Жолаушы

Бұл қазақ халқының ардамген ұлы Бауыржан Момышұлы атамыз келіні Зейнеп апайға туған халқының болмысы, оның құндылықтары туралы айтқан көп ұлағаттарының бір кішкентай үзігі. Жолаушыны құрметтеген халықпыз. "Жолашар", "жолаяқ" дегеннің не екенін мәңгүрт болып кеткендер болмаса, былайғы қазақтың білмейтіні кемде-кем болар.
жолаушы-520x245
Ол – сапарға аттанып бара жатқан жолаушыға ақ жол тілейтін дәстүр. Ал мұның негізгі мән-мағынасын кезінде батыр ата маған былай түсіндіріп еді… – "Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария барып сәлем береді" деп жолаушы жолының үлкен екендігін айтады. Қазақта "адам үйден қырық қадам аттап шыққан соң мүсәпір" дейтін көне сөз бар. Қанша дегенмен кісінің өз отының басынан, үйреншікті ортасынан суырыла шығып, сапар шегуінің түрлі қиындықтары болады. Біреудің салқын қабағына кезігер, әділетсіз сөз естуі мүмкін, бір жерде шөлдейді, маңдайынан күн өтетін кезі болады. Түнеген жері жайсыз болар, жалғыздық көрер, үй ішін сағынып, көңілі құлазыр, айта берсе, жұмыр басты пендеге жол жүргенде не кездеспейді дейсің?! Сонымен бірге жолаушы ел көреді, жер көреді, әр елдің өзіне тән ерекшелігін ұғады, бейтаныс адамдармен танысып-білісіп, өрісі кеңейеді.Жол бойында нелер жоқ дейсің, тіршіліктің қам-қарекетін жасап тірілер жүреді, пәни өмірдің қысқалығын көрсетіп, үнсіз мүлгіген мазар, қорымдар жатады. Өткенді ұмытпау керек екенін есіңе салады… "Жолы болсын", "сапары сәтті болсын", "алды ашық болсын" деп алыс жолға жүретін адамға "жолашар" немесе "жолаяқ" деп аталатын дәстүрді жасап, шығарып салады. Адамы жолаушы жүретін отбасы бір малын сойып, ауылдағы үлкен-кішіге дастарқан жаяды. Қариялар жолаушыға арнап бата береді. Бата деген адамға рухани күш-қуат береді, көңілге – медеу, жүрекке сенім себеді. Ал сенім – ұлы күш. Ақ жүрек болып жолдасың, Адалдық сені қолдасын! Алымды болсын шабысың, Найзағай болсын намысың, Ер жігітке бәрі – сын! Қиындық көрсең, мұқалма, Ауырлық көрсең, жұқарма! Дақ түспесін ар мен бағыңа, Аман барып, есен қайт, Мақсат еткен жолыңа! – деп алғаш рет сапарға шығатын жасқа бата береді. Әрине, айтушысына қарай ақ бата түр-лерінің небір шұрайлысы бар ғой. Жас адам өз әулетінің қара шаңырағына, үлкен үйлеріне кіріп тізе бүгіп, дәм ауыз тиіп шығатын дәстүр және бар. Жолаушының анасы не апа-қарындасы бір жапырақ нанның шетінен тістетіп, қалғанын алып қояды. Бұл "дәм тартып отбасына есен-сау оралсын" деген ниеттен шыққан. Кейін жолаушы келгенде, сол нанды қатып қалса да жейді. Әсілі, біреу тістеген нанды басқа адам "тістесіп қаламыз" деп жемейді. Ал "тістелген нан иесін күтіп, тілеулес болып тұрады" деген наным болған. Бұл – қазір мүлде ұмытылған ырым. Сонымен, "жүрген жерің мейірімді, қайырымды болсын, басар жер, асар тауың жеңіл болсын" деп жолаушыны бүкіл ауыл аттандырып салады. Сапар барысында жолаушының көңілі бірде – семіріп, бірде – арықтап, жолдың ыстық-суығын басынан өткізіп, межелеген жеріне жетуі, одан ойға алған ісін орындап сау-сәлемет үйіріне қосылуы – өзіне де, айналасына да зор қуаныш. Сол мерейлі күнге үмітпен қараған отбасы "ай жүрсе де, аман оралсын, ел-жұртына қайта қауышуға жазсын" деп "тоқымқағар" дәстүрін жасайды. "Тоқымқағарды" жолаушының келер мерзімі таяп қалғанда не кешіге бастағанда әйелдер жағы дастарқан әзірлеп, ауылдастарын шайға шақырады. "Жолаушының кешіккеніне қарап қуан" деп, кідірістің өзін жақсылыққа жориды. Үйден тоқым алып шығып, "жолда ұзақ жүріп, тоқымы шаң болып қалыпты ғой…" деп тоқымды қағып-сілкіп ырымдайды. "Тілек тілде ғана емес, ділден, жүректен шынайы шымырлап шығып жатса, жаратқан иемнің кеңшілігі мол, ниет қабыл болады", – дейтін көпті көрген көсем қариялар.
Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓