кеткендер қарымын қайтару мақсатында, сөз қаруын саптап жатқан болар?! Оны уақытында көрерміз…
2016 жылдың бірінші күнінен бастап қолданысқа енгізілетін жаңа заңға сай, еліміздегі ұялы байланысты пайдаланушылар мобильді құлдықтан құтылуы тиіс. Яғни, тұтынушы кез келген уақытта абоненттік нөмірін сақтай отырып, байланыс операторын алмастыра алады. Заң күшіне енер уақыт таяған сайын байланыс операторлары абоненттерін сақтап қалудың түрлі амалына жүгінуде. Біреулері тарифтік жоспарларын қайта қарап, абоненттеріне түрлі сипаттағы сыйлықтар беріп жатыр. Енді бірі жаңа "жылдан бастап жарылқаймыз" деген сипатта атойлатып жарнама беруде. Бәсекелестерінің кем-кетігін жіпке тізгендері жарнамалаудың өзге тәсіліне көшкен.
Жалпы, байланыс операторларының өздерін насихаттаудағы қитұрқы әрекеттері әріден басталса керек. Естеріңізде болса, мақалаға арқау болып отырған оператор «Қымбатты Кисельді Наурыз мерекесімен құттықтаймыз. Құрметпен – арзан Теле2» деген билбордын Алматыдағы бәсекелестерінің дәл алдына орналастырған еді. Осыдан кейін «Мобильді операторлар чемпионаты» деген айдармен «Теле2 vs Кисель. 1 раунд. 1:0» деген билбордын тағы жариялады. Сондағы меңзегені – біріншісінің абоненттері бірнеше мыңға толысып, енді бірінікі осыншамаға азайған екен. Kcell-дің қытығына тигені «Kcell ұсынады» деген жарнамалық тақтаның қасына тіркелген «Теле2» деген билборд болды. Байланыс операторының әрекетін жосықсыз бәсекелестікке теңеген компания сотқа арыздануға дейін барды. Дей тұрғанмен, онысынан түк шықпай, талабы қанағаттандырылмады.
«Tele2» компаниясы тек Kcell-ді ғана түрткілеп отырған жоқ. Бірде өздерінің Алматыдағы ғимараттарын шыныны сындырып кірген кірпіш бейнеленген қаптамамен де орап тастаған еді. Ортаны ойып кірген кірпіш сары және қара түске теңбілденген екен. Бұған бас бұрған «Beeline» болмады. Ресми мәлімет беруден бас тартқан компания жетекшілері біреудің жағасына жармасқанша, жақсы істермен айналысу қажеттілігін негізге алған. Расымен де, біреудің қытығына тигенше, байланыс сапасын жақсартып, ақысын арзандатса болмас па?! Қарапайым тұтынушыға да керегі сол.
Бір қарағанда, бәсекелес брендтер байланыс нарығындағы орын үшін бірін-бірі жұлып жейтіндей көрінеді. Дей тұрғанмен, бір-біріне қарсы жасалған жарнамалардан тентек баланың ойнақылығы мен жарасымды әзілді аңғару қиын емес. Нәтижесінде, тұтынушылар да байланыс операторларының қағытпа әзілдерін қызықтап, жарнамалық тапқырлықтарын тамашалау мүмкіндігіне ие болуда. Бұдан біз сияқты тұтынушылардың түгі кетпейді. Біздердің таңдауымыз белгілі, біз – сапалы әрі арзан байланысты таңдаймыз. Ендеше, әзілге берілген операторларға осыны ескерсе екен деген тілек бар.
Жұматай Кәкімжанов