Жыршы – термешілер байқауы

Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған “Бес ғасыр жырлайды” атты термешілер байқауы өтті.
Аталмыш мерекелік іс-шара басталмас бұрын ауыл, ауылдық округтердің клуб меңгерушілері екі топқа бөлініп, өткен ғасырдағы батырлар мен би-шешендерді бейнелеп, тағылымы мол мазмұны бар шағын қойылымды көпшіліктің назарына ұсынды. Ал аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы кітап көрмесін ұйымдастырды.

IMG_1019

Жыршы-термешілер байқауын тағатсыздана күткен көрермендер мәдениет үйіне лық толды. Торғай мұражайлар кешенін директоры Гулбану Сәрсекеева алтын әріптермен жазылған тарих беттерін парақтап, кіріспе сөз сөйледі.
Сахна төріне шыққан үміткерлер жалпақ жұртқа танымал кәнігі термешілер. Облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы, халық ақыны Н.Ахметбековтың поэма-дастандарын насихаттаушы, Қуаныш Қазымбеков  “Торғай өңірі өнерге бай тарихи өлке. Алғаш өнер жолымды осы киелі сахнадан бастадым. Қанатымды қатайтып, биікке құлаш сермеуіме себепкер болған қасиетті жерге қарыздармын. Сондықтан Арқалық қаласынан келіп тұрып, Нұрхан атамның шығармаларын жырға қоспасам перзенттік атыма сын келер”, – деп  “Қарға” дастанын орындады. Уақыт еншісіне бағынып, жүйелеп қысқартып шырқағанмен көпшіліктің сұрауы бойынша қайта толықтырды.

IMG_1048

 
Көршілес Амангелді ауданынан келген Мұнтай Өтепбайұлы өнер жанашыры. А.Құнанбаевтың қара сөздері мен өлеңдерін жатқа айтып, кейінгі жас ұрпаққа кеңінен насихаттап жүр. Бұл жолы А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың, И.Байзақовтың және Ф.Ишанның өлеңдерін термелеп шырқады. Нәтижесінде өнер сүйер қауымның шексіз ілтипатына бөленді.
Ал, тарихтың түп тамырына қан жүгіртіп, шежірені жіпше тарқатып жүрген өлке танушы Сапар Бердіғожин батырлар мен ақындардың жыр-дастандарынан үзінді келтіріп оқыды. Шеген ауылынан келген Отарбай Қабиев жерлес ақын С.Әбілхасеннің “Шеген” атты поэмасын нақышына келтіріп орындап, зор қошаметтің егесі атанды. Көнеден қалған өнердің тағы бір түрі ол “Жұмбақ” айтыс. Үлгілі өнерді санамызға сіңіріп жүрген  Айтжановтар отбасының отағасы мен отанасы Әбдір әкеміз бен Сақыпжамал әжеміз осы дәстүрді қайта жаңғыртты. Көрермендердің де көңілдері бір серпіліп қалды.

IMG_1034

Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дастан Әбжамалов пен мәдениет үйінің директоры Гүлзат Хамзина киелі сахнада бар өнерлерін ортаға салып, есте қаларлықтай кештің шырайын келтірген жыр – термешілерге алғыстарын білдіріп, алғыс хаттармен марапаттап, ақшалай сыйлықтар табыс етті.
                                                              
  Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
                                                                     Жанкелдин ауданы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓