Бюджетке өзгерістер енгізілді
Өңір басшысы Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен аймақтық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы шақырылып, 2018 жылдың 12 желтоқсанында қабылданған №347 «Қостанай облысының 2019-2021 жылдарға арналған бюджеті» құжатына өзгертулер енгізу жөнінде отырыс өтті. Жергілікті атқарушы органдардың бастамасымен атқарылатын шараларға қосымша қаражат қарастыру мәселесі сөз болды.
Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Жанна Шаймарданова өткен жылғы бюджеттің артық орындалған сома есебінен бірқатар салаларды қаржыландыруды сұрады.
– Атап айтқанда, денсаулық сақтау басқармасына 822 млн, соның ішінде дәрігерлердің біліктілігін арттыруға 100 млн, Қостанай қалалық ауруханасына жалпақ детекторлы мобильді хирургиялық жабдық аппаратын сатып алуға 175 млн, Қостанай қалалық ауруханасы, Қостанай қалалық №3 емханасы, Рудный қалалық және Әуликөл, Қарабалық аудандарының ауруханаларына 5 цифрлы рентген аппаратын сатып алуға 396 млн теңге қажет. Бұлардан бөлек, өңірдің Ұзынкөл ауданына наркоздау аппаратын, облыстық көз ауруханасына лазерлік аппарат, Қашар селолық ауруханасына 2 «жедел жәрдем» көлігін сатып алу да жоспарда бар. Ал Қамысты аудандық ауруханасын күрделі жөндеу үшін бастапқыда 50 млн теңге қажет, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Бұлардан бөлек, мәдениет, жастар ісі жөніндегі, спорт және дене шынықтыру, үйлестіру және жұмыспен қамту, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармалары қолға алатын бірқатар науқан бар.
– Білім басқармасына қажет 421,1 млн теңгенің 223 миллионы Сарыкөл ауданының Ново-Урицкий орта мектебі мен Арқалық қаласындағы №2 орта мектебін күрделі жөндеу үшін бастапқы қаражат болмақ. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы бойынша Сарыкөл ауданындағы 18 мектептің жылу қазандықтарын сенімді басқаруға беруге 105,7 млн теңге қажет. 85,5 млн теңге Рудный тау-технологиялық, Рудный құрылыс және көлік, Лисаков техникалық колледждерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға бағытталмақ. Ветеринария басқармасына ірі қара малының жұқпалы ауруға шалдықпауының алдын алуға екпе салу үшін 78,2 млн теңге қажет, – деді Жанна Шаймарданова.
Былтырғы жылы бюджетте 2 млрд теңгеден астам қаражат артығымен орындалған. Сол себепті, облыс басшысы Архимед Мұхамбетов қазір халыққа ауадай қажет денсаулық саласына қажетті құрал-жабдықтарды алу өңіріміз үшін таптырмас дүние деді.
– Жоғарыда айтылған аппараттарға түсу үшін тұрғындар Астана, көрші Ресейге баруға мәжбүр. Сондай-ақ, аурухана мен білім ордаларына жөндеу жүргізу де заманның талабы. Олар отыз-қырық жыл жөндеу көрмеген нысандар. Ал малдың қандай да бір ауруларға шалдықпауы экономикамыз үшін тиімді. Малдан ауру шықса, оны сырт елдерге шығара алмайтынымыз белгілі. Біз былтыр 1700 тонна ет экспорттадық, биыл он 3000 тоннаға жеткіземіз деп отырмыз, – деді А.Мұхамбетов.
Қыдырбек Қиысханұлы,
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.