Эпидемиологиялық жағдай тұрақты
Әлемнің көптеген елдерін алаңдатып отырған короновирус инфекциясы әсіресе Таяу Шығыс, Сауд Арабиясы, Иордания, БАӘ және Ұлыбритания елдерінде белең алған. Ал, біздің елімізде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Дегенмен, санитарлық мамандар арқаны кеңге салуға болмайтындығын айтады
"Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" демекші, мамандар да короновирус эпидемиясы жайында тұрғындарға ақпарат таратуда. Себебі, қазір жаз айларында шетелге шығып демалушылардың да саны артады. Сондықтан, мамандар сақтықта қорлық жоқ екендігін ескертеді. – Бұл басқа инфекцияларға қарағанда аса қауіпті және оның қайдан туындағаны әлі күнге дейін нақты анықталмаған. Бұл жоғарыда аталған елдерде көп тарап отыр, мәселен тіркелген 688 жағдайдың 282-сі өліммен аяқталған. Бұл вирусты жұқтыру көзі науқас адам мен жануарлар болып табылады. Короновирус инфекциясы біздің елімізде кездескен жоқ, бірақ бұл қауіп жоқ деген сөз емес. Себебі, шекара асып жатқан қазақстандықтар осы ауруға шалдығуы әбден мүмкін. Бұл тұрмыстық қатынастардан, судан пайда болатын инфекция, – дейді облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бөлім бастығы Н.Леонова. Қазір дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары бұл вирусқа жан-жақты зерттеу жүргізіп, ұқсас ауруларды анықтау үстінде. Әзірге аталмыш вирусқа қарсы вакцина табылған жоқ. Тек, инфекцияға қарсы күрестің ең басты жолы оның алдын алу ғана көрінеді. Сондықтан әр адам ауруды жұқтырмаудың қамын жасауы керек, болмаса мамандар бұл мақсатта түсіндіру-ақпараттандыру жұ-мыстарын жүргізіп, кеңестер береді. Сондай-ақ, мамандар Қытайдан бастау алған құс тұмауы, сары безгек (желтая лихорадка), түйнек (холера), оба (чума) індеттерінің де әлі де әлемге қауіп төндіріп отырғандығын айтады. Сонымен қатар, конго-қырым безгегі де қауіпті дерттердің бірі саналады. Аталмыш дертке байланысты Ресей, Грузия, Пәкістанда барлығы 21 жағдай тіркеліп, 5 адам көз жұмған. Біздің елімізде де осы конго-қырым дертіне орай екі жағдай тіркеліп, абырой болғанда дәрігерлердің дертті дер кезінде ауыздықтауының арқасында қайғылы жағдай орын алған жоқ. Дегенмен, мамандар әсіресе туристерге шетелге шығар алдында сақтық шараларына аса абай болып, міндетті түрде жол дәрі қобдишасын ұмытпауды ескертеді.
Қарлығаш ОСПАНОВА