Табақ тарту – бас қою
"Қырықтың бірі – Қыдыр, мыңның бірі – Уәлі" деп қуанатын халқымыздың қонақжайлылығы – түп-тамыры өте тереңде, ежелден бұлжымас заң ретінде қалыптасқан дәстүр. Сырттан келген жат көзге де ең алғаш көзге шалынатын қасиетіміздің бірі осы. Қонақ шақырып оны қазақылық дәстүрмен күту, оның ішінде табақ және бас тартудың мәні зор. Оларды қазақтарда бас табақ, орта табақ және кіші табақ деп үшке бөледі. Сол бөліктердің өзі ішінара жүйеленіп бірнеше табақты құрайды. Осылайша жүйеленген табақтар ерекшеліктеріне сай салынатын мүшелер де әркелкі болып келеді. Атап айтқанда: сый табаққа – жамбас, қазы-қарта, жал-жая, құйрық, сүбе қабырға; құда табаққа – жамбас, жал-жая, қазы-қарта, құйрық-бауыр; құдағи табаққа – жақ, қазы-қарта, қарын, тоқ ішек, асық жілік; жеңге табаққа – асық жілік, сүбе қабырға, мойын омыртқа, құйрық, өкпе, ұлтабар: беташар табаққа – сүбе қабырға, төс еті, қарын, ащы ішек, құйрық, мойын омыртқа: күйеу табаққа – төс, асық жілік, қабырға, омыртқа еті, жауырын; құрдас табаққа – тоқпан жілік, омыртқа, сүбе қабырға, құйрық; қыз табаққа – құйымшақ, асық жілік, жүрек, беломыртқа, сүбе қабырға; бала табаққа – беломыртқа, қабырға, бүйрек, бақай, асық жілік салынады.
Бұлардың ішіндегі ең сыйлысы және құрметтісі – бас қою. Бас бөлек табаққа салынып әкелінеді. Алайда қазақ сахарасының кеңдігіне орай әр жердің өздеріне тән ерекшеліктері болып жатады. Оны қонаққа бас тартудан байқауға болады. Еліміздің көпшілік жерінде басты тұтастай тартатын болса, оңтүстік өңірінде оны сыңар құлақ етіп әкеледі. Бастың бір құлағын кесіп алып қалу себебін ілгерідегі көнекөз қариялар былай деп айтып отырушы еді. Ертеде бір көреген де әулие кісі болса керек. Ол жолаушылап келе жатып, жолда кездескен ауылдағы бір үйдің итіне Қыдырдың дарып отырғанын байқап қалады да, ат басын сонда бұрады. Қария кісінің осында бұрылғанын көріп, отағасы алдынан шығып, аттан түсіріп алады. Жай-ғасып, шөл қандырған соң әлгі қария үй иесінен есік алдында жүрген итін беруді өтінеді. (Қазақта итті өзгеге тегін беруге болмайтын дәстүр бар). Әйтсе де әлгі ойынан көп ұзамай айныған қонақ, үй иесінің қой соямын дегеніне қарамастан есік алдында көгендеулі тұрған марқа қозыны сойдырады да, оның етінен өзінен бұрын ешкімнің дәм татпауын тапсырады. Марқа қозының еті де әп-сәтте піседі. Бас салынған табақты алып келе жатқанда сол үйдің жүгіріп жүрген қара домалағы келіп, бастың бір құлағын жұлып алады да асап жібереді. Бағанадан бері жіті бақылап отырған қонақ мына көрініске шыдай алмай: "Бұйырған кетпес, қуған жетпес" деген осы екен-ау, – деп өкінішін жасыра алмай отырып қалған екен. Еш нәрсеге түсіне алмай дал болған үй иесі жұмбақ қариядан мұның сырын сұрағанда, былай деп жауап берген екен: – Жолаушылай жүріп ауылыңның тұсынан өтіп бара жатқанымда үйіңе Қыдырдың нұры дарып тұрғанын байқап қалдым. Сол нұрды өзіме дарытып ала кеткелі үйіңе бұрылған сәтімде нұр ұшып барып итіңнің басына қонды. Сондықтан итіңді сатып алуға көңілім ауды. Әйтсе де нұр онда да тұрақтамай, көгендегі қозыға барып қонды. Қонақасыма деп марқаны сойғызғаным сондықтан. Марқа етінен кім бірінші ауыз тисе, нұр соған дарымақ. Оны әлгінде өздерің көрдіңдер. Балаңа Қыдырдың нұры дарыды. Ылайым, маңдайы ашық-жарқын болсын, әумин! – деп батасын беріпті. Бұл аңыз-әпсананың қаншалықты өтірік-растығы бір Тәңірге аян. Әйтеуір оңтүстік өңірдегілердің қонаққа бас тартқанда бастың бір құлағын кесіп алып қалу ырымы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқаны шындық. Бірде мынадай жайдың да куәсі болғаным бар. Ауылдағы ағайын-жекжаттардың біріне сау етіп төрт-бес қонақ келе қалды. Әне-міне дегенше ас дайын болып, табақ тартылды. Қонақтардың алдынан құнан қойдың басы да ұсынылды. "Ұрыста тұрыс жоқ" демекші, біріміз бас ұстап, біріміз ет турауға кірісіп кеткенбіз. Көп ұзамай-ақ төрде отырған төрт-бес адамның алдынан қырып алуға қырым ет қалмаған бас сүйегі дастарқаннан ысырылып, шеттеліп бара жатты. Сөйткенше болмай әлгі үйдің тентегі ақсиған сүйектен шошынғандай шар ете қалып, "құлағым қайда?" деп қиғылықты салмасы бар емес пе? Қара домалақ тентектік жасаса да, салт-дәстүрді, жөн-жосықты білмейтін, қонақпын деп қоқиғандардың санасын оятып, назарын пәс еткен-ді. Қазақта басты ұстаған кісі ең алдымен өзі ауыз тиіп, отырғандарға әр мүшені атап-атап таратып беруші еді-ау. Шешен тілмен тақпақтата жөнелгенде көңіліміз бір марқайып қалатын-ды. Осының өзі бір жағынан шешендікке баулитын мектеп болса, екінші жағынан әдепті де арлы, үлкен, кішіні сыйлай білетін азамат тәрбиелеудің бір өнегесі екен ғой. Шыны сол, бас ұстаудың өзі өнер екенін, оның келешек жастарды баулуда тамаша бір тәрбие құралы болатынын ұмыт қалдыра беретініміз өкінішті-ақ. Үлкендердің "балаға бас ұстауға болмайды" деп тыйым салуының түп-төркінінде бас ұстаған абзал қариялардың әлгіндегідей ғибратты сөздерін тыңдап, үлгі алсын, жаны байысын деген ізгі ниеті жатқандығын біле де бермейміз-ау. Халқымызда "Қаз тойғанына емес, орғанына семіреді" деген де сөз бар. Сол айтпақшы, бас ұстап, ауыз қимылдатып, қарынымыздың қампиғанына мәз болмай, өткенге ой жіберіп, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық дәстүрімізді байыта түссек, нұр үстіне нұр болар еді. Келешек алдында да жүзіміздің жарқын болмағы осындайдан.
Кенжеғали СЕРІКБАЙҰЛЫ.