Тимур ҚҰЛЫБАЕВ: Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы: “Қостанай тек аграрлы өңір ғана емес, индустриалды-инновациясы дамыған облыс”
Газетімізде бұған дейін хабарлағанымыздай, өңірімізге Қазақстан кәсіпкерлері Ұлттық палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев атбасын бұрған еді.
Ол бірқатар өндіріс ошақтары аралап, басшыларымен кездескен соң облыстық әкімдікте Нұралы Садуақасовпен бірге басқарма басшылары мен кәсіпкерлерді жинап, алқалы мәжіліс өткізді. – Қостанай тек аграрлы өңір ғана емес, индустриалды-инновациялық дамудағы еліміздегі бірден-бір облыс. Біз мұны өндіріс ошақтарын аралаған кезінде байқап отырмыз әрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей саясатының арқасында жасалған бірнеше экономикалық жобалардың іске асырылып жатқандығынан көрдік, – деді Тимур Құлыбаев. Ол содан соң сөз кезегін Ұлттық палата басқармасының басшысы Абылай Мырзахметовке берді. – Өздеріңіз жақсы білесіздер. Күні кеше ғана Елбасымыз Бурабайда өткен инвесторлар кеңесін-де елімізге инвестиция тарту мәселесін сөз етіп, бірқатар мәселелердің шешілу жолдарын қарастырған-ды. Осыған байланысты заңға түзетулер мен толықтырулар енгізіп, қол да қойды. Міне, сол жиында көтерілген мәселелер жайында тағы да сіздердің алдарыңызда қысқаша тоқталмақпын, – деп Абылай Мырзахметов баяндай бастады. Расында да, Елбасы осыған дейін экономиканы әртараптандыруды жүзеге асыру үшін үкіметке қадау-қадау тапсырмалар жүктеп, индустриалды-инновациялық экономикалық саясатты қолға ал-ған-ды. Соның негізінде тек Қостанайда ғана емес, еліміздің көптеген өңірлерінде инфра-құрылым дамып, кәсібін нәсіп еткен кәсіпкерлерге жеңілдіктер қарастырылды. Небір тың жобалар іске асырылды. Төраға Тимур Құлыбаев осы жәйттарды әңгімелей отырып, Ұлттық қордан бөлінген 1 трлн. теңгеге жақын қаржы кәсіпкерлерге ежептәуір көмек болғандығын әрі бұл тұрғыдан "Самұрық-Қазына" ұлттық компаниясы да сүбелі үлес қос-қандығын тілге тиек етті. Облыс әкімі Нұралы Садуақасов өңіріміздің әлеуметтік-экономикасына қысқаша шолу жасап, болашақтағы жобаларды да әңгімелеп берді. Содан кейін Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов сөз сөйлеп, кәсіпкерлермен бірлесе атқарған жұмыстарға тоқталып, алқалы мәжілістерде көтерілген бірнеше мәселелердің шешім тапқандығын жіктеп берді. Яғни, оған тікелей Нұралы Садуақасовтың үлес қосқандығын да баяндады. Аймақтық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Василий Розинов та сөз алып, Ұлттық палатаның кәсіпкерлер мүддесін қорғаудағы атқарған жұмыстарына ризашылығын білдірді. – Бұрыннан естіп, білетінмін. Сіздерде өңірдің мәдени өміріне атсалысып жүрген өнерлі азаматтар мен ғалымдарға демеушілік көрсететін меценаттар клубы бар екен. Бұл игі дүние. Осы дәстүр жалғаса берсін деген ниеттемін, – деп мәртебелі мейман жергілікті кәсіпкерлерге алғысын жеткізді. – Сауалдарыңыз болса, қойыңыздар. Ұлттық палата ең алдымен кәсіпкерлер мүддесін қорғап, оларға барлық жағдайды жасауға жұмыс істейді, – деді Тимур Құлыбаев. Осы сәтте бір топ кәсіпкерлер сөз сөйлеп, хал-ахуалдарын айтты. Әсіресе, белгілі кәсіпкер Өмірзақ Ихтиляповтың сауалы өзекті болды. – Шолақсай ауылындағы шаруашылықты ұзақ жылдардан бері басқарып келемін. Шаруашылықтың жағдайы жаман емес. Бізді алаңдатар бір жәйт, ол – ауылдағы жастардың қалаға үдере қызмет іздеп кететіндігі. Қазір механизаторларымыздың жасы 50-дің ортасында. Бұл жастарға қаладағы сияқты ауылда қолайлы әрі жайлы орындар, көңіл көтеретін жерлер керек. Ауылда мұның бәрі жоқтың қасы. Осы жерде отырған әріптестерімнің біразында осы мәселе өзекті болып отыр. Ұлттық палата осы жәйтқа оң көзімен қарап, ауыл экономикасы мен демографиясына көңіл аударса деймін. Себебі, урбанизация қазір болашағы бар дейтін ауылдардың өзінде үлкен мәселеге айналуда, – деді Өмірзақ Ихтиляпов. Тимур Құлыбаев та бұған бей-жай қарамайтындығын жеткізіп, ауыл экономикасын әртараптандыру керектігіне тоқталды.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ