Көршімізге ұры түсті
28 желтоқсан күні түн ортасында облыс орталығындағы «Твой шанс» ЖШС жарнама газеті редакциясының ғимаратына ұры түскен. Қаскөй ғимаратқа үйдің аула жағындағы терезесінен кіріпті. Басылым ғимаратының есігі де, терезелері де темір торлармен қоршауланбаған.
Офистің ішіне бетіне бетперде киген ер адам бейне бақылау камераларына түсіп қалған екен. Ұры ешқандай асықпастан, кабинеттерді аралап, суырма-тартпаларды ақтарған, құжат-қағаздарды қопарып тастаған. Соңында жаңа жылға базарлық ретінде тәтті тағамдар салынған қораптар мен темір сейфті көтеріп, алдыңғы есіктен шығып кетіпті. Офистің тоналғанын таңертең жұмысқа келген кассир көріп, дереу полицияға хабар берген.
– Келген шығын есептеліп жатыр. Қазір бұл іспен полиция айналысуда. Ал біз қалыпты жұмыс істеп отырмыз, – деді «Твой шанс» ЖШС бөлім басшысы Константин Рашевский.
Біз осы оқиға жөнінде облыстық ІІД-не хабарласқан едік, мекеменің баспасөз хатшысы Әділбек Нұрмахин қандай да бір ақпарат болса, хабар беретінін айтты.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ