Жаңа жылда жаңа мамандықпен
Ақпан айында Қазақстанда қайта оқытудың жаңа бағдарламасы іске қосылмақ. Бүгінде Рудный қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары әлеуметтік жобаға қатысушыларды тарту бойынша жұмыс атқарып келеді.
Бұрын жұмыспен қамту орталықтары тұрғындарды белгілі бір мамандықтар бойынша оқытып немесе қайта оқытып, олардың болашақта жұмысқа орналасуларына кепілдік бермейтін. Жаңа бағдарлама бойынша жұмыспен қамту орталығы, колледж, білім алушы мен жұмыс беруші төртжақты келісімге отырады. Яғни оқуды тәмамдаған маманның «екі қолға бір күрегі» дайын тұрады.
-2016 жылдан бастап қайта оқыту бағдарламасының жаңа ережесі бойынша 4 тарапқа да жауапкершілік жүктеледі. Себебі бағдарламаға қатысушы мемлекеттің білім беруге жұмсаған қаражатын өз еңбегімен ақтауы тиіс. Келесі жылы еңбек нарығында зор сұранысқа ие сылақшы, бармен, аспазшы, электр-газбен дәнекерлеуші, бақылаушы-кассир мамандары бойынша қайта оқытпақпыз. Осы мүмкіндікті пайдала отырып, қала тұрғындарын, жұмыс берушілерді бағдарламаға белсене қатысуға шақырамын, – дейді «Жұмыспен қамту орталығы» ММ жетекшісі Елена Рублева.
Жыл басынан бері орталық жұмыс іздеп келген 750 адамның 540-ын жұмысқа орналастырған. Оның ішінде 126-ы әлеуметтік жұмыс орындары болса, 60 жас маман жастар практикасына жіберілді. Экономикалық дағдарыс алқымнан алған тұста тұрғындардың жұмыспен қамтылуы – аса маңызды міндет. Сондықтан жаңа жылда да орталық алған бағытынан таймай, қарапайым халық пен жұмыс берушінің арасындағы «алтын көпірге» айналмақ.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ